Ақпараттық портал

Әулиеата аспанын әнге бөледі

25 қазан – Республика күніне орай Тараз қаласында өңірлік жастар ресурстық орталықтарының күндері өткізілді. Осыған орай Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының ұйытқы болуымен «Қазақстаным» атты мерекелік шаралар мен сазды бағдарлама ұйымдастырылды.

Облыс орталығындағы Жастар аллеясында өткізілген шарада жас шеберлер мен суретшілердің, оқушылар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ қала жастарына ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, бауырсақ таратылды. Кештің қонақтарына көрмені таныстырған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева шулық жастардың тыныс-тіршілігін баяндап отырды.
Шара шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жастарға мерекеге орай ізгі лебізін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Мұнан кейін Шу ауданының өнерпаздары Әділбол Мұратбек, Талғат Алтыбаев, БМ тобы мен Дәурен Алтынбеков, Ғалымжан Сейталы, Назерке Бодаубек, Роман Грибенюк әннен шашу шашып, Әулиеата аспанын думанға бөледі.
Сол секілді жас суретшілерді саф өнерге баулып жүрген Еркебұлан Нұржау да өз шәкірттерімен бірге шараның шырайлы өтуіне атсалысты. Қылқалам шеберлері өз өнерлерін ортаға салып, Тараз ауасымен шабыттанып, жаңа туындыларды паш етті.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар қала жастары арасында ләңгі тебуден және қол күресінен сайыс өткізіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды табыс етті. Одан бөлек, жасырылған жұмбақтарды дәл тапқан жастар да сыйлықтарға ие болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.