Ақпараттық портал

Ұлттық рух асқақтаған күн

Бір жылдан бір жылға ауысқанда дәл сағаттың тілі сияқты қайталанып келетін мерекелерімізді, соның ішінде мемлекеттік және ұлттық мерекелерді атап өтудің мәніне тоқталайықшы. Көзіміздің ағы мен қарашығындай болған 25 қазан – Республика күні мен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Бұл қос дата тарих қойнауында қалған қырғи-қабақ соғыс, дүрбелең мен нәубет, саяси қуғын-сүргін жылдарын, елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен қайраткерлерімізді ойға алатын, елеп-ескеретін ерек күн.

Бұл күндері еліміздің ертеңі саналатын ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеп, бойына отаншылдық қасиетін дарытып, мемлекетіміздің патриоты етіп қалыптастыруға көп күш жұмсауымыз қажет. Соның дәлелі болса керек, мерекелер тізімінде өзінің орнын қайта ойып тұрып алған Республика күні биыл екінші рет аталып өтіліп, жер-жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Сондай рухыңды биіктетер іс-шаралар легі біздің ауданымызда да мереке қарсаңында көрініс тапты.
Атап айтар болсақ, Республика күні қарсаңында аудандық Балалар-жасөспірімдер орталығы мен Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің ұстаздары бірлесе “Ұланымын ұлы елдің” атты аудандық форум өткізді. Аудан мектептерінің аға тәлімгерлері қатысқан шарада “Жас ұлан” ұйымына Т.Рысқұлов орта мектебінің оқушылары қабылданып, ұлтшылдық ұғымын саналарына ұялатты. Сергіту сәтінде әр мектептен келген аға тәлімгерлердің көңілдері бір серпіліп, концерттік бағдарлама барысында патриоттық рухтағы өлеңдер шырқалып, ерекше жігер сыйлады.
Бұған қоса Мұхтар Әуезов мектебінде тәрбие бағытындағы сынып сағаттары өткізілді. 23 қазан күні мектеп ұстаздары мен барлық оқушылар Қазақстан Республикасының әнұранын шырқады. Əнұранымызға Əбділда Тəжібаев атамыз «Мемлекеттің сөзбен тоқылған туы» деген теңеу берген екен. Əнұран адамға зор рухани əсер ететін күш. Мектеп оқушылары жүрек тұсына қолын қойып әнұранды шырқағанда ерекше күйге бөленді. Сынып сағаттарында да оқушылар ту мен елтаңбаның суретін салып, әнұранды тағы да бір мәрте шырқады. Біз Тәуелсіздік тәбәрігін де, азаттық рухын да, ел дамуының екпінін де, биік меже, асқақ армандарымыздың өлшемін де осы үш киеміз арқылы танимыз, әрі танытамыз. Көк Туымыз – рухтың байрағы, Елтаңбамыз – елдіктің нышаны, Әнұранымыз – еркіндіктің асқақ үні! Сондықтан да ұрпақ сабақтастығында осы құндылықтарымызды ұлықтауға күш жұмсасақ, ұтарымыз көп.
Дәл осы күні Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте “Табысты түлекпен кездесу” шарасы да Республика күніне арналды. Аталған мектепті 2006 жылы бітірген Мақсат Мәткерімовпен өткен кездесудің тағылымы мол болды. Мақсат Бименұлы қазіргі таңда Шу аудандық орталық ауруханасының “Консультативті-диагностикалық емханасының” меңгерушісі. Мектеп түлегі Мақсат Бименұлы Республика күні мерекесімен құттықтап,білім алушылармен сұхбаттасып, жақсы мамандық иесі болуға ақыл-кеңестерімен бөлісті. Тәуелсіз елдің табысты ұрпағы болу үшін осындай шаралардың берері мол.
Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.