Ақпараттық портал

Жүректерді жібіткен “Жан жылуы”

Соңғы жылдары түрлі қайырымдылық ұйымдары құрылып, ел арасынан жүрегі кең, жомарт азаматтар суырылып шығып, жоқ-жітіктің мұқтажын ескеріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-домына үлкен көлемдегі қаражат жинап, сауабы мол іске мұрындық болуда.
Мемлекет тарапынан да ерекше жандарға ерекше қамқорлық жасалып, олардың мүдделері заңдық тұрғыда қорғалып, қамқорлыққа алынып, түрлі әлеуметтік көмектерге қолжетімділігі жыл сайын артуда. Экологиялық факторлардың әсері ме, көз көріп, құлақ естімеген, тіпті қара түгіл, ханның өзін шарасыз күйге түсіретін түрлі дерттердің көбеюі біздің елді ғана емес, әлем елдерін де алаңдатуда. Тағдырдың тауқыметіне ұшыраса да өмірге әкелген перзентін шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, өбектейтін ата-ана қашан да сый-құрметке лайық, оларға басымызды иіп, тағзым етсек те аз. Кейде сол жандар қанша мойымайын десе де көңілі құлазып, тарыдай мейірімге зәру болады. Соны ескерген еліміз ерекше жандар мен оларды тәрбиелеп отырған жандарды қанатының астына алып, көңіл бөлуді дәстүрге айналдырған. Оған дәлел, аудандық мәдениет үйінде өткен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Жан жылуы” қайырымдылық концерті. Іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, қайырымдылық ұйымдарының басшылары, меценаттар, мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
-Өздеріңіз білетіндей, қазан айының әр екінші жексенбісінде елімізде «Мүмкіндігі шектеулі жандар күні» атап өтіледі. Сондықтан азаматтардың осы тобын әлеуметтік қолдау мақсатында “Жан жылуы” қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Әлемдік тарихта қоғам өмірінің түрлі салаларына елеулі үлес қосқан мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Мұндай адамдар біздің ауданда да бар. Дәл осындай адамдардың талпынысына қарап біздер де бір орында тоқтап қалуды жөн көрмейміз. Мемлекет тарапынан мүгедек адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін түрлі шаралар қолға алынуда әрі әрбір азаматқа ерекше назар аударылуда. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барлық жағынан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Сонымен қатар, ауданымыздың барлық азаматтарын осындай қайырымдылық шараларға белсене қатысуға шақырамын,-деді аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі басталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуде демеушілік көрсеткені үшін бірқатар азаматтар “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерімен, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жүректерге мейірімділік ұялатқан кеште ерекше балалар республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып жүрген аудандағы би топтарымен би билеп, әннен шашу шашты. Тебіреніске толы концерттік бағдарламадан мәдениет үйінің өнерпаздары да шет қалмады. Кеш соңында ерекше балаларға түрлі сыйлықтар тарту етіліп, келген қонақтар мәдениет үйінің фойесінде орналасқан көрмеден мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан қолөнер туындыларын сатып алып, қайырымдылыққа үлес қосты.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.