Ақпараттық портал

Билер де белсенділік танытты

Қай заманда болмасын мемлекет басқарушысы мейлі ол қылышынан қан тамған қатыгез болса да, оның пәрменін, жарғысын халық өзара талқыға салған, бір-бірлеріне өз ойларын айтып, пікірлерін жеткізген. Мұндай сәтте кейбір батыл да беделді азаматтар қандай да бір мәселелерге өздерінің келіспеушілігі болса, оны ашық айтып, билеушіні сынға да алған. Бұл үрдіс қазақ халқында, қазақ хандықтарында кең ауқымда тараған. Жалпы, қазақ жұртшылығында дала демократиясы жақсы дамыған.

Қазіргі біздің өркениетті заманымызда бұқара халыққа көп еркіндік, соның ішінде сөз бостандығы берілгені белгілі. Бұл – көпшіліктің пікірімен санасу, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын негізге алу болып табылады.
Жуырда ауданымыздағы Билер алқасы ұжымы өздерінің кезекті отырысын өткізіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын талқылады.
Алқа төрағасы Жұмаділда Байтерек Жолдаудың мәтінімен алқа мүшелерінің барлығы таныс екендігін, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып-біліп жатқандығын айта келіп, бірден талқылауға көшті. Сонымен қатар, Жолдауда саяси-экономикалық, өндірістік, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ғылым мен білім саласы, әскери құрылым тағы басқа салалар бойынша қалыптасқан жағдайлар мен мәселелер түгел қамтылғанын айтып, сөз алушыларға нақты ой-пікірлерін ортаға салу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Жиын барысында алқа мүшесі Т.Омбаев қазақстандық фермерлердің ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік рынокқа шығару мүмкіндігі туындап отырғаны, оған мемлекеттік жеңілдікпен несие берілетіні, машина-тракторлар паркінің жаңартылатыны жайында өз ойын мәлімдеп, тың бастамаларға ризашылығын білдірді. Сол секілді заңгер М.Асылбаев тау-кен өндірісі, мұнай өнімдерін өндіру, оған жаңа технологияларды енгізіп, өнімділігі мен сапасын арттыру жайында айтылған жаңашылдықтарға қатысты өз ойын ортаға салды. Алқа мүшесі М.Балықбаев әлемдік деңгейдегі геосаяси ахуалдың шатқаяқтап тұрғаны су және энергия мәселелеріне кері әсерін тигізіп отырғанын, Президент Жолдауында бұл мәселе де айтылғандығын, осыған орай қордаланған қиындықтардан шығу жолы бағытында үкіметке тікелей тапсырмалар берілсе, бұл жалпы халық үшін маңызды мәселенің шешімін тапқаны болатынын айтып өтті. Ал, атом электр станциясын салу бүкіл халықтық референдуммен ғана шешілетін мәселе екенін ескертуі Президенттің қандай жағдайда да халықтың пікірімен санасатынын көрсеткендігін жиынға қатысушылар жоғары бағалады.
Сөз алушылардың ой-пікірлерінен кейін де Жолдауда көрсетілген көптеген өзекті мәселелер алқа мүшелері арасында қызу талқыланды.
Отырыс төрағасы Ж.Байтерек билер алқасының Жолдаудағы тақырыптан ауытқымай, нақты тұжырымдарын айтып, белсенділік көрсеткендеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиын соңында билер алқасының мүшелері Мемлекет басшысының Отанымыздың қуатты ел болып, түбегейлі қалыптасуына арналған жаңа Жолдауын толық қолдайтындықтарын білдірді.
Мейрамбек Асылбаев,
аудандық билер алқасының заңгері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.