Халық қазынасын ортайтпауға қам қылған
Азаттық таңы атқалы бұқараға жолданатын Жолдаудың барлығында дерлік елдің әл-ауқатын көтеру басты басымдық ретінде көрсетіліп, мемлекетіміз соған сай жаңа реформалар түзіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте “Бюджеттің кірісін арттыру керек” деген нақты тапсырма беріліп, яғни кірістер органдарына үлкен міндет жүктелінеді. Мемлекеттің көркейіп, әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуі, білім беру, денсаулық сақтау, тәртіп пен өзара береке-бірліктің ұштасуы, қоғамдағы адамдардың өмір сүру ахуалының жоғарылауы, ұлттық стандартқа жету – мұның бәрі салық түсімдеріне байланысты. Дәлірек айтсақ, салық төлеушілердің жауапкершілігі мен міндетін дұрыс орындауы-маңызды. Сондықтан болар, әлемдегі барлық елде салық жүйесі негізгі салалардың бірі болып саналады. Мемлекеттік кірістер басқармасы да Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылымдардың алғашқылары қатарында. Сіз бен біздің төлеген салығымыз арқылы өзімізге жағдай жасалады. Осыған орай, жыл сайын 9 айдың қорытындысын шығарып, нәтижелі жұмыс жүргізіп жүрген Шу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Серікбаев Алтайбек Есіркепұлымен кездесіп, ауданымыздағы салық саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталған едік.
– Алтайбек Есіркепұлы, біздің ауданның салық түсімі ойдағыдай орындалып жатыр ма ?
– Иә, ауданымыз үлкен, халық саны көп болған сайын жұмысымыз күрделене түседі. Десек те, биылғы бюджеттік түсім жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Жергілікті бюджеттің 9 айға бекітілген болжам сомасы 5489,8 млн теңге, ал 9 айдың қорытындысы бойынша нақты түскені 6275,4 млн теңге, орындалуы 114,3 пайыз. Түсім сомасы 785,5 млн теңгеге артық орындалып, яғни 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1413,8 млн теңгеге артық, өсу қарқыны 129,1 пайыз. Оның ішінде:
– облыстық бюджеттің болжам сомасы 2272,7 млн теңге, 9 айдың қорытындысы бойынша нақты түскені 2548,7 млн теңге, орындалуы 112,1 пайыз. Түсім 276,0 млн теңгеге артық. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда789,8 млн теңгеге артық, өсу қарқыны 144,9 пайыз.
– аудандық бюджеттің болжам сомасы 3217,1 млн теңге, 29.09.2023 жыл жағдайына нақты түскені 3726,7 млн теңге, орындалуы 115,8 пайыз. Түсім 509,6 млн теңгеге артық. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 624,0 млн теңгеге артық, өсу қарқыны 120,1 пайыз.
– Мемлекеттік кірістер органындағы цифрландыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қазіргі уақытта жер, мүлік, көлік салықтарын төлеу үшін салық органдарына барудың еш қажеті жоқ. Себебі қазіргі таңда «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын телефоныңызға жүктеп алып, үйде отырып-ақ салықтарды есептеп, төлей аласыздар. Ол үшін «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын «App Store» немесе «Play Market»-тен жүктеп, тіркеледі. Аталған мобильді қосымшадағы көрсетілетін қызметтерге тоқтала кетсем, қосымшаның негізгі мәзірінде бірқатар электрондық қызметтер бар. «Электрондық салық әмияны» мұнда жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер аталмыш қосымшасының «Салық әмияны» қызметін пайдаланып, салық міндеттемелерін автоматты түрде көруге мүмкіндігі бар. Әмиянды кез келген банктің картасы арқылы деректемелерді көрсетпей-ақ толтыруға болады. Сонымен қатар, қосымшада артық төлемді басқару сервисі іске қосылды. Яғни, бұл сервис бір салықтан артық төлемді басқа салықтарға аудару немесе банк шотына қайтарып алу арқылы жүзеге асырылады. Қаражат банктік шотқа 5 жұмыс күнінде қайтарылады.«Жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлердің алдағы төлемдер сервисі» бұл азаматтарға оны төлеу мерзімі басталғанға дейін алдағы салық сомасын білуге мүмкіндік береді. Бұрын салық төлеушіге банкке бару, кезекте тұру, банк комиссиясын төлеу, салықты төлеу үшін көптеген деректемелер мен кодтарды таңдау қажет болатын. «Калькулятор» мәзірінде көлікке салынатын салықты және ЖТС, өсімпұлды есептеуге болады. Сондай-ақ «Е-SalykAzamat» қосымшасы арқылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00, 270.00 есептілік нысаны) ұсыну бойынша сервис іске асырылды, яғни декларация тапсыруға міндеттелген азаматтар осы қосымша арқылы мемлекеттік кірістер органына келмей, декларациясын табыс ету мүмкіндігі қарастырылған.
– Өткен жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заң қабылданды. Осы туралы не айтасыз?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы» туралы заң 2022 жылдың желтоқсан айында қабылданды. Аталған заңның қабылдануына негізі еліміздің әлеуметтік жағдайының нашарлауы, азаматтардың банктер алдындағы берешек сомаларының көбеюі, тұрмыстық әл- ауқатының төмендеуіне әсер етіп отыр. Жалпы аталған заңның мақсаты – азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлем жасауға ынталандыру. Халықаралық тәжирибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрі енгізілді: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған Заң ресми жарияланғаннан кейін 2023 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды жеке тұлғалардың назарына жеткізу үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 11 семинар-кеңес өткізілді және «fasebook» жүйесі арқылы 19 мақала жарияланды. Нәтижесінде, 2023 жылдың 9 айына жеке тұлғалардан банкрот деп тану үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы 429 өтініш қабылданды. Қабылданған өтініштер қаралып, 95 өтініш мақұлданды, 334 өтініш Заң шарттарына сай келмеуіне байланысты қанағаттандырудан бас тартылды. Аудан көлемінде тіркелген салық төлеушілердің салық міндеттемелерін толық орындамау мақсатында өзара жасалған келісімшарт мәмілелерін жарамсыз деп тану үшін 2 (екі) салық төлеушіге қатысты қосымша құн салығы бойынша 43,1 млн теңгеге Жамбыл облыстық экономикалық мамандандырылған сотына талап-арыз жолданып, аталған талап-арыз толығымен қанағаттандырылды.
– Ауданда көлеңкелі экономикамен күрес бағытында нақты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Көлеңкелі экономиканың басым бөлігін бейресми жолмен өндірілетін тауарлар мен заңсыз көрсетілетін қызметтер құрайды, ал қалған бөлігі «жасырын» қызметтерге тиесілі. Атап айтқанда, тіркелместен сауда қызметімен айналысатындар, такси қызметі, мүлікті жалға беру, алкоголь өнімдерін заңсыз сатумен айналысатындар тағы да басқа түрлері құрайды.Көлеңкелі экономикамен күрес бағытында басқарма тарапынан жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. Атап айтқанда, 2023 жылдың 9 айына мемлекеттік кірістер басқармасымен тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысқаны бойынша және алкоголь өнімдеріне тиісті рұқсат қағазсыз (лицензия) сатқаны туралы жоспардан тыс тақырыптық тексеру тағайындалған болатын. Тексеріс нәтижесінде, ҚР ӘқБТ кодексінің 463 бабының, 1-2, 463-2, 5-тармағына және 283-1 бабына сәйкес 12 салық төлеушіге хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін Шу аудандық сотына жолданған. Нәтижесінде, салық төлеушіге 1,2 млн теңге айыппұл салынып, алкоголь өнімдерінің жалпы саны 6699 дана, көлемі 3467,39 литр тәркілеуге шешім шықты. Сонымен қатар заңсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысқаны және салық органына тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін 5 салық төлеушілерге хаттама толтырылып, Шу аудандық сотына қарау үшін жолданған. Нәтижесінде 0,1 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке толығымен өндірілді.
– Биылғы аудандық кірістер басқармасының жоспары қандай? Қандай жаңалықтар күтілуде?
– Аудандық кірістер басқармасының 2023 жылға бекітілген негізгі жоспарлары салық төлеушілерге Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалық көрсеткіштерін көбейту. Республикалық және жергілікті бюджет бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрлерінің 2023 жылға бекітілген болжамын толығымен орындалуын қамтамасыз ету және өткен жылмен салыстырғанда түсім қарқынын арттыру. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кірісін толықтыруда қосымша кіріс көздерін іздестіру. Осы мақсатта басқарма тарапынан салық төлеушілерге бекітілген міндеттемелерін толық және сапалы, белгіленген мерзімінде орындалуына бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.