Жерлестеріміз жүлдегер атанды
Осы айдың басында Шымкент қаласында бокстан қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлын еске алуға арналған VI халықаралық турнирі өткен болатын. Аталған турнирге Өзбекстан Республикасынан, Қырғыз елінен және Атырау, Ақтау, Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Шу қалаларынан барлығы 250-ден астам боксшы қатысты.
Кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтаған аламанда жерлесіміз, білікті бокс бапкері Уәлихан Көшербаевтың шәкірттері де жүлделі орындарға ілінді. Атап айтқанда, Ерасыл Досжан атты жас боксшы I орынға ие болса, Алинұр Бешлыоғлы, Мирас Сансызбай мен Бағдәулет Темірәлілер II орын тұғырынан көрінді. Сол секілді ағайынды Нұрдәулет және Мейіржан Кербезхан, Айбол мен Айбар Жомарттар III орынды еншілеген.
Тартысты турнир нәтижесінде Досжан Ерасыл жарыстың үздік боксшысы атанды. Себебі, ол барлық жекпе-жекте қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп отырған.
-Бұл жарыс биыл Данияр Байбатырұлының ұйымдастыруымен 6-шы мәрте өткізіліп отыр. Мұндай турнирлер шәкірттеріміздің шеберліктерін шыңдап, тәжірибесін толыстырады. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Шымкент қалалық Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығына өз алғысымды білдіремін,-дейді жаттықтырушы Уәлихан Құрманәліұлы.
Байжан Емберді.