Ақпараттық портал

«Еңбек Ері» атануға бір адым жер қалғанда…

Әр адамның өмірде, қоғамда өз орны бар. Сол жолда адамдар заманның ауыр жүгін арқалап, уақыт артқан міндеттерін абыроймен орындап, азаматтық, қайраткерлік, адамгершілік қасиетке ие болып, сый–құрметке бөленеді. Солардың бірі – Әбжан Қамшыбаев еді.
Қамшыбаев Әбжан Шағырұлы 1941 жылы 10 наурызда Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты «Қарауыл-төбе» колхозында дүниеге келген. Әкесі Қамшыбаев Шағыр малшы, шешесі Қамшыбаева Бопаш үй шаруасындағы әйел.
Ол Ленин атындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң оқуын әрі қарай жалғастырмай, тауда мал бағып жүрген әкесіне көмекші болып, мал бақты. Жамбыл колхозының бұрынғы бастығы Жұрынбаев Асанбек ағамыздың орнына ақыртөбелік, руы Жаңабай Сәмбет Омаров Қожамберді деген азамат бастық болып сайланды. Жаңа бастық жаңалыққа жаны құмар, жаңашылдығымен қатар жанашыр, сөйлесе сөздің шешені, өте ақылды, білімді басшы еді. Жаңа басшы таудағы мал шаруашылығын аралап жүріп, әкесіне көмекші болып жүрген Әбжанды байқап қалып, осы бала жақсы малшы болады деп Мойынқұм ауданы, Көктерек ауылында жаңадан ашылған біржылдық шопандар дайындайтын училищеге оқуға жібереді. Сол жақтан мал бағудың қыр-сырын оқып үйреніп, қолдан ұрықтандыру тәсілін қоса меңгерген Әбжан шопан қойды қолмен ұрықтандыру маманы деген куәлікті алып, әкесінің құтты таяғына ие болып, қойшы атанған еді.
Алғашқы бесжылдықтың қорытындысы бойынша мал басын аман сақтап, әр жүз саулықтан 125-тен қозы, әр қойдан 3 келіден жүн алған еді. Үздік жетістіктері үшін аудан бойынша малшылардың бас қосқан жиынында Әбжанға кілем сыйлап, бір ат бәйгеге берген болатын. Осындай жоғарғы марапатқа ие болған, еңбек жолын жаңадан бастаған жас қойшы Әбжан жігерленіп, алға ұмтыла түскені анық еді.
«Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп ата-бабамыз тегін айтпаған шығар. Осы аталы сөзді дұрыс түсінген Әбжан қой бағуды әрі қарай жалғастыра берді және алдына мақсат қойып, атақты шопан болуды армандаған болатын. 40 жылдан аса қой бағу оңай емес. Еңбек жолында қиыншылықтар, ауыртпашылықтар болды, соның бәрін өзінің ақыл-ойымен, азаматтық арымен, еңбекқорлығымен жеңіп шығып отырды.
Еңбексүйгіштігі – адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі. Олай болса, Әбжан Шағырұлы өз дәуіріндегі нағыз еңбекқор, майталман малшы екендігіне дау жоқ. Оған дәлел де, негіз де бар. Әбжанның төл мен жүн алудағы көрсеткіштері әр бесжылдықтың қорытындысы бойынша жоғарылай берді. Әр жүз саулықтан 150-ден қозы, әр қойдан 5 келіден жүн алып, жоспардағы қабылданған міндеттемелерді асыра орындағаны үшін Әбжан омырауына 3-ші және 2-ші дәрежелі «Еңбек», «Даңқ» ордені, 1 алтын, 2 күміс медалімен бірге «Еңбек ардагері» медалін қоса таққан еді.
Республикалық социалистік жарыстарда жеткен табыстары мен 1982-1983 жылдардағы қысқы кезеңде мал басын аман сақтап, жоспарлы міндеттемелерді орындауда ерен ерлігін көрсеткені үшін Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазақ ССР Ауылшаруашылық министрлігі және кәсіподақ комитеті Президиумының 1984 жылы республикалық социалистік жарыста қой санын көбейтуде жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазақ ССР мемлекеттік аграрлық-өнеркәсіптік комитетінің 1986-1987 жылғы қысқы маусымда мал қыстатуды ойдағыдай аяқтап, мал шаруашылық өнімдерін өндіру мен дайындауды арттырғаны үшін Құрмет дипломымен марапатталған болатын.
Зейнеткерлікке шыққан соң, яғни 15 жылдан кейін Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде мал шаруашылығын жетілдіруде сіңірген қомақты еңбегі ескеріліп, Қамшыбаев Әбжан Шағырұлына Жамбыл облысы «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мұның барлығы еңбегінің әділ бағасы деп білеміз.
Әбжан бар саналы ғұмырын қой бағуға, адал еңбекке арнаған еді. Иен даланы қайткенде жас төлдерге толтырамын, қоғам малының санын көбейтемін деп қыс қарының қалың түсуіне, қыстың сарышұнақ аязы мен тентек боранына, шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамай еңбектенгенін, І дәрежелі «Еңбек», «Даңқ» орденін алсам, «Еңбек Ері» атансам деп аянбай тер төккенін көзкөргендер біледі. Алайда, Әбжанның арынды арманы орындалмай қалды. Өйткені, Кеңес өкіметі тарап кетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген мақаласында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың еңбек еткен жолдарын саралап, анықтап, жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек деп қадап айтты емес пе?!
Бүгінде Әбжан бауырымыз арамызда жоқ. Елге еңбегі сіңген озат шопанның есімі елеусіз қалып кете ме деп қам қылған ауыл қариялары, қойды бірге баққан әріптестері, сол кезде жас болса да мал маманы болып және тікелей басшылық қызметте болған азаматтардың талап-тілектері бойынша барлығы 16 адам қол қойып, бірауыздан ауылдағы көшелердің біріне Әбжанның есімі берілгені жөн деп санайды. Сонда бүгінгі нұрлы болашақ үшін аянбай тер төккен асыл бауырымыздың рухына зор құрмет болар еді. Бұл бастаманы ауыл әкімі де қолдауда.
Құрметті, аудан басшылары және аудан әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссия мүшелері!
Шу ауданы бойынша әр қойшының жалпы табыс жиынтығын есептегенде Әбжан жеткен дәрежеге ешкім жеткен жоқ. Әбжан соғысқа барып батыр болмаса да, романдар жазып жазушы болмаса да, дала төсінде еңбектің қазанында қайнап, нағыз батыр бола білді. Сондықтан өзінің туған ауылындағы көшелердің бірін Қамшыбаев Әбжан Шағырұлының есімімен атауға ықпал етулеріңізді сұраймыз және оның ерлік істерін жас ұрпаққа өнеге ету – бәріміздің кісілік, азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық!

Көктөбе ауылы тұрғындарының атынан
Ыбырай Босқынбаев,
зейнеткер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.