Ақпараттық портал

Туляремияның алдын алу шаралы

Туляремия – уланумен, қызбамен сипатталатын және қоздырғыштың берілу механизміне қарай лимфа бездерінің, тыныс алу жолдарының, ас қорыту жолдарының, терінің және басқа да органдар мен жүйелердің зақымдалуымен сипатталатын бактериялы табиғи-ошақты зоонозды жұқпалы ауру.
Инфекция көзі – жабайы кеміргіштер, құстар, кейбір сүтқоректілер (қоян тәрізді, иттер, қойлар және т. б.), тасымалдаушылар – иксод кенелері, масалар, шыбындар болып табылады.
Індет ауру адамнан берілмейді. Адамға індет ауру жануарлармен және олардың бөлінген сұйықтықтарымен жанасқанда, залалданған тамақ пен суды пайдалану кезінде, дәнді дақылдарды, жемшөпті өңдеу кезінде, залалданған жерде шаң-тозаң жұту кезінде және маса, кене, шыбын және т.б. жәндіктердің шағуы арқылы жұғады.
Инкубациялық кезеңі бір күннен бір айға дейін болуы мүмкін, бірақ көбінесе 3 күннен 7 күнге дейін болады. Туляремия ауруының барлық түрінде әдетте адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік пайда болып, бұлшық ет, бас ауруымен басталады.
Туляремия ауруын жұқтырудың алдын алу мақсатында келесі алдын алу шаралары мен ережелерді сақтауды ұсынамыз:
1. Кәсіпорындарда, тұрғын үй-жайларда және шаруашылық құрылыстарда, бау-бақша учаскелерінде кеміргіштермен күресу. Кеміргіштер бар үй-жайларды тазалау кезінде тыныс алу органдарын қорғайтын маска немесе респиратор қолдану, өлі кеміргіштерді жинау кезінде қолғап пайдалану.
2. Балық аулау, табиғатта демалу кезінде масалардың, кенелердің шағуына қарсы репелленттерді қолдану. Орманға жидек, саңырауқұлақ жинауға және т.б. жерлерге барғанда өзара үстілерін тексеріп, жабысқан жәндіктер, кенелер болса алып тастап (бірақ езіп тастамай), жою;
3. Ондатрларды, қояндарды бөлшектейтін аңшылар мен олардың отбасы мүшелеріне терінің ашық жерлерін жануарлардың ұшасымен, етпен жанасуын болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын сақтау және оларды бөлшектеп осқанда жеке қорғаныс құралдары – қолғап пайдалану. Аң аулау кезінде теріні алып тастап, аң терісін сыпырғаннан кейін қолды зарарсыздандыру. Оларды жемес бұрын етін мұқият термиялық өңдеу.
Сондай-ақ:
-саяжай учаскелерінде ашық су қоймаларынан немесе абаттандырылмаған құдықтардан су ішпеген;
-кеміргіштердің тұрақты мекендейтің жерлерінде (сабанда) демалмаған;
– жабайы аңдарды аулауға және ұсақ сүтқоректілердің өлекселерін ұстамаған;
-туляремияның табиғи ошағы болуы мүмкін белгісіз аумақта көлшік су айдындарында шомылмаған жөн.
Туляремияны індеттен сенімді қорғайтын профилактикалық егу жасау арқылы алдын алуға болады. Екпе терінің үстіне жасалады, жеңіл өтеді және 5-6 жыл бойы осы індеттен қорғайды. Екпе туляремияның табиғи ошағында тұратын тұрғындар мен жұқтыру қаупі бар арнайы топ арасында жүргізіледі.
Осы ережелерді сақтасаңыз, сіз өзіңізді осы індеттен сақтайсыз!
С.Бекболатова,
Шу аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.