Санақтан сүрінбей, сандарды сөйлеткен
Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде қызығы мен шыжығы мол, аса жауаптылық танытуды қажет ететін ерекше салалар да жоқ емес. Оларға қателесуге әсте болмайды. Себебі, елдің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі болжамы олар дайындаған сандарға тікелей байланысты. Бүгінді бағамдамай, өткенге есеп бермей, болашақты бағдарлай алмайтынымыз анық қой.
Аудан экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының жақсаруына елеулі еңбек сіңіріп отырған статистика саласы мамандарының еңбектері өлшеусіз. Көзге көрінбегенмен тау қопарарлық еңбектің нәтижесі аудан абыройын асырып отыр. «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді»демекші, білікті басшының бағыт-бағдарымен жүрген ұжымның ұйымшылдығының арқасында бір отбасындай болған айтулы сала мамандарының мерейлі мерекесі қарсаңында Шу аудандық статистика басқармасының басшысы Аязова Гүлнар Жамбылбекқызымен сұхбаттасқан едік.
-Гүлнар Жамбылбекқызы, тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан аумағында статистикалық орган 1920 жылдары құрылған екен, соның ішінде Шу ауданында аталған басқарма қай уақытта құрылған және осы салада қызмет атқарғандар жөнінде айтып өтсеңіз.
-Иә, сұрағыңыз өте орынды. Жасыратыны жоқ, сайын дала төсінде төрт түлікті өргізіп, қасиетті шаңырағында аналарымыз түн ұйқысын төрт бөле ұрпақ өрбітіп жатқанда не малының санын, не перзентінің санын нақтылап айтпаған. Тарихқа үңілетін болсақ, Қазақстанда орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы, Қазақстанның Ресей патшалығының құрамына кіруімен тұспа-тұс келеді. Негізінде Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық орган Түркістан губерниялық стат комитеті (құрылған күні 22 қаңтар 1868 жыл ведомствасына қарасты Сырдария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы болып табылады.) Алайда, 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірде бір статистикалық орган болған жоқ. Қазақ АССР үкіметі 1920 жылдың 8 қарашасындағы өз қаулысымен «Қазақ АССР-дағы мемлекеттік статистика туралы қаулыны» бекітіп, Қазақ АССР-ның статистикалық басқармасын құрды.
Шу ауданында ең алғаш статистика бөлімі 1965 жылы ашылып, басқарма қызметіне А.Зыков есімді азамат тағайындалады. Сол жылдардан бері ауданда статистика басқармасы өз жұмысын жүргізіп, жыл сайын қарқынды дамып келеді. Оған әрине осы салада аянбай еңбек етіп, үлес қосқан аға-апайларымыздың үлесі зор. Атап айтсақ, Копылова, Макарова, Б.Бегалиев, А.Сейдалиевтар. Бұған қоса , Шу қалалық санақ бөлімін басқарған С.Аққозиев, Г.Жетпісова, Т.Насонова, Ш.Ақбосыновтарды айтпай өтуге болмас. Десе де, осы саланы 42 жыл басқарып, абыройлы атқа ие болған Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Боран Бегалиұлының шоқтығы биік, еңбегі ерен.
Менің де осы салада қызмет етіп келе жатқаныма аттай 37 жыл болыпты. Ең алғаш еңбек жолымды 1986 жылы Жамбыл облыстық статистика басқармасынан бастадым. Сондықтан да осы саланың кешегісі мен бүгіні, бүгесі мен шігесі маған таңсық емес. Ал, Шу аудандық статистика басқармасына басшы болып 2021 жылдың қыркүйек айында тағайындалдым. Шу ауданының статистика саласында тер төккен аға буынның салмағы мен соқпағы мен үшін бөлек болса, осы саланың қазанында қайнауыма үлес қосқан ұстазым Жамбыл облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мадиевті де ерекше атап өткім келеді. Еңбегімнің мемлекет тарапынан ақталғаны болса керек, Қазақстандағы статистиканың 100 жылдығына орай Ұлттық статистика бюросы “Статистика үздігі” медалін кеудеме тақты.
-Қазіргі таңда сіз басқаратын Шу аудандық статистика басқармасында қанша сала мамандары жұмыс істейді?
-Қазіргі таңда санақтан сүрінбей сандарды сөйлетуге атсалысып жүрген әріптестерім 4 мемлекеттік қызметкер, яғни бас маман Айсұлу Сарсенова, жетекші мамандар Лаззат Абласанова, Зухра Мамбеткулова, Адлет Хусаиновтар, 5 интервьюер Айғаным Сатылғанова, Нұрсұлу Каримбаева, Қаракөз Марқабек, Айжан Наметова, Альфия Омаровалар тапжылмай қызмет етуде. Қол астымдағы қызметкерлерді бөліп-жарғым келмейді, осы тұста кіші қызметкерлер Ельтияр Тажитаев және Жеміскүл Жазыбековаларды да атап өткім келеді. Жергілікті мекемелер, кәсіпорындар мен ұжымдардан жиналатын есептіліктің дәлдігін және жоғары сапалылығын қамтамасыз ету үшін ауданда статистика басқармасының атқаратын жұмысы орасан зор. Басқарма жұмысына рейтингтік бағалау жұмысы да жүргізіліп тұрады. Аллаға шүкір, жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, рейтинг бойынша көш бастап келеміз.
-Әр жыл сайын сандарды сөйлетіп, статистика басқармасының оң қорытындысын шығарып отырасыздар. Биылғы жылдың 9 айының көрсеткіштері қандай?
-Аудандағы барлық заңды мекемелер, кәсіпкерлік құрылымдары, шаруа қожалықтары бізге сандық көрсеткіш өткізеді. Біз оларды жинақтап, ауданның әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін зерделейміз. Осылардың негізінде зерттеу жұмысын жүргізіп, талдап, нақты ақпарат ұсыну – бұл саланың басты міндеті.
Демография саласы бойынша 2023 жылғы 1 қыркүйекке Шу ауданының халық саны 106,3 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 45,4 мың адам (42,7%), ауылдықтар – 60,9 мың адам (57,3%). 2022 жылғы 1 қыркүйекпен салыстырғанда халық саны 0,2 мың адамға немесе 0,2%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығына тоқталсақ. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен шаруа қожалықтары мен жұртшылық шаруашылықтары айналысады. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте төрт түліктің барлық түрлерінің өнімдерін қоса есептегенде 13986,2 тонна ет, 33772,5 тонна сүт, 8740,9 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 309,2 тонна ет, 627,3 тонна сүт, 120,2 мың дана жұмыртқа артық өндірілді. Мал басы өз төлдері есебінен көбейту арқылы мүйізді ірі қара мал саны 60349 басқа, қой 482502 басқа, ешкі 43200 басқа, жылқы 20536 басқа, түйе 111 басқа, үй құстары 101656 басқа жетіп, өткен жылғы есепті мерзімдегімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 138 басқа, қой 56195 басқа, ешкі 45 басқа, жылқы 165 басқа, түйе 18 басқа, үй құстары 101 басқа көбейді.
Өнеркәсіп өндірісі бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнеркәсіп кәсіпорындарымен (шағын кәсіпорындар, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қосқанда) 17788,1 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 2022 жылғы сәйкес кезеңге 100,5%-ды құрады. Аудан бойынша қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі – 48513 млн теңгені, құрылыс жұмыстарының көлемі – 40139,2 млн теңгені, пайдалануға берілген тұрғын үй – 23687 шаршы метрді құрады.
Бөлшек сауданы барласақ. Есепті мерзім ішінде ауданда бөлшек сауданың көлемі 16969 млн теңгені құрап, оның ішінде азық-түлік тауарлары 5297 млн теңгеге, азық-түлік емес тауарлары 11672 млн теңгеге сатылды.
-Егерде статистика ғылымы болмаса, қоғамның әлеуметтік дамуы қалай болар еді деп ойлайсыз?
– Қай салада статистика дұрыс болмаса, сол жерде берекесіздік пайда болады. Статистика қоғамда болып жатқан барлық құбылыстар мен процестерді сандық жағынан сипаттап, олардың құрамын, динамикасын, өзара байланыстарын зерттейтін ғылым саласы ретінде әлеуметтік саланы да қамтиды. Білім, ғылым, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету және тағы басқа әлеуметтік салаларды сипаттайтын статистикалық көрсеткіштер жүйесі әлеуметтік саланың жағдайына талдау жасап, даму бағдарламаларын құруға негіз болады. Мысалы, халықтың саны, құрамы және олардың уақыт бойынша өзгеруі туралы мәселелердің көптеген экономикалық, әлеуметтік, этникалық, саяси және басқа да мәселелерді шешуде маңызы зор. Бұл мәліметтер көптеген сұрақтарға нақты жауап беруге, нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Мәселен, Қазақстанда зейнетақымен қамтамасыз етуде қандай проблемалар туындауы мүмкін? Неге зейнеткерлік жасын өсіру керек немесе таяу екі-үш жылда қандай тұтыну тауарларына сұраныс артуы мүмкін және тапшылық болмас үшін ондай тауар өндірісін қалай жоспарлау керек? Немесе тағы бір 30 жылдан кейін қай салаға қанша маман қажет болуы ықтимал? Демографиялық табиғи өсім қанша болады, соған сай қанша мектеп ашу қажет? Ал мұндай сауалдардың дұрыс жауабын статистикасыз нақты айту мүмкін емес.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.