Ақпараттық портал

Үш жүздің төбе биі

Ұлы жүз ішіндегі Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінің Жайсан жайлауында туған. Қазақтың қоғам қайраткері, шешен, ұлы жүздің бас биі, Қазыбек, Әйтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған Төле би өз заманында қазақ елінің тұтастығы үшін күресті. Төле би халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. Сондай-ақ, Тәуке, Абылай хандардың тұсында ел арасындағы әртүрлі дауларды шешуге атсалысқан бірегей тұлға.
Төле бидің әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт таныған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен. Төле би қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортаға бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатысқан. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан.
Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйытқы болған. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытқан.
Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанған. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салған.
Төле бидің еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтаған. Мұны оның елге танымал «Елге бай құт емес, би құт» деген қанатты сөзі айқын аңғартады.
Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Төле бидің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің «Еліңізге қандай өсиет қалдырасыз?» деген сұрағына: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады» деп жауап берген екен.
Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Сондай-ақ, ол халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған.
Төле би 1756 жылы Шымкент облысы, Леңгір ауданының Ақбұрхан ордасында қайтыс болған. Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырған. Жамбыл облысында Төле би есімімен аталатын елді мекендер бар. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданға Төле би есімі берілген. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында Төле биге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шымкентте және бірқатар елді мекендерде Төле би есімімен аталатын көшелер де көптеп кездеседі.
Үстіміздегі жылы туылғанына 360 жыл толатын ұлы бабамыздың есімін ұлықтап, рухына тағзым ету барша саналы азаматтың ұрпақ алдындағы парызы болып қала бермек.
Дайындаған Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.