Ақпараттық портал

Даңқты бабаның лайықты ұрпағы болуымыз ләзім

Құрметті жерлестер!
Қымбатты шулықтар!
Осы күндерде біздің көрікті Шу жерімізде осыдан жүздеген жылдар бұрын Қазақ хандығының туы көтерілсе, сонымен қатар бүкіл тәуелсіз Қазақстан жұртшылығы халқымыздың ұлы тұлғасы, данышпан, Ұлы жүздің бас биі – Төле би Әлібекұлының туылғанына 360 жыл толу мерейтойын атап өтуде.
Төле би өзін жерімізге көз алартып, осы бағытта соғыс ашқан сыртқы жаулармен күрес барысында өзіндік отты сөздерімен, антқа адалдығымен, көреген саясатымен көрсете білді. Қоғам қайраткері халықтың көкейіндегі батылдық, ерлік сезімдерін оятып, шетелдік қамыттан босануға деген үміттерін арттырып, қазақтарды рухани жігерлендіріп отырды. Сондай-ақ, ол өз заманында рухани көшбасшы және тумысынан сөзге шешен, данышпан бола білді. Артында қалған жас ұрпаққа қазақ жерінің тұтастығы мен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтаудың жолын меңзеп, өнеге қалдырып кетті.
Төле би өзінің қызмет еткен жылдарында Қазыбек және Әйтеке билермен бірлесе отырып, елдің бірлігі мен жердің тұтастығына баса мән берді. Ел тәуелсіздігі, халқымыздың бостандығы мен келісімі жолындағы маңызды істерге зор үлес қосты. Қоғамдық-әлеуметтік шарттарға, тарихи оқиғаларға, ел болашағы мен адам және оның іс-әрекетіне ерекше көңіл бөлді. Танымал би және Тәуке, Абылай хандардың кеңесшісі қазақтардың орталықтандырылған мемелекет құрудағы, халықты біріктірудегі саяси іс-әрекетінде теңдесі жоқ жауынгер ретінде бағаланды. Өзінің даналығын, күш-жігері, ақыл-парасатын, білімі мен үлкен өмірлік тәжірибесін ел игілігіне жұмсады. Ол болашаққа зор сенім арта отырып, қызықты әрі жарқын өмірді бастан кешті.
Біз үшін және өскелең ұрпақ үшін ол тек заң шығарушы ғана емес, өз дәуірінің аңыз адамы. Бәрінен бұрын ел басына күн туғанда қарап қалмайтын, нағыз халықтың қамқоршысы. Ол өз заманының білімді, заңғар тұлғасы.
Біз ұлы заң шығарушы, он сегізінші ғасырдағы қазақ халқының мемлекеттік қайраткері, Қазыбек және Әйтеке билермен бірлескен «Жеті жарғы» заңдар жинағының құрастырушысы – Төле би Әлібекұлының рухына тағзым етеміз.
Қазақ халқының тарихи өмір жолы Төле биді билер институтының ірі әрі жарқын өкілі, сындарлы саясатта беделді тұлға ретінде танытты.
Осыған орай, киелі Шу өңірінің халқын ауданымыздың Жайсан жайлауында туған, өзіміздің даңқты жерлесіміз, салиқалы көшбасшы Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуымен құттықтаймын және баршамызға Төле би бабамыз секілді әділдікті жақтаған, еркіндік пен теңдікті сақтаған азамат болуды нәсіп етсін дегім келеді.
Батыр Жүкембаев,
кәсіпқой боксшы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.