Халқы сенім артқан тау тұлға
Төле би Әлібекұлы – қазақ қоғамының көрнекті саяси қайраткері, белгілі шешен, Тәуке ханның жақын кеңесшісі, «Жеті жарғы» әдет-ғұрып заңдар жинағын құрастырушылардың бірі, Ұлы жүздің аға биі. Артында «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз қалған тарихи тұлға.
Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастаған. Төле би қиын кезеңде өмір сүрген. Аңызға сүйенсек, Жоңғар әскері Ұлы жүздің аумағына кіріп келгенде жергілікті тұрғындар баспаналарын қалдырып, қашып кеткен. Тек Төле би ғана өз үйін тастамады. Әскер қолбасшысы одан «неліктен қашпадың» деп сұрағанда ол киіз үйдің үстінде ұя салған қарлығашты көрсетіп, құстың тыныштығын бұзғысы келмейтінін айтқан. Бұған таң қалған жоңғарлар, бидің өмірін сақтап қалған. Осы сәттен бастап, адамдар оны «Қарлығаш әулие» деп атап кеткен.
Ел аузында Төле би туралы өзге де көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылған нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, билік кесімдер де ел арасында кеңінен тараған. Төле бидің есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргендігінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жетер жеріне жеткізіп айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір-бірінің қадір-қасиетін жете таныған алыптар.
Ұлы бабаның есімін ұлықтау мақсатында ауданымызда да іргелі істер атқарылды. Атап айтар болсақ, 1993 жылы мамыражай мамыр айында аудан орталығынан шыға берістегі, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың қиылысында Төле би бабамызға еңселі ескерткіш ашылды. Атамыздың шыр етіп дүниеге келген киелі топырағы – Жайсан жайлауында 330 жылдық торқалы тойы тойланып, онда үлкен құлпытас орнатылды.
Төле бидің ақыл-парасаты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталып кеткен тарихи кезеңде анық көрінеді. Ол қазақ жерін басқыншылардан азат етуге үлкен күш салады. Елін-жерін қорғауға үндеу тастайды. Қамқорлығын сезген қалың ел бидің соңынан ереді. Халқымыздың бүкіл өткен жолындағы әртүрлі кезеңдерде жыр, мақал-мәтел, аңыз, эпос-жырларын молынан жинаған тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ» – дейді. Төле биді өз кезінде хан да, қара да сыйлаған, ешкім ол кісінің алдын кесіп өтпеген.
Төле би бала кезінен ел ішіндегі жер дауы, жесір дауына араласып, тіпті ұсақ-түйек дау-дамайға кесім салып отырған. Сол замандағы белгілі батырлар мен билердің, тіпті хандардың бірсыпырасына ақылшы болып, жөн сілтеп отырған.
Төле бидің есімі исі қазақ арасында аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың бел ортасында жүргенінің айғағы. Қалай дегенде де, бүгінде дүниежүзін мойындатқан, ынтымағы жарасқан егемен еліміз бар. Еліміздің көсегесін көгертіп, әз Төленің де арманын жүзеге асырып, Абылайдың да аманатын орындап отырған еріміз бар. Құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз бар.
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,
ардагер ұстаз.