Билер кеңесі бірлікке бастайды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес” – деген болатын.
Саналы адамды салмақты ойға жетелейтін сөз иелеріне жетіп, қоғамда түрлі өзгерістер орын алып, әр саланың алға жылжуы басқаша сипат алуда. Түпкі мақсаты – тәрбиені қолға алуды көздейтін түрлі мектептердің басында ұлтымыздың ақылы асқан қазыналы қариялары, алдыңғы толқын ел ағалары, «ана» деген асыл сөзді арқалап жүрген ел даналары тұр. Өмірлік тәжірибесі мол, көргені мен түйгенін сабақтастыра білетін, өзінен кейінге үлгі болып, ақыл айтатын ардагерлеріміз қашанда қоғамды алға жылжыта алатын қозғаушы күш. Күлтөбенің басында күнде жиын өткізген қазақ халқы ықылымнан үлкенді сыйлап, аталы сөзге тоқтап, сын арқылы мінін түзеп отырған.
Сол дәстүрдің арқауы бүгін де үзілген жоқ. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өңір-өңірлерде ардагерлер кеңесі ел игілігі жолында жұмыс атқарып, кейінгі жылдары ардагерлер кеңесі жанынан ақсақалдар алқасы, билер кеңесі, әкелер алқасы, аналар алқасы құрылып, тәрбие бағытында түрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Оған дәлелді алыстан іздеп керегі жоқ. Үлкенді сыйлаған, үлкеннің жолын кеспеген ұлттың ұрпағы болғандықтан бізге жол көрсетіп, жөн сілтеп отыратын қазыналы қарттарымыздың біздің ауданнан да табылып, Шу өңірінің алға жылжуына талмай, қажымай қызмет етіп жүргендері қуантады.
Оған дәлел, ағымдағы аптаның бейсенбісінде “Amanat” партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен “Билер кеңесі-дауды шешудің тиімді жолы” атты семинар-кеңесі. Оған облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек, аудандық билер кеңесінің төрағасы Бәйтерек Жұмаділдә, Шу қалалық және ауылдық округтердің билер кеңесінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе бойынша аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы “Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы” баяндамасын оқыды. “Ағаның алды – ақ жайлау” демекші, қашанда әр істің бастауында ауданның ардагерлері алғы шепте тұруы қажет. Осыны баса айтқан Бақытжан Оразалыұлы қандай мәселе болмасын алдыңғы толқынның ақылына жүгінетіндігін атап өтіп, қоян-қолтық қызмет атқаруға шақырды. Мұнан кейін, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы “Облыстық билер кеңесінің 2023 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы” баяндамасын оқыды. Ал, Шу ауданында “Дәнекер” жобасының орындалуы бойынша 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары жөнінде ауландық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Көрікбайұлы баяндама оқыды. Бұған қоса Шу аудандық билер кеңесінің биылғы жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жөнінде аудандық билер кеңесінің төрағасы Бәйтерек Жұмаділдә баяндама жасады. Осылай басталған баяндамалар легі Шу қалалық және ауылдық округтердегі билер кеңесінің төрағаларының баяндамаларына ұласты.
Мемлекет басшысы кемел келешекке бастайтын Жаңа Қазақстанды құрудың қуатты тетіктері мен бағыт-бағдарын нақты белгілеп берді. Оның басында, әрине қазыналы қарттарымыздың тұратыны еш күмәнсіз. “Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт” деп Жамбыл бабамыз жырлағандай, ұлт болып бірлікке ұйыссақ, біз аспайтын асу, алмайтын қамал болмас.
Айғаным Асқарбек.