Ақпараттық портал

Бірлікте тындырымды тірлік көп

Ауыл – әмәнда алыптар туған, батырлардың кіндігі қиылған бақыттың бесігі. Сонымен қатар, қызу тіршіліктің қайнаған ортасы мен маңдай терімен дән суарған еңбеккерлердің ордасы. Ауылдағы шаруалардың шаттығы, қаладағы қауымның қуанышы екені о бастан белгілі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алқалы жиындарда, маңызы жоғары мәжілістерде ауылдағы ағайынды қолдау, шаруашылықтарды ширату, егін мен мал шаруашылығын дамыту туралы айтудан танған емес. Бұл сірә болашаққа жасалған қамнан туған қарекет болса керек-ті.

Аумағы азғантай болғанымен, атқарылған жұмыстары ауқымды ауылдың бірі – Бірлік ауылдық округі. Шу өзенінің жағасын жайлаған бұл ауылдың іргесінде станция орналасса, ауыл аумағында мақсары майын шығаратын кәсіпорын – «Kaz Ir Agro» ЖШС, мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт – «Бірлік энерго» ЖШС, темір жол жөндеу мекемесі – “ПМС-Бірлік” ЖШС, асфальт өңдіру зауыты – «ДСУ-85» ЖШС бар. Аталмыш елді мекеннің әл-ауқатын осыған қарап-ақ бағамдай беруге болатындай.
Бүгінде Нұрбек Қараулов басқаратын ауылдық округ толайым табыстарға қол жеткізіп, ауыл іші айтарлықтай ажарланып қалған. Мұндағы 700-ден астам аулада 3518 тұрғын мекен етеді. Ауылдың аты айтып тұрғандай, округте 500-ден астам орыс, 600-ден астам күрді мен өзге де этнос өкілдері 2200-ге жуық қазақ халқымен бірлікте күн кешуде. Олар өздері өскен өңірдің өркендеуіне, гүлденуіне, тотыдай түрленуіне өз түлестерін қосып келеді.
Бірлік ауылдық округінде мектепке дейінгі тәрбие беретін қос мекеме бар. Соның бірі – «Алпамыс» балалар бақшасы бірліктік бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беруде. Онда 60 бала тәрбиеленіп, 24 қызметкер жұмыс істеуде. Оның 11-і педагог болса, қалғаны кіші қызметкерлер.
Ауылдағы тағы бір тәрбие ордасы – «Алмар» балалар бақшасы. Мұнда 100 балдырғанға 20 қызметкер тәлім беріп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ округтегі М.Х.Дулати атындағы орта мектепте 675 оқушы 66 мұғалімнен орта білім алып, ел кетігіне кірпіш болып қалануды көздеуде. Одан бөлек, 41 кіші қызметкер білім ошағында тер төгіп жүр.
Тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздағанда ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жүгінеді. Ондағы 2 аға дәрігер, 5 мейірбике, 1 әлеуметтік және 3 кіші қызметкер халық денсаулығын сақтауға сүбелі үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, Бірлік ауылында өлкетану және туризм орталығы, кітапхана, ауылдық клуб, ауылдық мешіт, пошта және байланыс торабы орналасқан. Ауыл жұртшылығы ұсақ-түйек шаруасын ауданға ат сабылтпай-ақ, елді мекендегі мекемелерден ширатады.
Округ әкімі Нұрбек Опабекұлының айтуынша, ауылға бөлінген бюджет қаржысы 187,09 млн. теңгені құрайды. Осы жылдың 10 айында бөлінген қаражатты игеру барысында бірқатар жұмыстар жүргізілген.
Мәселен, Бірлік ауылында барлығы 17 көше болса, ішкі жолдар, сонымен қатар қысқа көшелерді қоса алғанда барлығының ұзындығы 20,8 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда ішкі жолдың 12,3 шақырымы толығымен асфальттандырылған. Ауыл әкімі келер жылға 6,1 шақырым жолды жөндеу үшін ЖСҚ әзірлеп, сараптамадан өткізу жұмыстары жүріп жатқанын айтуда.
-Осы жылы мердігер «Арсико-Строй-Инвест» ЖШС-нің басшысы Ринат Заламаев ауылдағы 3 көшені, атап айтқанда, ұзындығы 2,390 шақырым Амангелді көшесін, 0,960 шақырым Жастар көшесін, 1,1 шақырым Әулиеата көшесін толық асфальттап, жұмыстарды толық аяқтады.
Сонымен қатар, Бірлік ауылындағы орталық саябақ маңынан кіші саябақ аллеясын соғу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда субұрқақ, демалу орындықтары қойылды және айналасы қоршалды. Игерілген қаржы 16,341 млн. теңгені құрады,-дейді округ әкімі Н.Қараулов.
Одан бөлек, Бірлік ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды және кездейсоқ қоқыстарды арнайы орынға тасымалдау жұмыстарына 85 мың. теңге жұмсалған. Көктемгі-күзгі абаттандыру жұмыстары кезінде ауылдағы 3000 түп тал-бағандар әктеліп, сырланған. 12 шақырым жол, оның ішінде ауылдың іші мен сыртын түрлі қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары күнделікті жүргізіледі.
Ал көшелердің түнгі жарықтандырылуына техникалық қызмет көрсетуге 1,7 млн. теңге қарастырылып, жарықтандыру үшін электр энергиясын тұтынуға 3,0 млн.теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
Тағы бір қуантарлық жайт, ауылда 718 ауланың 650-і ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 90,5 пайызға жеткен. Сондай-ақ 545 түтін көгілдір отын тұтынып, тұрғындардың 75,9 пайызы көмір жағу әуресінен арылған екен.
Бүгінде Бірлік ауылдық округінде 10 дүкен, 4 шаштараз, 1 асхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мұның өзі бірліктік тұрғындардың тыныс-тіршілігінен хабар беріп тұрғандай.
Ауыл әкімінің айтуынша, тату-тәтті тіршілік салтанат құрған ауылда қайырымды жандар да жетерлік. Олар тұрмыс жағдайы төмен жерлестерін қолдаудан қалыс қалған емес.
Мәселен, жыл басында өткен Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ауыл демеушілері 41 батыр анаға 200 мың теңгеге сый-сыяпат көрсетіп, алтын құрсақты аналарға алғыс білдірген. Сондай-ақ, күллі мұсылман үшін қастерлі Құрбан айт мейрамында аз қамтылған 40 отбасына 22 қой, 17 отбасына 1 өгіз сойылып, еті таратылған. Сол секілді 3 отбасына 3 қап пияз, 3 қап картоп үлестірілген.
-Сауапты істің қатарынан саналатын «Мектепке жол» акциясы кезінде де атпал азаматтар қайырымдылық жасауды ұмытпайды. Акция аясында аз қамтылған отбасынан шыққан 24 балаға мектеп формасы мен оқу құрал-жабдықтары сыйға берілгенін айта кеткен жөн. «Каз-ир-Агро» ЖШС, «Акишин» ЖК, «РГ РОЯЛ» ЖШС және ауыл жастарының демеушілігімен жасалған жұмыстарға барлығы 853,0 мың.теңге жұмсалды. Осы орайда жақсылыққа жаны құмар, жомарт ауылдастарға алғыс білдіремін,-дейді Нұрбек Опабекұлы.
Бұдан бөлек, бұрнағырақта ауылда тілсіз жаудың салдарынан баспанасыз қалған бірліктік отбасыға ауыл халқы асарлатып 1 үй алып бергенін айта кеткен жөн. Сол сияқты газ балоны жарылып, қиналып қалған отбасына да ауыл азаматтары 200 мың теңгені табыс еткен екен. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген бірліктік тұрғындардың жұмылуымен биыл мешіт жанынан соғылған асхананың құрылысы тәмәмдалып, тұрғындардың демеушілік көмегімен 3,8 млн.теңге қаржы жұмсалды. Енді, ауылдың ас-жиындары осында өтіп, ысырыпшылдықтың жолы кесілмек.
Нұрбек Опабекұлының мәлімдеуінше, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС биыл 50 отбасына азық-түлік себеттерімен қоса 1 бас қойдың етін қосып таратып, 7 млн 200 мың теңгеге қайырымдылық көмек ұсынған. Одан бөлек, 2 отбасына 14,0 млн теңгеге баспана сыйлап, ауылдағы 4 қарияның «Меркі» шипажайында сауығып, демалып қайтуына ұйытқы болған.
Жуырда ғана Бірлік ауылында орталық саябақ ішінен футбол, волейбол, баскетбол, стритворкаут пен балалар ойын алаңшаларының ашылу рәсімі өткен болатын. Бұл оқиға ауыл тұрғындарының қуанышын еселеп, ауыл ажарын айшықтай түскені анық.
Бірлік ауылының тұрғындары өздерінің іскер әкімдері Нұрбек Қарауловты ерекше құрметтейді. Себебі, бұл азамат осы ауылды бұрындары да басқарған. Адами қасиетіне қанық болған ауыл тұрғындары бір жыл бұрын өз әкімдерін 7 кандидат ішінен іріктеп, ауылдық округтің әкімі ретінде сайлап алған.
Тәжірибесі мол округ әкімінің жыл ішіндегі жемісті жұмыстары көп екендігіне көз жеткізіп, келешектегі жоспарларын білгіміз келген болатын. Ол елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға 17 727,0 мың теңге қарастырылғанын айтып, осы қаражат негізінде жол көрсеткіштері мен автобус аялдамасын орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы аллеяны абаттандырып, арық суын жеткізу үшін амалдайтынын да айтып өтті. Жоспардағы жұмыстың бірнешеуінің жобалық-сметалық құжаттары әзір болса, соңғысы мұндай құжат дайындауға қомақты қаржыны қажет ететін көрінеді.
Аудан басшылығынан болсын, ауыл әкімінен болсын тұрғындардың сұрайтын тілегі жолдарды жөндеу екені белгілі. Сондықтан, ауыл әкімінің жоспарында жолдың жайы ұмыт қалмаған. Сәтін салса келер жылы Бейбітшілік, Андақұлов, Панфилов, Жайлау көшелерінің жол жамылғысы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынып, жолдың ойдым жерлері тегістелетін болады. Одан бөлек, жол белгілерін орнату үшін ЖСҚ әзірленіп, қаржы бөліну мезетін күтуде.
Сонымен қатар, «Аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу (жергілікті қаражат есебінен)» бойынша 211204,0 мың теңгеге жұмыстар жүргізілмек. Оның ішінде Бірлік ауылының көшелерінің жол жабындысын орташа жөндеу жұмыстарына 179786,0 мың теңге (Жібек жолы 2,4 шқ, С.Сейфулин 0,75 шқ, Ш.Мұртаза 0,160 шқ, М.Мақатаев 0,240 шқ, Күлтөбе 0,3 шқ, Б.Момышұлы 0,378 шқ, Ж.Жабаев 0,220 шқ, А.Құнанбаев 0,436 шқ, Переулок №1 0,580 шқ, переулок №2 0,635 шқ) бөлініп, барлығы 6,094 шақырымға ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткен.
Одан бөлек, Бірлік ауылының айналма жолына орташа жөндеу жүргізіліп, ұзындығы 2,2 шақырымға құм-қиыршық тас жабын жасалады деп күтілуде. Ал ауылдың 2025 жылға жоспарланған автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 10 көше/бұрылысына сараптама қорытындысын жасау үшін 899,0 мың теңге қаражат қажет екенін айтуда ауыл әкімі.
Әрине, ауылда жергілікті жұртшылық жиі көтеріп жүрген мәселелер жоқ емес. Олардың бірқатарының шешімін табу үшін округ әкімі түйткілдерді күн тәртібіне енгізіп отыр. Көптеген мәселе қыруар қаражатқа тірелетіні де анық. Сондықтан аудан басшылығынан қаржы сұрау арқылы бірқатар шаруалар өз шешімін табатындығына кәміл сенеміз.
Ауыл халқы алақанына салып отырған 44 батыр анасы бар Бірлік ауылының болашағы зор. Осы құрметке қанық болған жас келіндер де демографияның дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл лебізіміздің жуырда ғана халқымыздың саны 20 миллионға жетуіне орай айтылып отырғанын оқырман қауым оңай түйсінеді деп білеміз. Ендеше, ауыл аман болсын, ауылдағы қара орман қауым аман болсын демекпіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.