Бабын тапса, баланың бәрі өнерлі
Жарық дүниеге келген әр адамның бойында туа бітті таланты, ананың ақ сүтімен дарыған дарыны, өзіне лайықты қабілеті болады. Кей жандар бойына біткен ерекше қасиетін тез танып, өзін дамытуға асығады. Әрине ол үшін де жанындағы жандардың қолдауы аса маңызды. Болашақтың берік іргетасын әрбір өскелең ұрпақ қалайды десек, қазіргі заманда әр баланың дамуына тек ата-анасы ғана емес, мемлекет оның ішінде мектебі атсалысып жатқаны қуантады. Жас өрендеріміз өздерін білім, спорт, өнер бәсекелерінде биіктен көрсетіп, шыңдалу үстінде. Бұрынғыдай қаланың баласы, ауылдың баласы деп бөле-жару келмеске кеткендей. Неге десеңіз, ауылдың балаларына да өзін дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінуде. Соның арқасында ауданымызда қаншама өнерге баулитын мәдени ошақтар ашылып, ауыл балалары облыстық, республикалық тіпті халықаралық деңгейден көрінуде. Білім ордасының өзі түрлі деңгейдегі іс-шараларды, байқауларды өткізу арқылы да әр баланың бабын тауып, жұлдызын жағуда. Аудандағы сондай білім ошақтарының бірі, М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебі десек, қателеспейміз. Аталған мектептен небір талантты тұлғалар түлеп ұшып, олардың ізін өнерлі өрендер әлі де жалғап келеді. Бала күнінен сахнада сандуғаштай сайрап, барлық қырынан өзін танытып, кез келген шарада белсенділігін көрсетіп, мектебінің ғана емес, ауданның мәдениетіне үлес қосып жүрген Назерке Бодаубектің өнер өлкесінде қанат қағып жүргені елдің алдында, көптің аузында.
Мақатаев мектебінің мақтанышы болып жүрген Назерке Бодаубек үлкен өмірге қанаттанып ұшқалы тұрғанда өзінің топшысын қатайтқан білім ордасына, аяулы ұстаздарына алғысы ретінде бар өнерін ортаға салып, бір оқпен екі қоянды атқандай, аудандық мәдениет үйінде М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің (ресурстық орталық) қысқы сессия жұмысының жабылуына орай ерекше форматта салтанатты кеш өткізді. Яғни “Бұлақ көрсең көзін аш” демекші, мектебінің мақтанышы бола білген, талантымен өзін сан қырынан көрсете алған, көптеген байқаулардың бас жүлде иегері болып жүрген Бодаубек Назерке Айбатқызының “Бір жұлдызың боламын мен де” атты шығармашылық кешімен қорытындыланды. Ерек кеште Назерке Айбатқызы бойындағы бар өнерін нақышына келтіре орындап, дүйім жұртты сүйсіндірді.
Өмірде ұстаздың алдын көрмеген жан кемде-кем шығар. Ана деген асыл жаннан кейін бағасы асып тұратын жан бар болса, ол әрине ұстаз. “Ұстаз ұлық бәрінен” демекші, әрбір жан ұстаз алдында бас иіп, мың тағзым жасаудан тартынбайды. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы”, “Ұстаздан шәкірт озар” деген даналықты өн бойынан көрсете білген Назерке кеш барысында өзінің ұстаздарына арнап “Бозторғай ана” әнін орындады. Өз шығармашылығынан туындыларын оқып, көрермен назарын бір сәтке марқұм болған аяулы ұстаздары Сағымкүл Әбдіманапқызы мен Бақыт Ақышқызын еске алуға аударды.
Дәуірінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов “Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй сынды мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған би өнерінен мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн” деп би өнерін дамытуды аманаттап кеткен еді. Міне осы бір тұнып тұрған әсемдікті бейнелейтін ерекше өнерді жалғастыруға барын салып жүрген мың бұралған жастардың көркем қойылған “Ертұран” биімен өрілген көрінісі де талай көрерменді таңдай қақтырды. Арғы-бергі, алыс-жақын шетелдерде шырқалып, елді баураған “Ерке сылқым” күйі Шу өңірінің төлқұжаты іспеттес. Күй ойнағанда шабыттың шалқарына мінбейтін, тіпті қолына домбыра тисе күйді төгілте күмбірлетпейтін шулықтар жоқ шығар, сірә?! Содан болар, Назерке тағы бір қыры күйшілік қалпын көрсету мақсатында Әбдімомын Желдібаевтың “Еркесылқым” күйін шертіп, зал ішін ерекше күйге бөледі.
Бір дәуірде жау шапқанда босқан елдің ішінде бесік арқалап бара жатқан келіншекке қарап атақты Төле би бабамыз “Баланың бесігі-кең дүниенің есігі” деген терең сөз қалдырған екен. Ал қазір ше? Елсіз жұртта бала тұрмақ, бесігін қалдырмаған қайран халқымыздың ұрпағы бейбіт заманның өзінде балаларын қаңғыртып, тірі жетім қылғанын көргенде налисың. Назеркенің сомдауындағы “Жетім қыз” монологы мен “Тастанды сәби” қойылымы кезінде көзіне жас алмаған жан болмады. Өзінің әртістік қабілеті бар екенін тағы да көрсеткен Назерке көрермен ықыласына ие болды. Осындай оқушыларды қолдау мектеп ұжымының басты мақсатының бірі болғандықтан оқушының дарынын танытуда қолдау білдірген мектептің де еңбегі зор.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қорытынды сөз сөйлеп, Назерке Бодаубекке аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Назеркеге мектеп ұжымының атынан сыйлықтар табысталып, алдағы өмір жолына тек сәттілік тіледі. Осындай сыныптас достарының өнерін тамашалаған магниттік мектеп оқушылары Назеркенің өнеріне тәнті болып, қимастық сезімде тірек мектебімен және сыныптас достарымен көктемгі сессияға дейін қоштасып, сағына қайта келетіндерін жеткізді. Бұл кеш “Тірек мектебі – тұғырым, мақтанышым, тірегім” тақырыбының ашылғандығының тағы бір дәлелі болды.
Айғаным АСҚАРБЕК,