Ақпараттық портал

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жұма күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер, Египет ислам мәдениеті университеті, Бейбарыстану орталығының жетекшісі, Шу ауданының тумасы Сәки Қайрат Ұзақұлының «Шуақты Шудың шежіресі»атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл кітапта Шу, Мойынқұм өңірлерінің халқы, қазақ хандығының құрылуы, Абылай хан заманы, қазақ-қырғыз соғыстары, Қоралас Жауғаш батыр, Қоқан үстемдігі, хан Кене, 1916 жылғы көтеріліс, Кеңес үкіметінің орнауы, Түркісіб құрылысы, жаппай ашаршылық секілді Шу бойында орын алған оқиғалар баяндалған.

Ал, кітаптың авторы Сәки Қайрат Ұзақұлы 1957 жылы осы өңірде, яғни Шу ауданында дүниеге келген. Оның «Қыпшақ мәмлүктер», «Ер қаруы – бес қару», «Бағдаттағы Жалайыр билігі», тағы басқа еңбектері бар.
Республикаға еңбегі сіңген Сәки Қайрат Ұзақұлы «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарының иегері.
Осындай еңбек жолы бар айтулы азаматтың жаңа туындысының тұсаукесер рәсіміне облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары С.Мадиева, осы басқарманың “Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы” КММ директоры Қ.Дәуренбеков, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры С.Қалиев, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері мен кітап авторының замандастары, өзге де аға буын өкілдері қатысты.
Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов кітаптың авторын жаңа еңбектің жарық көруімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, Бақытжан Оразалыұлы Сәки Қайрат Ұзақұлының кеудесіне құрметтің белгісі ретінде «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақса, Жасұлан Әлкенұлы Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.
Ж.Әбенов өзінің құттықтау сөзінде Сәки Қайрат Ұзақұлының бірқатар еңбектерін атап өтіп, жаңа кітаптың мазмұнын қысқаша баяндады.
Сонымен қатар, жаңа кітаптың авторы да жиылған қауым алдында осы шараға қатысып отырған барша жанға ризашылығын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеген шығармашылық жоспарларымен таныстырды.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Б.Жәнібеков және Сәки Қайрат Ұзақұлы «Шуақты Шудың шежіресі» атты жаңа кітаптың лентасын қиды.
Мұнан кейін Сәки Қайрат Ұзақұлының замандастары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізіп, кітап авторына шағын сыйлықтарын тарту етті.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.