Ақпараттық портал

Басты мақсат – орман қорын молайту

Өңіріміздегі «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысы жөнінде аудан тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. Бірнеше жылдан бері орман шаруашылығына қатысты маңызды міндеттерді жүзеге асырып отырған бұл мекемеге бүгінгі таңда Камбетов Мақсат Мұхтарұлы жетекшілік етуде. Аталмыш мекеме жұмысы қазіргі таңда қызу қарқын алған. Өйткені, көктем мезгілі тұқым себу, көшет отырғызу жұмыстары үшін аса жауапты кезең болғандықтан, мұндағы еңбеккерлер үшін де бұл мезет әр жыл сайын қарбаласқа толы уақыт болып қала береді. Осындай маңызды әрі жауапты кезеңдегі міндеттер қалай жүзеге асырылуда, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жуырда біз осы жөнінде «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысымен және жауапты мамандарымен жолығып, біраз мағлұматқа қанық болдық.

Жалпы, «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орман қорының көлемі 2017 жылдың 1 қаңтарында 416484 гектарды құрады. Ал, өткен жылдың қаңтар айында орман қорының мемлекеттік есебі бойынша, орманды жерлердің көлемі 385089 гектар болып, оның ішінде орманмен қамтылған жердің көлемі 116058 гектарды, орманмен қамтылмаған жердің көлемі 264197 гектарды құрады.
Бүгінгі таңда «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде 75 адам еңбек етсе, олардың әрқайсысына жүктелген өзіндік міндеттері бар. Орман ағаштарын заңсыз кесу, тасымалдау, мемлекеттік орман қоры жерлеріне заңсыз мал жаю, орман қорының жерінен заңсыз шөп шабу, заңсыз құрылыс нысандарын соғу, сонымен қатар, өрт маусымы айларында өрт қауіпсіздігі және орман қоры жерлері мен жер телімдерінің эрозиялық аймаққа айналуына жол бермеу, орманды алқаптардың жай-күйін бақылап отыру, орман қорын орман аурулары мен зиянкестерден қорғау, жалпы табиғат пен қоршаған ортаны сақтау ормандарды қорғау және күзет инженері маманының негізгі қызметтік міндеті болып табылады. Ал, мемлекеттік орман қорындағы алаңқай, сексеуіл және құмды жер алқаптарына бейімді өзге бұталы ағаш тұқымын себу, көшет отырғызу арқылы орманды алқаптарға айналдыру мекеме басшысы және мекеменің жауапты мамандарымен жоспарлы түрде жүргізіледі.
Өткен жылы мемлекеттік орман қорының 1230 шақырым аумағына және 2022-2023 жылдардың көктем, күз айларында 2460 гектар жерге жасалған екпе жұмыстарының аумағына арнайы өртке қарсы жолақтар (айналдырып жырту) толық жүргізілді. Аталған жұмысқа, яғни, жоспар бойынша, жүргізілетін іс-шараға облыстық бюджеттен 3,185 мың теңге қарастырылып, қажетті қызмет көрсетіліп, бөлінген қаржы толық игерілген. Алайда, «Апат айтып келмейді» демекші, мекеме басшылығы тарапынан сақтық шараларына қатысты бірқатар жұмыстар жүргізілгенімен, өткен жылдың шілде айында «Қосқұдық» мекемесіне қарасты Алабота орманшылығының орман қоры жерінде 1 орман өрті оқиғасы тіркелген. Өрт орын алған аймақ 2007, 2018 жылдары орман өрттері болған жер болып табылады. Өрттің көлемі 323,57 гектар жерді құрағанымен, мемлекеттік орман қоры жеріне залал келген жоқ. Ал, орман өртін сөндіру үшін жұмсалған шығын көлемі 203152,8 теңгені құрады. Ормандарды қорғау және күзету, орман қоры жерлерінде заңсыздыққа жол бермеу, оның алдын алу мақсатында арнайы топтар құрылып, мекеме қызметкерлерімен 98 рейдтік іс-шара жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мемлекеттік орман қоры аумағында орман заңнамаларын бұзуға жол берген және орман қорынан тыс орналасқан өзен, су айдындары жерлерінде заң бұзушылық анықталған.
Мысалы, төрт хаттама орман алқаптарынан сексеуіл және дүзген бұталы ағаштарын заңсыз жинау, дайындау, әкету бойынша толтыырылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК 368-бабының 1-тармағымен жалпы сомасы 34500 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілген. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК 388-бабының 1-тармағымен әкімшілік хаттама аясында ескерту жасалса, 389-баптың 1-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік іс аудандық сотқа жолданған. Өткен жылдың желтоқсан айындағы сот қарауы нәтижесінде, соттың қаулысымен 34500 теңге айыппұл салынып, ол да толық өндірілген.
Қазіргі уақытта, 3 азаматқа салынған 69000 теңге айыппұл сомасы және 4 азаматтың орман қорына келтірген залал шығындары есептеліп, 28648,8 теңге залал шығыны толық өндірілді. Одан бөлек, мемлекеттік орман қорын заңсыз тегістеу, заңсыз құрылыс жүргізу бойынша 4 хаттама толтырылып, 34500 теңге айыппұл салынып, толық өндірілді.
Орман фаунасын жою, орман алқаптарын химиялық қалдықтармен бүлдіру және тұрмыстық қалдықтармен ластау бойынша ҚР ӘҚБтК 372-бабы 2-тармағымен 12 азаматқа әкімшілік хаттама жазылып, 189750 теңге айыппұл және мемлекеттік орман қорына келтірген залал шығыны есептеліп, 43401 теңге залал шығыны салынды. Салынған сома көлемі толық өндірілді.
Орман қоры жерінде өрт қауіпсіздігін сақтамау тәртібін бұзу ісі бойынша ҚР ӘҚБтК 367-бабы 1,2- тармақтарымен 2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 60375 теңге айыппұл салынып, толық өндірілді.
Мемлекеттік орман қорына орман заңдылықтарын бұзу бойынша барлығы 22 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұл көлемі 319125 теңге. Өндірілген айыппұл сомасы 362250 теңге. Мемлекеттік орман қорына келтірілген залал көлемі бойынша 72,0 мың теңге толық өндірілді. Орман қорынан тыс орналасқан өзен, су айдындары аумағында өзге де заң бұзушылық бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде төрт азаматқа17250 теңгеден айыппұл салынса, бір азаматқа ескерту жасалған.
Заңсыз балық және аң аулау заңдылықтарын бұзу бойынша 4 азаматқа 69000 теңге айыппұл салынып, толық өндірілген.
Жалпы 2023 жылы 27 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұл соммасы бойынша 431,2 мың теңге, келтірген залал көлемі бойынша 72,0 мың теңге толық өндірілді.
Байқағанымыздай, мұның барлығы өткен жылы атқарылған жұмыстар. Ағымдағы жылдың басталғанына аса ұзақ уақыт бола қоймаса да, заң бұзушылықтар бой көрсетіп үлгерген. Жыл басынан бері орман заңнамаларын бұзу бойынша 16 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұл көлемі 203,0 мың теңгені құрап, толық өндірілді. Мемлекетке келтірген залал мөлшері 138,0 мың теңге көлемінде есептеліп, толық өндірілді.
Сонымен қатар, мекеме тарапынан өртке дайындық жұмыстары да қолға алынуда.
-Бұл жұмысқа мекеме толық дайын десе де болады. Мемлекеттік орман қорынан 6 өрт бақылау бекеттерін құру жоспарға енгізілді. Әр бекет қажетті техникамен және арнайы ОӨСС бөлімінің жасақшы қызметкерлері және орманшы-қорықшы мамандармен қамтылды. Орманды қорғау және орман өртінің алдын алу бойынша қызметкерлер кезекшілікте тұратын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қоры жеріне өртке қарсы жасалатын 1230 шақырым жерге өрт жолақтары жоспарлы түрде жүргізіледі. Жасалу мерзімі 10-31 мамыр аралығына белгіленді. Орман қорында 2 дана өрт бақылау мұнаралары бар. Өртке қарсы аудан әкімдігімен арнайы іс-жоспар жасалып, бекітілді. Мемлекеттік орман қоры (МОҚ) жеріне шекаралас орналасқан 5 ауылдық окрук әкімдерімен арнайы келісіп, хаттамаланған іс жоспары жасалды,-дейді ормандарды қорғау және күзет инженері Б.Абдрешов.
Орман шаруашылығы қызметінде сексеуіл тұқымын себу, көшет отырғызу жұмыстары маңызды рөлге ие. Бұл тұста орман өсіру, молайту бас инженері Маржан Джаксыбайқызы ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы көктемгі екпе жұмыстары кезінде 1000 түп сексеуіл көшетін отырғызу, күзге 2400 сексеуіл тұқымын себу, 12000 сексеуіл тұқымын жинау, орман жылыжайына 25 көшет өсіру, 2325 күзге арналған сексеуіл тұқымын жинау жоспарланып, оның барлығы толығымен орындалған. Көктемгі екпе жұмыстары кезінде егілген көшеттің шығымдылығы 27 пайызды құраған. Бұл мамандардың айтуынша, лайықты көрсеткіш. Өйткені, шығымдылық 25 пайыздан төмен болса, бұл белгіленген нормадан төмен болып саналады. Ал, өткен жылы күзге арналып себілген сексеуіл тұқымының шығымы биылғы күзде белгілі болады. Орман жылыжайында көшет өсіру нәтижесінде шығымдылық көлемі 2000,0 дананы құрады. Оның ішінде 1000,8 дана стандартты болып табылады.
Ал, ағымдағы жылы көктемгі екпе жұмыстары барысында 1000 дана сексеуіл көшетін отырғызу, күзге 1300 дана сексеуіл тұқымын себу, 1900 дана сексеуіл тұқымын жинау, орман жылыжайында сексеуілдің 20 көшетін отырғызу жоспарланып, олар толығымен орындалған. Ал, күзге арналған сексеуіл тұқымын жинау бойынша 1900 гектар жоспарланып, ол толық орындалды. Бұл тұста ағымдағы жылы көктемде отырғызылған сексеуіл көшеті бойынша нәтиже осы жылдың күзінде, ал күзге сексеуіл тұқымын себудің және орман жылыжайында сексеуіл көшетін өсірудің нәтижесі келесі жылдың күзінде белгілі болады.Сондай-ақ, сексеуіл тұқымын жинау жұмыстары да күзде орындалмақ. Қазіргі уақытта қалған көшеттерді отырғызу және арамшөптермен күресу жұмыстары жүргізілуде. Ал, жалпы себу, егу жұмыстары Алматы қаласындағы орман орналастыру мекемесінің нұсқауымен жүзеге асырылатын көрінеді.
Бұл жұмыстардың барлығы техниканың көмегінсіз жүзеге асырылмайтыны белгілі. Сол себептен, оқыс жағдай орын ала қалса, мекеме ұжымы техникасымен бірге сақадай сай тұруы қажет. Жоғарыда айтып өткендей, жалпы аумағы 416484 гектарды құрайтын «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі бір өрт сөндіру машинасымен, екі патрульдік көлікпен, 10 трактормен, бір шағын өрт сатысымен, екі мотоциклмен қамтылған. Сондай-ақ, мекеме қызметінде жылқы жануарына да қажеттілік туындайтындықтан, төрт жылқы берілген. Төрт орман өртіне қажетті мотопомпа, бір бортты автомашина, бес радиостанса, бір аспалы радиостанса, алты мобильді радиостанса тағы басқа қажеттіліктермен тиісті деңгейде жабдықталған. Алайда, мекеме басшысының айтуынша, қазіргі уақытта патрульдік автокөлік жеткіліксіз. Сол себептен, бұл да сапалы жұмысқа ықпал ететіндіктен, оған қол жеткізу маңызды.
Ағымдағы жылдың наурыз айына дейін 185 орман пайдаланушыға заңды түрде орман билеттері берілді. Оның 33-і ұзақ мерзімді, 152-сі қысқа мерзімді. 144179,4 жер учаскесі қысқа және ұзақ мерзімді пайдалануға берілген. Осы жылдың бірінші тоқсанында салық есебінен жергілікті бюджетке 12330608 теңге қаражат түскен.
Сырт көзге оңай шаруа секілді көрінгенімен, орман шаруашылығы аса күрделі әрі жауапты жұмыс екенін екінің бірі біле бермейтіндей. Өйткені, өзіміздің қызметтік міндетімізбен «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне барып, қызметкерлер жұмысының шет жағасын ғана көзбен көргеннен-ақ, бұл жұмыстың айтарлықтай жеңіл еместігін байқадық. Әсіресе, қазіргі уақыт олар үшін тынымсыз тірлік ететін сәт. Мекеме маңындағы шағын алаңға егілген сексеуіл тұқымынан өніп келе жатқан жас өсіндінің инеге сабақтайтын жіп тәрізді тым жіңішке екендігін көзбен көріп, тым кішкентай әрі нәзік өскінді күтіп-баптаудың өзі оңай еместігіне көз жеткіздік. Ал, тұқым себілген кезде ауа райы қолайсыздық танытып, қатты жел тұратын болса, ол да тұқымнан өнім алуға кері әсер етеді. Өйткені, қатты жел топырақ астындағы дәнді ұшырып, өскіннің өспеуіне әкеп соғады. Сол себептен, бүгінгі таңда мекеме ұжымы көктемгі жұмысқа белсенді кіріскен. Кешке дейін кабинетте отырып емес, алқапта арамшөп жұлып, өзге де жұмыстарды тиісті деңгейде атқарып, еткен еңбектің нәтижелі болуына барынша күш салуда. Сонымен қатар, орман алқабында шіріген ағаштарды кесу, тазалау жұмыстары да қатар жүргізіледі.
Тағы бір айта кететін жайт, мекеме мамандарының мәлімдеуінше, өткен жылдан бері Дүниежүзілік банк экологиялық мәселеге, оның ішінде орман қорын ұлғайту, орман шаруашылығын дамыту ісіне де ден қойып, қаражат бөлуде. Сол себептен, өткен жазда аталмыш банктің жауапты тұлғалары ауданымызға келіп, мекеменің материалдық-техникалық базасына, жалпы жүзеге асырылып жатқан істерге зерделеу жүргізген.
-Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауымен «Қосқұдық» мекемесіне қарасты орман қорында жайылымдарды жақсарту бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаға ауданымыздағы ұзақ мерзімді (15 жыл) орман пайдаланушы алты азамат қатысуда. Олардың әрқайсысы өздерінің жерлерінен 20 гектар жерді белгілеп, қоршап, сол жерге кереуек, сексеуіл көшетін егу, сексеуіл тұқымын себу жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта бақша өнімдерін егу жоспарда бар,-дейді «Қосқұдық» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Мақсат Мұхтарұлы.
Осындай маңызды жұмыстарды жүзеге асырып, орман шаруашылығының дамуына ден қойып отырған ұжым қызметінің алдағы тың бастамаларына сәттілік тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.