Ақпараттық портал

Сайлауды сауатты ұйымдастыру туралы семинар-тренинг өтті

Әділ сайлау – әрбір елді демократиялық дамуға жетелейтін құрал. Біз оны өркениетті елдердің қол жеткізген әділетті қоғамына қарап бағамдаймыз. Себебі қажетті таңдау жасау – азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға ат салысуының ең ауқымды және нақты нысаны.
Жасыратыны жоқ, біздің мемлекетте азаматтардың сайлауға қатысуы, комиссия мүшелерінің сайлауды ұйымдастыру ісіндегі ұтқырлығы әлі де болса тиісті деңгейде емес. Сондықтан тиісті мамандардың учаскелік сайлау комиссия мүшелеріне әдістемелік көмек ұсынып, түрлі семинарлар өткізуі өте орынды болмақ.
Дәл осындай мақсаттағы жиын жуырда ғана Шу аудандық Мәдениет үйінде өткен болатын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесін ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбын тұздық еткен семинар-тренинг жаңадан тағайындалған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктігін арттыруға бағытталды. Яғни 93 учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне бір күндік семинар-тренинг өткізілді.
Шараның шымылдығын Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, түрлі тақырыпта мағлұмат ұсынатын спикерлерді таныстырып өтті. Сонымен қатар өзі бас болып «Сайлау құқығының принциптері және сайлау жүйелерінің негізгі аспектілері туралы» тәптіштеп түсіндіріп берді. Дәріскер сайлау жүйелерінің бүгінгі Қазақстан Республикасының дамуы бағытындағы міндеттері жайлы қойылған сұрақтарға жауап қайырды.
Келесі сөз алған Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Боранбаев «Сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, олардың мәртебесі және өкілеттіктері» тақырыбын тарқатса, төраға орынбасары Талғат Жамалов, комиссия мүшелері Мейіржан Сембеков, Еркін Жапаров, «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Инженерлік-техникалық орталығы» РМК Жамбыл облысы бойынша өкілі Арын Асқарбеков сайлау процесін ұйымдастыру, оның ішінде науқан алдындағы үгіт жұмыстарының заңдылықтары туралы баяндап өтті. Сондай-ақ құқықтық және теориялық білімдерін ұштап қана қоймай, практикалық сабақтар өткізді.
Одан бөлек, семинар-тренинг барысындағы «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының төрайымы Зейнеп Дауренованың «Кәсіби қарым-қатынаста тиімді коммуникацияларды құру әдістері. Стресс-менеджмент туралы» дәрісі тыңдаушыларға тың ақпарат ұсына білді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, таяуда ғана Шу қаласында шығып қалған аудандық мәслихат депутатының орнына сайлау өткен болатын. Сол науқанда жаңадан жасақталған №455 учаскелік сайлау комиссиясы үздік деп танылды. Аталмыш жиында үздіктердің қатысуымен «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылды. Іскерлік ойын барысында ЖОСК төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы ситуациялық кейстерді ортаға салып, қатысушылардың қызығушылықтарын оятты.
8 сағатқа созылған семинар соңында тыңдаушылардың сайлау заңнамасын, сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық негіздерін білу деңгейлерін анықтау мақсатында тестілеу өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Серғали Өмірзақұлы семинар жұмысын қорытындылай келе комиссия мүшелеріне алдағы атқарылатын міндеттерге тереңінен тоқталып, шулық әріптестердің жұмыстарына сәттілік тіледі.
-Бұл семинар-тренингті өткізудегі басты мақсат – 11 аумақтық учаскелік сайлау комиссияларының контингентіне сайлауды ұйымдастырудағы заңдылықтарды түсіндіріп, әдістемелік көмек ұсыну. Себебі тұрақты түрде жұмыс істейтін төраға, орынбасар мен хатшыдан басқа құрам жаңадан тағайындалып отыр. Бүгінгі басқосуда әріптестеріміз біраз мәліметке қанық болды деп ойлаймын. Қазіргі таңда біз осындай 6 жиын өткіздік, алдымызда 4 семинар-тренинг бар. Қорытындысын облыс орталығында өткізу жоспарлануда,-дейді Т.Жамалов.
Еске сала кетейік, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ошановтың мәліметінше Шу аудандық мәслихатының 2023 жылғы №40-3 шешімімен 17 округтық сайлау комиссиялары құрылған. Сондай-ақ өңірде 1 округтік облыстық сайлау комиссиясы бар. Мүшелердің ұзын саны 90-нан асады.
-Шу ауданы 44 сайлау учаскесіне бөлінген. 37 учаске білім ошақтарында, 2 учаске ауылдық мәдениет үйлерінде, 1-і ауылдық поштада, 1 –і коммуналдық мемлекеттік мекемеде, 3 учаске жекеменшік ғимараттарда орналасқан. УСК мүшелерінің жалпы саны 302,-дейді Азамат Серікұлы бізге берген сұхбатында.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.