Танымымыз кеңейіп, тынысымыз ашылуда
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” деген болатын. Әрине, Мемлекет басшысының қай сөзінің астарына үңілсеңіз де абыройлы жүк болашақ ұрпаққа артылады. Дамудың даңғыл жолына түскен еліміз үшін бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісі күн тәртібінен түскен емес. Қазақстанның болашағы жастардың қолында болғандықтан жастарымыз сапалы білім, саналы тәрбиені бойына сіңіріп, заман көшінен қалмай, жан-жақты болып, ең бастысы, ой еркіндігіне қол жеткізуі тиіс. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап дебат ойындарын жандандырудың мәні зор. Бірнеше мақаламызға арқау етіп келеміз, Шу ауданында дебат клубтарының жұмысы жүйелі жолға қойылып, пікірсайыс алаңында жастарымыз суытылып, суырылып келеді.
Жуырда Е.Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясында “Дебат – достық мекені” атты аудандық пікірсайыс турнирі өтті. Оған ауданымыздағы жалпы білім беру ұйымдарынан 20-ға жуық команда қатысты. Пікірсайыс турниріне ойынның қыр-сырын қанық білетін, қара қылды қақ жарар төрелігімен тәнті етіп жүрген Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме жетекшісі Олжас Рүстем, М.Мәметова атындағы орта мектептің кәсіби бағдар берушісі Абзал Сатылған, Д.Қонаев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Нұрбек Қиғамбектер төрешілік етті. Пікірсайыс турнирінде “Білім саласына берілетін қаржы өнер саласына құйылатын қаржыға қарағанда көбірек болуы керек пе?”, “Қазақстан жабық мемлекет болып өмір сүруі керек пе?”, “Ақша ақыл көрсеткіші болып саналады ма?”, “Әйелдердің құқығы жүйелі түрде бұзылып жатыр ма?”, “Ақылды адамнан ақымақ адам бақыттырақ деп есептейді” деген қарарлар бойынша оқушылар АПФ және ЛД форматтарында дебат алаңының көркін қыздырды.
Пікірсайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған фракциялар лайықты орындарға ие болып, жеңімпаз командаларға диплом мен жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды. Атап айтсақ, бас жүлдені Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің “Сөз найза” фракциясы, І орынды Ермұхан Бекмаханов атындағы орта мектептің “Ұшқыр ой” фракциясы, 40 орта мектептің “Тәуекел” фракциясы иеленді. Ал, ІІ орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің “Республика” және “Жаңа заман” фракциялары, Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінің “Қанжар” фракциясы алса, жүлделі ІІІ орынды Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің “Ақиқат” фракциясы, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің “Zhas Алаш” фракциясы, Абай атындағы орта мектептің “Кемел болашақ” фракциясы, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының “Ерекше” фракциясы қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының тәрбиеленушісі Әмина Төлеген мен Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің оқушысы Нұрдана Каналбек “Үздік спикер” деп танылды.
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, шешендігімен топты жарып, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кеміген жоқ, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз. Соңғы бірер жылдың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. Соның бір арнасы болған дебат ойындарын жандандыра берсек, ешкімнен тайсалмайтын, әлемдік аренада ойын еркін жеткізе алатын, “елдестірмек елшіден” деген сөздің үдесінен шығатын жастарымыздың қарасы артары сөзсіз.
Айғаным Асқарбек.