Апат жаңғырығы әлі есте
Биыл Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатқа – 38 жыл. Атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат салдарынан төрт мыңға жуық адам қаза тауып, бес миллион гектарға жуық жер жарамсыз болып, жүздеген шағын елді мекендер жойылды. Апаттың зардабын жоюға сол жылдары елімізден 32 мың адам қатысса, Жамбыл облысынан 1200, Шу өңірінен 59 азамат қатысқан. Қазіргі таңда арамызда
25 жанкешті жерлестеріміз жүр.
Атаулы күнге орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен арнайы жиын өткен болатын. Оған аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, басын қатерге тігіп, денсаулығын радиацияға душар еткен шулықтар қатысты. 1986 жылғы 26 сәуірде орын алған оқиғаға тоқталған аудан басшысы, апаттың салдарын жоюға атсалысқан азаматтардың ерліктерін ерекше атап өтті.
-Мыңдаған жанның өмірін жалмаған бұл апат әлем тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі. Мылтықсыз майдан саналатын бұл істе сіздер өз өмірлеріңізді бәйгеге тігіп, асқан батылдықпен апаттың салдарын жоюға атсалыстыңыздар. Сол үшін сіздердің көрсеткен ерліктеріңізге алғыс білдіріп, ерекше ілтипатпен құрмет көрсетеміз. Қазіргі таңда Шу ауданында апатты жоюға қатысқан 25 қаһарман бар. Олар өңірдің әр саласында жемісті еңбек еткен жандар. Жергілікті атқарушы орган тарапынан жыл сайын 150 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы төленуде. Біз батыр аға буын өкілдерін қолдауды, құрметтеуді бұдан әрі де жалғастыратын боламыз. Әрбірінің әлеуметтік жағдайы жіті назарда, -деді Бақытжан Оразалыұлы өз сөзінде.
Мұнан соң марапаттау мезеті орын алып, батыл жүрек иелері аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, мәслихат төрағасының қолынан Шу ауданының Құрмет грамотасына ие болды.
Жыл сайынғы жүздесу соңында Чернобыль апатын жоюға қатысқан жауынгерлер өздеріне көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын аудан әкіміне қойып, тиісті жауаптарын алды.
Байжан Емберді.