Ер ерлігі естен кетпес
Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров 1922 жылы Талас ауданында туған. 106-шы Забайкалдық атқыштар дивизиясында атқыштар бөлімшесінің командирі болған. 1943 жылы қазан айында 21 жасар қазақ жігіті Днепр өзенінің Солтүстік жағалауына Кызыл әскердің өтуінде баға бергісіз ерлік көрсеткен. Бұл Ұлы Отан соғысындағы көзсіз ерліктің үлгісі болды.
Днепр өзенінің сол жағалау бетіне үш дүркін жауынгерлерді салмен өткізіп, оларға жағалаудан бекініс алуына мүмкіншілік ұйымдастырып, өзінің атқыштар бөлімшесімен фашистердің бірінші шебін талқандап, ротаның алға жылжуына мүмкіншілік жасаған. Бірінші рет өзеннің сол жағалауына жете бергенде Сәду ағамыз бөлімшесімен жүзіп келген салына жау снаряды тиеді. Ал, екінші және үшінші мәрте оң жағалауға қалай өткендігінің өзі бір ғаламат. Екі, үш рет емес, өзеннен бір рет өтудің өзі қатерге бас тігіп, қауіппен тайталасу емес пе?!
Рота командирі «Кім оң жағалауға қайта барып, ондағы жауынгерлерді бастап, сол жағалауға өтулеріне рухтандырады» дегенде ағамыз ерікті болып алға шыққан. Өйткені, «мен жаудың снаряды қандай жерге түсіп жатқанын есіме сақтап алдым»- дейді ол.
Фашистер зеңбіректерін нақты орнатып, өзеннің бетін шахматтың тақтасындай схемамен дамылсыз атқан судың бетінде қандай жерлер қауіпсіз екеніне баға бере алғанын басқалар түсінетіндей жайда болмаған.
Осындай зеректігімен ағамыздың басқа жауынгерлерді шығынсыз жау бекінген жағалауға алып келуінің өзі қандай ерлік!
Өз қолымен Днепрдің сол жағалауына Қызыл Туды алғашқы болып тіккен. Жаудың екінші шебінде ДЗОТ-тар орналасқан екен, ірі пулеметтен оқ жаудырған фашист ротаның алға жылжуына тосқауыл болған. Бөлімшесімен ДЗОТ-ты жоймақ болған. Бірақ қиян-кескі шабуыл нәтиже бермеген. Ал, Днепрдің сол жағалауына салмен жүзіп, аман келіп жеткен біздің әскердің жауынгерлерін ірі пулемет жайпауда. Осыған куә болған Сәду ағамыз жауынгерлердің жаппай қырылуына дейін жеткізбеу үшін өзі тез арада шешім қабылдап, ДЗОТ-тың үнін өшірмекке бел байлаған. Бөлімшесінің 4 жауынгерін бастап жау шебіне жақындаған. Оларды байқап қойған жау пулеметшісі оқ жауынын Сәдудің бөлімшесіне бұрған.Сонда біз ДЗОТ-қа небәрі 20-30 метрдей жақындап қалғанбыз. Пулемет 100-150 метрдей ату секторын қадағалап, оқ жаудырып тұрды. Осы бір қас-қағым сәтте 3-4 метрдей болса да алға жылжуға мүмкіндік туған болатын. Қас-қағым сәтті пайдаланып, алға жүгірген бөлімше командирінің аяғына ірі калибрлі оқ тиіп, ұшып түседі. Одан арғысын ағамыз өлім мен өмірдің арасында өткізіп, есін жиса, пулемет әлі сайрап тұрғандығын айтады. Аяғы бастырмаған соң Сәду жамбасымен жорғалап, ДЗОТ-тың астына барады, көтеріліп граната лақтыруға мүмкіндік жоқ. Ал, фашист пулеметімен сол жағалауға жеткен біздің солдаттарды қыруда. Өз автоматын пайдалануға да, пайдаланған шақта нәтижеге жету де мүмкін емесіне шешуші сәтте баға бере алып, жамбасына көтеріліп, ажал борап тұрған, дамылсыз атылған оқтан қатты қызып, әппақ болып тұрған ірі калибрлі пулемет стволын екі қолымен шап беріп, кеудесіне қарай басады. Осындай жағдайды күтпеген фашистің жүрегі ұшып кеткен болар, әйтеуір пулемет атылуын тоқтатып қалғандығын жеткізді. Осы ерлікті пайдаланып, рота жауынгерлері алғы шептегі фашистің панасын иеленіп, толық алға жылжыған. Ағамыздың ерлігінің арқасында нақты сол майдан шебінде Қызыл әскер толықтай жеңіске жетіп, 106-дивизия Днепрдің сол жағалауына толық бекініс орнатқан.
Жеңістің 30 жылдық мерекесі қарсаңында мектепке оқушылармен кездесуге келген ағамыздың мойнына ал қызыл галстук байлағанымызда:
-Есімді жисам, госпитальда екенмін. Аяғым бинттелген, екі қолым бинттелген. Кеудемде «Алтын Жұлдыз» жарқырап тұр,-деген батыр ағамыздың көзінен жылт еткен жасты байқадық. Бұл бейбіт өмірдің қуанышының көз жасы шығар деп топшылап, ерекше толғаныста болдық.
Жоғары сапалы техникамен жабдықталып, жер бетінен адамзатты жоюға бағытталған фашистің әскери машинасын тоқтатқан елімізден шыққан батырлар аз емес. Біз оларды әрқашан мақтан тұтуымыз қажет.
(Шу ауданы. Шоқпар ауылы.
1975 жыл.
Оқушы Әділдің естелігі)