Жаңашылдықтан қалыс қалмауға шақырды
Бір жылдары “Қарапайым заттар экономикасы” деген бағдарлама жүзеге асып, содан бері көптеген қазақстандықтар шағын кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Бұл бағдарламаның астарында үнемшілдік қағидасы жатыр. Ал, осы заман ағымына сай жаңа атау алған бағдарламаның діңгегі өзіміздің тегімізде жатқандығына тәмсілдер жетерлік. Мәселен ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің “Бір уыс мақта” ертегісінде анасы қызына жер бетінде ешбір заттың кәдеге аспай қалмайтынын, тіпті мата қиындылары мен бір уыс мақтаның өзі пайдаға жарайтынын айтқан болатын. Міне, идеология дегеніңіз осы емес пе?! Үнемшілдік қасиетін бала бойына сіңіріп өссе, соған сай қалдық заттарды кәдеге жаратуға ұстаздары баулыса, қарапайым дүниеден-ақ ғажайыптарды туғызуға болады. Осы жолда тер төгіп жүрген жандар жоқ емес. Соның бірі, қолөнер бағытында да жұмыс жасайтын қосымша білім беру мекемесі-Техникалық шығармашылық орталығы.
Жуырда аталған орталықта «Қосымша білім берудегі – бизнес инкубатордың құрылымы, құрылуы және дамуы» атты аудандық семинар өтті. Оған аудандағы шығармашылық бағытта жұмыс жасайтын қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Тәжірибе алаңы болған семинарда ең алдымен Техникалық шығармашылық орталықтың директоры Асемгүл Кокумбекова «Балаларға қосымша білім берудегі бизнес – инкубатордың құрылымы, құрылуы және дамуы» атты тақырыпта «Стартап Краудфандинг» форматында іс-тәжірибесімен бөлісіп, бизнес бастаудың тиімді жолдарын көрсетті.
Білім мазмұнын жаңарту, әрине, мұғалімнің үздіксіз білімін жетілдіріп отыруын талап ететіні белгілі. Осы орайда ұстаз үнемі оқытудың жаңа инновациялық технологияларын педагогикалық тәжірибесіне енгізе отырып, өз ісінде шеберлікпен пайдаланудың жолдарын қарастыруы тиіс. Осы тұрғыда аталған орталықтың үйірме жетекшілерінің тәжірибелік бөлімде өткізген шебер сыныптарын айтпай кетуге болмайды. Атап айтсақ, «Киімді үлгілеу және тігу» үйірмесінің жетекшісі Гүлзат Жороева «Этно сөмке» жасаудың тиімді жолдарын көрсетсе, «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Үміткүл Адашова «Теңге салғыш» жасаудың қыр-сырларымен бөлісті. Ал, IT үйірмесінің жетекшісі Рауан Исмайылов «Ғарыш әлемі» атты макетін таныстырып, шәкірттерін аспан әлемінің құпияларына тартып жүргенін айтты. Сондай-ақ, «Сиқырлы ілгек» үйірмесінің жетекшісі Алиса Беккулова «Шинель сым темірінен бұйым жасау», «Киімді үлгілеу және тігу» үйірмесінің жетекшісі Аида Сыдықова «Жұқа қаңылтыр бетіне бедер салу»,«Жібек тоқыма» үйірмесінің жетекшісі Әсем Пазылбек «Шелкография» бағыты бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында ең алдымен баланы әр қырынан ашып, талантын танып, талабын ұштастыру қажет. “Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп дана Абай айтпақшы, сонау қат-қат тарихымыздан бізге мирас болып жеткені-рухани құндылықтарымыздың қадірін білу-басты міндетіміз. Текті жұртымыздың қанына сіңген қасиеті қай кезеңде де өзінің биік болмысын, айшықты бедерін сақтай отыра ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Біз тәжірибе барысында ежелден арқауы үзілмеген қолөнеріміздің заман ағымына сай түрленіп, жаңғыра беретініне көзімізді жеткіздік.
Айғаным Асқарбек.