Қарияның қалауы орындалды
Газетіміздің өткен сандарының бірінде темір жол саласының ардагері, Шоқпар ауылының тұрғыны Сатылғанов Тыныштықбай Халықұлының 80 жас мерейтойы қарсаңында Қазақстандағы темір жол көлігінің құрылуына 120 жыл толуына орай, темір жол саласының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның орталық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапатталғандығын жазған болатынбыз.
Осы кездесуде ардагер теміржолшы келген қонақтарға алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта бір медаль иеленсем деген өтінішін жеткізген еді. Марапат иесін құттықтап, Алғыс хатты табыстау үшін Шоқпар ауылына арнайы барған Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы ақсақалдың өтінішіне құлақ асып, кездесу барысында мәселені назарға алатындығын айтып өтті.
Көп ұзамай, қарияның тілегі орындалып, жуырда тағы бір қуанышқа бөленді. Атап айтқанда, Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы, Шу локомотив пайдалану депосының кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуат Молдабаев кезекті рет қарияның шаңырағына барып, Шу ауданы әкімінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі өкімі бойынша ұсынылған «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісін Тыныштықбай Халықұлының кеудесіне тағып, ізгі тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде марапат иесі және оның жұбайы Сейсенкүл апа да қарияның өтінішіне бей-жай қарамай, бір арманының орындалуына үлес қосқаны үшін аудан басшысына, келген қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Динара Батырхаирова.