Ақпараттық портал

Еңбегі елге үлгі әулет

Жалпы, көбіне-көп, әсіресе, өнер қайраткерлері, әнші немесе саяси белсенділер жұрт жадында жылдам жатталып, тарих дәптерінде есімдері алтын әріптермен жазылып жатады. Ал, өмірін шаруашылыққа арнап, еңбек пен бейнеттің арқасында келген беделмен мұндай абыройға жету қиынның қиыны.
Киелі Шу өңірінде елді ұжымшарларға ұйымдастыру кезінде өзінің үлгілі ісімен елге елеулі еңбек етіп, есімі тарихта қалған беделді тұлғалар бар. Солардың бірегейі ретінде
Хати Сауранбаевты атап өтуге болады.

Өз заманының іскер басшысы, айтулы ұйымдастырушысы Хати Сауранбаев ауданымыздағы Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында 1896 жылы дүниеге келген. Жасынан арабша оқып сауатын ашқан ол, елді ұжымшарларға ұйымдастырып, қоныстандыру кезінде 1929 жылдардан «Ақша» тоғанға бас мұрап, кейіннен бригадир болып, ауыл шаруашылығының дамуына еселі еңбек еткен алғашқы дарынды мамандардың бірі болған. 37 жасында Белбасар колхозын ұйымдастырып, 25 жыл басқарма төрағасы болып қызмет істеген. Кезінде аудандағы ауыл шаруашылығын өрге бастырудағы жемісті еңбегі үшін ҚССР атқару комитетінің үздік белгісімен, Бүкілодақ халық шаруашылығы көрмесінің күміс медалімен марапатталған.
Араға уақыт салып, 1941 жылы қасіреті мол екінші Дүниежүзілік соғыс басталды. Ел басына ауыртпалық түскен сол бір зұлмат жылдарда жамбылдықтар танк колоннасы мен әскери ұшақ құрылысына 18 миллион 184 мың сом қаржы жинаған. Оның ішінде, 180 адам 10 мыңнан, 20 адам 15 мыңнан, 5 адам 60 мыңнан және 5 адам 75 мың сомнан ақша жинағанда Жамбыл облысы бойынша екі адам, Шу ауданы, Белбасар ұжымшарының басқарма төрағасы Хати Сауранбаев пен Талас ауданындағы «Красный Октябрь» колхозының төрағасы Байгелді Кейкиев екеуі 100 мың сомнан ақша аударған. Және армияны жоғарғы дәрежеде керек жарақпен қамтамасыз етудегі еңбегі үшін Хати Сауранбаевқа СССР Қорғаныс Министрінің Алғыс хаты беріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін және бірнеше медальдар алған. Сондай-ақ, Шу ауданындағы Жамбыл атындағы ұжымшардың төрағасы болған Асанбек Жұрынбаев та 1943 жылы майдандағы жауынгерлерге өз атынан 3 тонна бидай, 30 келі шыжғырылған таза май жөнелткені үшін Сталиннен Алғыс хат алған.
1941-1945 жылдарда тұралап қалған шаруашылықты өзінің іскерлігімен көтеріп, мемлекетіміздің өркендеуіне зор үлес қосудағы еңбегі ескерілген Хати Сауранбаев, 1948 жылы 28 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Сонымен қатар, азамат соғысы жылдарындағы өлшеусіз еңбегі үшін «Ленин» ордені мен «Орақ және балға» алтын медалін кеудесіне қатар тақты. Өзі сол шаруашылыққа төраға болып тұрғанда қол астындағы 7 адам жемісті еңбектері үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болса, 8 адам «Ленин» орденімен марапатталған. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизмнің үздік үлгісін таныта білді.
«Ұлы адамдар тірлігінде өз бейнесін өзі сомдайды, ал тұғырға кейінгі ұрпақтары орнатады» деген екен бір данышпан. Сол айтпақшы, Хати Сауранбаев шынында да тіршілігінде халыққа берерін бере білген, өз бейнесін өзі сомдаған, үлкен іс тындырған айтулы азамат. Оның еңбегі еш кеткен жоқ. Омырауына қаншама төсбелгі тағылды. Бұның бәрі ер еңбегінің әділ бағасы іспетті. Ең бастысы, ол халқына адал қызмет етті, ал халқы сүйікті перзентінің елге жасаған еңбегін ерекше бағалап, басына көтеріп құрмет тұтты. Бүгінде бұрынғы жылдары өзі тұрған Белбасар ауылындағы «Садовая» көшесіне Хати Сауранбаевтың есімі беріліп, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Айтулы тұлғаның өнегелі өмірінен үлгі алған шәкірттері мен ұрпақтары Белбасар ауылын күннен күнге гүлдендіріп, шуақты елді мекенге айналдырған.
Тағы бір айта кетерлігі, Хати Сауранбаевтың ұлы Оспан Сауранбаев та Ұлы Отан соғысының ардагері. Оспан Хатиұлы тарих тақтасына қаралы күн болып жазылған сол екінші дүниежүзілік соғыстың бел ортасында болып, немістерге қарсы соғысты. Фашистік Германияның сауыты сөгіліп, тауы шағылғанына биыл 79 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында сұм соғыста ерлігімен танылып, қан майданда қасық қаны қалғанша шайқасқан соғыс ардагерлері жыл санап сиреп барады. Уақыт шіркін адамды аяған ба?! Тіпті, елі үшін еміренген жеңімпаздарды да аямады. Өкінішке орай, бүгінде ауданымызда көзі тірі соғыс ардагерлері қалмады. Алайда, көзінің тірісінде соғыстан кейін еліне келіп қызмет еткен азаматтар да аз болмады. Солардың қатарында жоғарыда есімі аталған Оспан Сауранбав та бар.
Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, 23 рет жарақат алса, оның үшеуі ауыр жарақат. Курск, Днепр, Ақтерке, Сталинград қалаларындағы шайқастарға қатысып, сол жақта жарақаттанып қайтқан. Ұлы Болат Сауранбаевтың айтуынша, әкесі соғысқа баруға бір жылы жетпей тұрған соң туған жылын әдейі қате айтып, жора-жолдас, бауырларымен бірге соғысқа аттаныпты. Бұл үлкен бір азаматтық, жігерлілік екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, Оспан Хатиұлы көптеген қолбасшылардың кітаптарын оқып шыққан, тіпті жатқа білетіндері де болыпты. Соғыс тактикасын, әдістерін өзі де отырып зерттеген. О.Сауранбаев соғыста мерген болған. Неміс мергенімен әртүрлі айла-тәсілдер арқылы атысып жүріп дәл мишығынан миллиметр жерден оқ зуылдап өткен екен. Сосын ішін жарылғыш заттың сынығы жырып кеткен. Ал үшінші жарақатын аяғына оқ тиіп алған. Сонда ол аман қалған соң жауға аттандап шаба беруге болмайтынын, өз басының амандығын сақтау мен сол соғысты қалай жеңу керектігін ойласа ғана нағыз ер азамат, сонда ғана нағыз батыр болатынын түсінген. Майданнан қайтқаннан кейін ол табаны күректей 20 жыл бойы Меркі ауданында прокурор болды. Ойлап қараған адамға бұл негізінде мүмкін еместей көрінетіні рас. Олай дейтініміз, аудандық прокурорды әр бес жылда ауыстыру керек. Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі Отанына сіңірген еңбегін бағалағандықтан болар, Оспан Хатиұлын бас прокурор етіп өз орнында төрт мәрте қалдырған екен. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған, «КСРО-ның құрметті прокуроры», Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері және бұдан басқа да көптеген медальдары бар. Міне, бір әулеттен өрбіген әкелі-балалы Сауранбаевтардың бірі осылайша елінің, туған жерінің амандығы үшін кескілескен қан майданның бел ортасында жүріп, кейіннен елге оралып қызмет істесе, әкесі тылда жүріп-ақ майдангерлерге қолұшын созып, мейлінше көмек көрсеткен. Тұтас әулеттің дәл осындай игі істері әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Өйткені, қазіргі кезде дәл осы Сауранбаевтар әулетінің туған жеріне, ауылына жасаған жақсылығын жерлестері де жарыса айтып жүр. Бұл да бір ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болса керек-ті.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.