Абыройың аса берсін, рухты тіл!
Қай заманда, қай датада қазақ халқы пайда болғаны белгісіз, әйтеуір қазақ халқы мың өліп, мың тірілсе де жоғалып кетпей, бірге жасасып келе жатқан қазақ тілінің құдіреті ма дерсіз?! Осы тұста Шерхан Мұртазаның “Ақындар мен әкімдер” атты кітап жинағындағы “Ұлтыңды танисың ба?” деген мақаласында “Алла адамдарды түр-түсі болмаса, кескін-келбетін, мүше-тұлғасын бірдей етіп сомдады. Бәрінде де бір бас, екі қол, екі көз, екі құлақ… Сонда жаратушы құдірет күллі адамзатқа неге бір-ақ тіл бермеген? Адам біткен бәріне ортақ бір-ақ тілде сөйлесе болмас па еді?” деп тіл төңірегінде тыңнан түрен салып, әр ұлтқа туған тілінің қаншалықты қажет екендігін тайға таңба басқандай көрсетіп кеткен. Соны жанымен ұғынған мемлекетіміз де тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап “Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде” деп ұрандатып келеді.
Алаш қайраткерлерінің аты ақталып, олардың әдеби, ғылыми мұралары халық игілігіне жараған ширек ғасырдан астам уақытта алаштану бағытында көптеген зерттеу еңбектері жазылды. Соның ішінде ұлт көшбасшысы бола білген Әлихан хақында да тың мағұлматтар жетерлік. Қазақтың бағына туған маңдайы жарқыраған арда ұлдың халқы үшін еткен еңбегі мен төккен тері телегей. Тарихымыздағы ХХ ғасырдың бас кезеңдерін Әлихансыз елестету мүмкін емес. Ол осы кезеңдерде тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін мойнына жауапкершілік жүгін байлап, басын бәйгеге тіккен тарихи тұлға.
Алаш ардақтысының өмір жолымен, артына қалдырған берері мол мұрасымен танысқан кез келген көзіқарақты жан оны ұлттық құндылықтардың қадіріне бойлай білген, елі үшін ет жүрегі езілген рухты азамат ретінде таниды. Ол өзінің төңірегіне топтасқан бүкіл Алаш ойшылдарын қазақша газет шығаруға, көркем шығармалар мен қазақ пән оқулықтарын жазып, қазақ баласын ана тілінде оқытуға жұмылдырды. Осы істерде ол жөн сілтеп, жалпы басшылық жасап қана қойған жоқ. Өзі де солардың бел ортасында жүріп, қолына қаламын қару етіп ұстап, әр ортада үн қосып жүрді. «Қияметке шейін қазақ «Қазақ» болып жасамақ» деп, ұлтымыздың қамын жеп өткен жұрт шырақшысы талай саналарға сәуле берді. Азаттық жолындағы арпалыспен өткен күреске толы ғұмырында бар күш-жігерін, білім-тәжірибесін халқы үшін сарп етті. Кезіндегі Алаштың арда ұлының тіл төңірегіндегі көтерген мәселелері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Бұны белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр» деп айтқанынан-ақ аңғарамыз.
Қазіргі таңда қазақ тілінің аясы кеңейіп, әлемдік деңгейде танылуда. Оған мысалдар жетерлік. Жуырда ғана Адам деп танылған меркілік азаматтың “Жүрек” деген әні қаншама шетелдіктердің жүрегін жаулап, ағы бар, қарасы бар, сарысы бар, ұлт біткеннің барлығы қазақ тілінде осы әнде жанын жеп айтты. Өзге ұлттардың біздің рухты тілімізде ән шырқап жатқанын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, өз тілімізге деген құрметіміз одан бетер арта түсті. Осыған дейін Димаш Құдайберген де бүкіл қытайлықтарды қазақ тілінде ән айтқызып, абыройымызды бір асырған еді.
Тағы бір қуантарлығы, миллиондаған пайдаланушысы бар “Duolingo” атты дүниежүзіндегі ең танымал тіл үйренетін мобильді қосымшаның ортақ чатында “Қазақ тілін үйренуге қалай қарайсыз?” деген сауалға көптеген шетелдік азаматтар қызығушылық танытқан екен. Олар қазақ достары бар екендігін алға тартып, қазақ тілін үйренуге деген құлшынысын байқатқан деседі. Міне, соның арқасында біздің көркем тіліміз әлемдік сұранысқа ие болуы да бек мүмкін. Тіпті, журналистік зерделеу барысында “Тіл оқыту орталығы” Шу аудандық бөлімшесіне де қазақ тілін үйренуге деген ниеті бар өзге ұлт өкілдерінің қатары жыл санап артып келе жатқандығын ресми мәліметтерге көз жүгірту арқылы аңғардық.
Жақында ғана екі қарт кісінің әңгімесіне құлақ түріп қалдым. Екеудің таңданыспен таңдай қаға айтып отырғаны-мектеп табалдырығын аттағанына 5-6 жылдың төңірегіндегі бүлдіршіндеріміздің қазақшаға судай ағып тұрғандығы. Күнделікті тұрмыста қолданылатын көкөністерді, мәселен орамжапырақ, қияр, қызанақтардың орысша баламасын мүлдем қолданбай, тек қазақша айтатын көрінеді. Тіпті, әлгі бір апамыздың немересі “Хайуанаттар бағына барып, керік, сусиыр көрдім” дегенінде “Ол не?” деп тосылып қалғанын да жасырмағанын жеткізді. “Иә, бұл балаларымыздың “Балапан” телеарнасын үзбей көретіндігінің арқасы десті екеуі. Шын мәнінде, менің де тілі енді ғана былдырлап шығып келе жатқан екі қызым бар, олар да “әкешім, анашым” деген кезінде елжірей қарайсың.
Өзімнің де тіліміздің шұбарланбауына, бөтен сөзбен былғанбауына атсалысып жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді. Шу өңірінде ары-бері “такси” қызметін пайдаланғанда жиі баратын Шу ауданы әкімдігі ғимараты маңын жұртшылық “центр” деп атап кетсе, мен көлік тоқтатқанда “орталыққа жеткізіп саласыз ба?” дегенде көбісі тосылып қалады. Сондай-ақ, көшелердің атауын көпшілігі “Шакирова, Рыскулова, Абая” деп жатса, бірден түзетіп “Шәкіров, Рысқұлов, Абай” деп айтыңыз деймін. Азаматтар қарсылық білдірген емес, керісінше құптап жатады.
Қазақ тілін жетік меңгеріп, оралымды, отты тілімізге келгенде орағыта сөйлеп, таңдай қақтырып жүрген өзге ұлт өкілдерінің де саны артып келеді. Тіпті БАҚ өкілдерінің арасында қазақша бағдарлама жүргізетін өзге ұлтты журналистер бұрын саусақпен санарлықтай болса, бүгінде қарасы артып келеді. Бұл, әрине қуантарлық, құптарлық жай.
Қазақ елі пайда болғалы бірге жасасып келе жатқан, тәуелсіздіктің айнымас қазығы-тіл төңірегінде тебірене жазбау әсте мүмкін емес.. Бүгінде тіл жанашыры болып, тіл турасында талай тұщымды ойларын ортаға салып жүрген жерлесіміз Оразкүл Асанғазы да қазақты қорғар айбыны адуынды тілі екенін талай мінберлерде айтып келеді.
Сөзіміздің басында тілге тиек еткендей, “Қазақстанның болашағы қазақ тілінде” деген сөзін “елім” деген әр азамат санасына қаққан қазықтай қадап алса, нұр үстіне нұр болмақ. Осы сөздің мәнін терең ұғына отырып, ана тіліміздің мәртебесін асқақтату-өзінің абыройлы міндеті екендігін ойларына тоқып алса, құба-құп.
Айғаным Асқарбек.