Ақпараттық портал

РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ ТЕТІГІ

Халқымыз қай заманда болмасын тәрбиеге қырын қарамаған. Қисығын тезге, қыңырын жөнге, адасқанын тура жолға салғанша “Күлтөбенің басында күн де жиын” өткізгені тарихтан белгілі. Тәрбиенің нәрі отбасында беріліп, соның негізгі өзегін аналарымыз сіңіретінін, шаңырақтың шайқалмауына тікелей әйел заты жауапты екендігін сан мәрте айтып келеміз.
Дана халқымыз “Тәрбие тал бесіктен”, “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дей келіп, “Ана бір қолымен бесікті тербетеді, бір қолымен әлемді тербетеді” деуі арқылы ананың тәрбиеде
алар орнын шегелеп берген.
Сол үрдістің арқауын үзбей, бұл күндері де тәрбиелік мазмұндағы келелі жиындар көптеп өтуде.

Сондай тәрбиелік мәні зор жиындардың бірі, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазықызы мен Дәмеш Шайхықызының қатысуымен аудандық мәдениет үйінде “Отбасы берекесі” атты әйелдер форумы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының мүшелері, жалпы білім беру мекемелерінің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, мектеп психологтары, мейірбикелері, ата-аналар комитетінің төрайымдары мен мүшелері қатысты.
Тағылымдық мәні зор кеш ана тақырыбындағы әсерлі әнмен ашылып, төрге форум қонақтары шақырылды. Форумның модераторы Шу ақпараттық медиа орталығының басшысы Меруерт Тоқмолдаева форумның мақсаты мен міндетін түсіндіріп, елдің құрметіне бөленіп жүрген қонақтарымызды көпшілікке таныстырды.
Қазақ қашанда үлгісіз ұлт болған емес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. Кешегі бүтіндей бір руға сөзі өтімді, рухы биік, адуынды аналарымыздың жалғасындай болған Оразкүл Асанғазықызы талай мінберлерде елдің болашағы үшін шырылдап, ұрпақ қамы үшін келелі ойларын ортаға салып жүрген ұлт жанашыры. 12 мамыр – Аналар күні мен 14 мамыр – Отбасы күніне орайластырып өткізілген форумда сөз тізгінін алған жерлесіміз Оразкүл Асанғазықызы ене мен келіннің, ана мен баланың, ер мен әйелдің арасындағы байланыстың тиімді жолдарын, отбасы құндылықтарын сақтаудың алғышарттарын тәптіштеп түсіндірді. Әр сөзіне ұлы ғұламаларымыздың сөздерін үлгі етіп, астарлы сөздің мәнін ұғындырды.
Тағы бір ескерерлік жайт, қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болатынын алға тартқан Оразкүл Асанғазықызы олардың да шешімін көрсете білді. Бұл әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген қиындықтарға тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны ерекше екендігін де алға тартты. “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” деген даналықты ұстанған халқымыздың осы бір сөзін санаға сіңіріп, баланы мейірімге бөлеп өсіру қажеттігін, әр бала жұлдыз болып жануы үшін жігерлендіріп отырудың жөн екендігін қадап айтты.
Бұған қоса жан мен тән төңірегінде ой қозғады. Тән ашыққандай жан да ашығатынын, тән жаурағандай жан да жаурайтынын, тән ауырғандай, жан да ауыратынын айтып, отбасындағы мүшелердің бірін-бірі сыйлап, мақтап, әр ісін жақтап, жақсылығын айтып отыруы аса маңызды екенін тілге тиек етті. Әрі тәнді тамақтандырғандай, жанды да рухани азықтандырып отыру қажеттігін атап өтті.
Сөз басын хас батырымыз Бауыржан Момышұлының “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деген сөзімен бастаған Оразкүл Асанғазықызы рухты еріміздің “Ұшқан ұя” кітабы әр баланы тәрбиелеуде негізгі құрал болуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ, елі үшін алаңдаған ержүрек бабамыздың қорқынышын жан-жүрегімен сезіне отырып, ой елегінен өткізе білген ұлт жанашыры батыр бабамыздың “Мен үш нәрседен қорқамын.
Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын” деген рухты сөзі әйел затының санасын сілкінтуі қажеттігін де тауып айтты. Бабамыздың сөзін басты ұранымыз етсек, ұтарымыз көптігін көңілге ұялатқан жерлесіміз Оразкүл Асанғазықызы балаларымызды халық ауыз әдебиетімен сусындатып, ертегі, жыр-дастандарды жаттатуды қолға алса деген тілегін жеткізді. Бұл істе ұстаздарға артылар жүк ауыр екендігін де ойға салды.
Мұнан кейін сөз тізгінін алған Дәмеш Шайхықызы бала тәрбиесінде білім мен отбасы ошағы бірлесе, біте қайнаса, тонның ішкі бауындай қатар жүріп еңбек етуі қажеттігін баса айтты. Әр баланың жүрегіне сенім ұялату үшін білім ошақтарында тіпті мектеп директорының өзі таңертең ерте келіп, әр келген баланы жылы шыраймен қарсы алып, басынан сипап, арқасынан қағуы аса маңызды екенін шегелеп айтты. Сондай-ақ мектеп қабырғаларында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын тиімді үйлестіріп, сол арқылы әр баланың бойында ар-ұят құндылықтарын қалыптастыруды жолға қоюды дұрыс деп таныды. Қанша жылдар бойы білім саласында тер төгіп жүргендіктен әрі осы Шу өңірінің қызы болғандықтан ауданның ау-жайын жете білетін Дәмеш Шайхықызы ауданның білім ошақтарындағы олқылықтардың орнын қалай толтыруға болатынын да жік-жігіне бөліп, түсіндіріп берді. Сөз арасында ой түйерлік өмірлік мысалдарды да келтіріп өтті. Құлақ түріп отырған көпшілік “айтылған сөз орынды” десті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған форумда жиналған қауым толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Төркініне құрқол келмеген Оразкүл Асанғазықызы толымды пікір, ұтымды сауал қойған жандарға кітап сыйға тартты. Түсінген жанға ең бағалы сыйлық – рухани азық болар кітап екендігі анық. Тарту-таралғы жасалғаннан кейін мінберге аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы шығып, ізгі лебізін арнап, аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің сәлемін жеткізді. Бұған қоса, қос қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы мен Дәмеш Шайхықызына “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін табыстап, қызыл раушан гүлдерін ұсынды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы да сөз алып, қос жерлесімізге әсерлі тілегін арнап, отбасы төңірегінде ой саларлық өнегелі сөздерін ортаға салды. Форум соңында Оразкүл Асанғазықызы мен Дәмеш Шайхықызын жұртшылық қаумалап, емен-жарқын әңгіме өрбітіп, тіпті орайы келгенде естелікке суретке де түсті.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.