Селк еткізетін…
«Селт етпейтін шенеуніктерге селк еткізетін пәрменді бұйрық керек, әйтпесе халықты тыңдайтын үкіметтің дәрмені болмай қалады» деп қайран Шерағаның (Шерхан Мұртаза) әбден електен өткізіп, қоғамдық өмірдің сынын дөп басып айтқан сөзіне шүбә жоқ. Айтылу мен түзелудің қисыны осы күні кетеуі кеткен кетпен секілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде аудан көлемінде тарайтын жергілікті газет сөзінің пәрменіне селт етпек түгілі, пысқырмайтын шенеуніктерде «не істер дейсің, сөйлеп, сөйлеп қояды ғой» деп, еркінсіп отыратын сыңай байқалады. Түйткілді тірліктің түйінін тарқатып, қарапайым халықтың жоғын жамау мақсатында тұрғындарды тыңдайтын билік басшыларына газетімізден «Тосын сауал» айдарын да ашқан едік.
Осы айдар аясында гаазеттің өткен жылғы №99 санында Шу-Төле би бағытындағы «Бауыржан» дәмханасының жанындағы жасанды жол кедергісінің көпшіліктің наразылығын тудырып отырғандығы, жол кедергісінің қисынсыз, талапқа сай емес орнатылғандығы, осы мәселе төңірегінде аудандық полиция бөліміне қарасты жол полициясы қызметіндегі техникалық сарапшының «ол жерге бағдаршам орнатылуы тиіс» деген нұсқамасы айтылғандығы жазылған болатын. Алайда, тиісті мекеме басшылығы тарапынан бұл іс әлі күнге дейін орындалмай келеді. Неге? Күннен-күнге көбейіп келе жатқан автокөлік қозғалысының күрделеніп бара жатқаны бәрімізге аян.
«Газетке шыққаннан не пайда? Ешқандай қорытынды нәтижесі болмаса. Жұртты үміттендіріп, жәй ғана бояма сөздерді не үшін жазасыздар? Сол жерде соңғы кезде бірінің артын бірі сүзіп, бүлінген көлік көбейді»-деп жергілікті автокөлік иелері мен такси жүргізушілердің бір тобы реніштерін білдірді.
Жақында, яғни ағымдағы жылдың 6 наурыз күні жарық көрген аудандық газетте жергілікті журналист, осы жолдар авторының «Лайықты құрмет неге көрсетілмейді»? атты сын мақаласындағы орынды айтылған пікірге аудан жұртшылығының біразы байланысқа шығып, ортақ пікірге қолдаулар білдірді. Демек, газет көтерген мәселелер көпшіліктің мүддесімен үндесіп жатыр деген сөз.
Ал енді, аудан жұртшылығы өкілдерінің «айтылған мәселеге қанық жергілікті билік өкілдері көпшіліктің тілегін неге орындамайды?»-деген талаптарын орынсыз деп те айта алмайсың. Не істемек керек? Газет бетінде көтерілген мәселелерге қатысты аудан басшылығы, жергілікті шенеуніктер неге үнсіз?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қоғамдағы кез келген майда тірліктен құралатын, тіршілік түйткілінде болатын көпшілік сұранысына зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет» деген үндеу сөзін басшылықта отырғандар білмейтін тәрізді.
Орын алған жағдайларды бағамдай келе, біздегі жауаптыларға «Селт етпейтін шенеунік» деген баға беруден басқа амалымыз қалмағандай. Бұл тұста селк еткізетін пәрменді бұйрықтың жоқтығы да айқын аңғарылып тұр ма дерсің.
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ.