Қос жеңімпазға құрмет көрсетілді
Жуырда ғана Астана қаласында бокстан жастар арасындағы
ASBC Азия чемпионаты өткен болатын. Құрлықтық біріншілікке Азияның 25 елінен 500-ге жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Байрақты бәсекенің ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан бокс федерациясы мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткенін де айта кеткен жөн.
Аталған Азия біріншілігіне еліміздің ұлттық құрамасында өнер көрсететін шулық боксшылар да қатысып, бақ сынаған болатын. Оның бірі – Мадияр Бексұлтанов болса, екіншісі – Бекнұр Батырбек. Екі оғланымыз да жарыс жолында кезіккен қарсыластарының барлығынан басым түсіп, екеуі де Азия чемпионы атанды. Айта кету керек, Төле би ауылының тумасы Мадияр Бексұлтанов бұған дейін де Сербияда өткен бокстан кадеттер арасындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, еліміздің абыройын асқақтатып қайтқан болатын. Енді, міне, финалдық бәсекеге дейін сүрінбей жетіп, ақтық сында қырғызстандық Мухаммадазиз Закировтан 4:1 есебімен басым түскен болатын. Алға ауылдық округінің тумасы Бекнұр Батырбек те өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Осыған орай, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған аудан жұртшылығы қос жерлесімізді теміржол вокзалынан сән-салтанатымен күтіп алып, жеңістерімен құттықтады. Аудан басшысы жеңімпаздардың ата-аналары мен жаттықтырушыларына алғысын білдіріп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Бір ғана ауданнан екі жеңімпаздың шығуы Әулиеата өңіріндегі, оның ішінде Шу ауданындағы бокс спортының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын анық аңғартып тұр десек, артық айтқандық емес. Жамбыл бокс мектебі тұтас елімізге әлдеқашан мойындалғанын ешкім де жоққа шығара алмас. Ал, бүгінгі буынның ішінен жасындай жарқылдап шыққан жас боксшылардың әлемдік аренада атой салуы сол сабақтастықтың әлі де жалғасып келе жатқанын аңғартады. Бұл үрдіс әрі қарай да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Ерғали Қартайған.