Ақпараттық портал

Әріптестер арасындағы ала доп аламаны

Денсаулық – жұмыр басты пендеге берілген аманат. Оған қиянат етпеу үшін зиянды құмарлықтан бойды аулақ ұстап, спортпен шұғылданған жөн. Әсіресе, физикалық тұрғыда қимыл-қозғалысы аз мемлекеттік қызметшілерге спорттың берер
пайдасы зор. Сондықтан жиірек
спартакиада ұйымдастырудың артықшылығы болмайды.

Бұған дейін аймақтың бірнеше ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында волейбол турнирі өткен болатын. Бұл жолғы жарыс Шу ауданында өтіп, ол Балуан Шолақтың 160 жылдығына бағышталып отыр. Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 8 команда бақ сынаған доданың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Баршаңызды игі дәстүрге айналған волейбол турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Доп додасының тартысты өтуіне тілектеспін.Өздеріңіз жақсы білесіздер, спорт – саулық пен саламаттылықтың кепілі. Себебі, спортпен шұғылданған адамның тәні шымыр, рухы азат, ойы ұшқыр болады. Мұндай спорттық шараларды өткізу облыс спортын оң нәтижеге жетелей түсетіні сөзсіз.
Биыл сазгер, бұла күштің иесі, біртуар тұлға Балуан Шолақ бабамыздың 160 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Бүгінгі дода соның бір парасы. Алда жоспарланған жұмыстар жетерлік. Бүгінгі жарысқа белсене қатысқандарыңызға алғыс білдіре отырып, баршаңызға сәттілік тілеймін,-деді Найман Кенжеханұлы.
Тартысқа толы турнирде жерлестеріміз жүзден жүйрік атанып бірінші орынды иеленсе, көршілес Т.Рысқұлов ауданының командасы күміс жүлдені еншіледі. Сондай-ақ меркіліктердің мерейі үстем болып, үздік үштікті түйіндеді. Турнир соңында жеңімпаздар марапатталып, арнайы дипломдар мен кубоктар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
-Бүгін Шу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы мемлекеттік қызмет істері департаменті мен облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ауданаралық волейбол турнирі өтті. Оған әріптестерден құралған 8 команда қатысты. Мұндағы мақсат – әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, байланысты бекітіп, бұқаралық спортты дамыту. Турнир тартысты өтіп, жеңімпаздар анықталды,-дейді аудан әкімі аппаратының басшысы әрі әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Жетпісбайұлы.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.