Ақпараттық портал

ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЭНЕРГИЯМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТПЕК

Жамбыл облысындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің 10 – сынып оқушылары Құмқай Анель мен Абдрахман Асқар ауылда жаңа технология мен жасанды интеллектті қолдана отырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін, ауданның экономикасын және инфрақұрылымын дамытатын жоба жасап шығарды.
Бұл жоба арқылы егіншілік және мал шаруашылығы сынды адамның көп күшін талап ететін жұмыстар автоматтандырылып, шалғай ауылдарда өмір сүруге қолайлы жағдай туындамақ. Жобаны іске асыру барысында «Arduino» платформасының арқасында егіншілікке автоматтандырылған суару жүйесі, ал, мал шаруашылығына суды ластамау мақсатында жасанды интеллектің көмегімен іске асатын каналдар орнатылады. Сонымен қатар, қорадағы малдардың қалдықтарын тазалап, қоймаға жинау және оны егін шаруашылығына тыңайтқыш ретінде қолдану да қарастырылған.
Технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалану арқылы ауыл және аудан тұрғындарының жұмысын жеңілдетуді ғана емес, оларды сапалы, тұрақты және тегін энергиямен қамтамасыз етуді көздеген жоба – еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып, түрлі экологиялық мәселелердің алдын алмақ.
«Бұл жобаны жасаудағы басты мақсатымыз қолжетімді бағада ауылшаруашылығын дамыту болғандықтан, біз энергияны табиғи жолмен өндірудің 3 түрін алып қарастырдық. Олар: су энергиясы (гидроэлектростанция), күн энергиясы (күн панельдері), жел энергиясы (жел диірмендері). Біздің жобамыз келесі схема арқылы жұмыс жасайды: ауыл маңындағы өзен немесе көл арқылы гидроэлектростанция элекр тоғын өндірсе, ауа-райына байланысты күн мен жел энергиясы да қарқынды өндіріліп отырады. Осы үш табиғи жолмен өндірілген электр энергиясы басты электростанцияға жиналады. Содан кейін жиналған энергия көзі барлық ауылдағы тұрғын үйлерді электр тоғымен, жылумен және жарықпен қамтамасыз етіп отырады. «Arduino» платформасындағы жасанды интеллектте осы процестің барлығы автоматтандырылған түрде бақыланып отырады. Сондай-ақ, электростанциядағы энергияның мөлшерінде көрсетеді»,- дейді жас өнертапқыштар.
Келешекте оқушылардың ойындағы жоба іске асса, елдегі урбанизация үрдісіндегі өзекті мәселелер шешімін табары анық.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.