Спорт ардагеріне арналған турнир
Шу өңірі ықылымнан дарынды жандарға, оның ішінде спорт саңлақтарына бай өлке. Біз басылымның осы санында спорт саңлағы әрі білікті спорт ұйымдастырушысы туралы аз-кем толғануды жөн тауып отырмыз.
Өмірбек Доңғараұлы Керімбеков 1954 жылы 7 мамыр күні Шу қаласында дүниеге келген. Жастайынан теңбіл допты серік етіп, шаһардағы «Локомотив» стадионында футбол ойнаған. Мектеп қабырғасын бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы теміржол инженерлерін дайындайтын институтқа оқуға түседі. Сонымен бірге Ташкент шаһарының «Локомотив» футбол командасы сапына қабылданып, жасыл алаңда жасындай жарқыраған.
Жоғары білімді алған соң ол бөлініс бойынша Чуваш АССР-не жолдама алып, онда да РСФСР біріншілігіндегі Чебокасары қаласындағы «Локомотив» және «Энергетик» командаларының намысын қорғайды. Туған жерге оралуды ойлаған Өмірбек Доңғараұлы алғашқы командасына қайта оралып, кейін «Вагонник» командасының жейдесін киеді.
Кейіпкеріміз мүшесі болған Жамбыл қалалық «Локомотив» облыстың бірнеше мәрте жүлдегері мен чемпионы болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Алматы теміржолшылары арасында бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерген. Кейіпкеріміз өнер көрсеткен шулық «Қайрат» командасы ауыл шаруашылығы саласындағы командалар арасында ҚазССР чемпионы болғаны дүйім жұрттың есінде.
Физикалық тұрғыда аса күшті болмағанымен Ө.Керімбеков жасыл алаңда жедел тактикасымен, зиялы зердесімен, ұтқыр шешімдерімен командаластарына көмек қолын көп созған жан. Сонысымен талай мәрте жеңісті тойлаған. Алаңда асқан шеберлік көрсеткен ол 1990-2000 жылдар аралығында өзін білікті басшы ретінде паш етті. Себебі Өмекең осы жылдары ауданның және қаланың дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған болатын. Оның осы лауазымды атқарған жылдары жыл сайын спорттың он түрінен спартакиада өткізіп, оған түрлі саланың қызметкерлерін тоғыстыратын. Спартакиаданы ұйымдастырумен қатар өзі де спорттық киімін киіп, ортадан табылатын. Одан бөлек, мәшһүр спорт түрлерінен қалалық және аудандық чемпионат өткізетіні әлі есімізде.
Сонау 90-шы жылдардың басында оның бастамасымен Шу қаласы мен қазіргі Төле би ауылында Тимур Сегізбаев, Сейділдә Байшақов сынды Қазақстан футболының корифейлерінің қатысуымен жолдастық кездесулер өткізгені оның осы салаға деген адалдығын айқындайды. Сондай-ақ, аға буын кеңестік футбол жұлдызы, олимпиада және Еуропа чемпионы Альберт Шестерневпен жүздескенін спорт мерекесіне балайды.
Биыл Өмірбек Керімбеков 70 жастың желкенін керіп отыр. Мерейтой иесінің ынта танытуымен теміржолшылар қаласындағы «Локомотив» стадионында ардагерлер арасында кіші футболдан халықаралық турнир өткізілді. Аталмыш турнирдің қадірлі қонақтары қатарында Қырғыз Республикасынан келген ардагерлер де бар. Шараның ашылуында шеру ұйымдастырылып, мерейжас иесінің мекенжайына жылы лебіздер айтылып, сый-сияпаттар табыс етілді.
Аптықпай басып, асықпай доп тепкен ардагерлер арасындағы доданың жеңімпазы ретінде Қордай ауданының командасы дараланды. Қонаев ауылының командасы күміс жүлдеге қол жеткізсе, жерлестеріміз қола жүлдені қанағат тұтты. Барлық жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнир арнайы жайылған ақ дастарханмен түйінделді.
Қазіргі таңда Ө.Керімбеков құрметті демалыста. Бірақ, зейнеттемін демей, аудандық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген «Достар» командасының сапында шеберлігін паш етіп жүр. Сөз соңында спортшы қарияға зор денсаулық, бақыт пен береке тілейміз. Өз белсенділігімен өскелең ұрпаққа өнеге таратып жүруіне тілектеспіз!
Руслан Искаков.