Ақпараттық портал

Елі үшін егескен есіл ерлер

Тәуелсіздік таңы атқалы өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, ғасырлар қойнауындағы рухани құндылықтарымызбен қайта қауыша бастадық. Өткен тарихымыздың өн бойына қан жүгірткен, өз кезінде өлшеусіз істер тындырған Алаш қайраткерлері аттарын алтын әріптермен жазып, жыл жаңарған сайын жасампаз істерін өскелең ұрпаққа үлгі етуде аянып қалған емеспіз.
Әлі де Алаш қозғалысының ақтаңдақ беттері зерделене түсуде.
Халқымыздың тарихында мерейі тасып, абыройы асқан мәртебелі дәуірлерімен қатар, «толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішкен, тар жол тайғақ кешкен» тауқыметті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат.
Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділердің ісі республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені – бұл зұлматтың қаншалықты қасыретті болғанын көрсетуде.
Ел мен жерді, тіл мен дінді қызғыштай қорыған Алаш арыстарын ұлықтау-бүгінгінің ұраны мен ұлы ісі болмақ. Көреген басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп атап көрсеткен болатын.
Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «Алжир» лагерінде азапталды.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды. Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» деген болатын. Біз осындай таутұлғалы азаматтарымыздан үйлесім мен үндестік табуға ұмтылған өскелең ұрпаққа өнеге болар кездесуді жиі өткізсек, тәрбие мен білімді ұштастырғанымыз сол болмақ.
Гүлзира Исатаева,
Төле би ауылдық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханасының кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.