Ақпараттық портал

Шетел асқан қазақ жастары

Қазіргі таңда білім іздеген жанның жолы әрқашан ашық. Қазақ жастарының заман талабына сай білім алуға деген құмарлығын көріп, қуанамыз. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, жастардың шет елде білім алуларына мүмкіндіктері арта түсті десе де болады. Талабы таудай жастарға қолдау да көрсетіліп келеді. Осылайша, өз білімдерін шыңдау мақсатында шетелде білім алып жатқан жастар көптеп кездесуде. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Ата-ана үшін де, студент үшін де үлкен мәртебе. Соңғы жылдары елімізде жастардың шетелде оқуы қалыпты жағдайға айналып кеткен. Мұның басты себебі отандық білім деңгейі әлемдік деңгейден төмен және шетелде білім алудың айтарлықтай артықшылықтары көптігінде болса керек. Жасөспірімдердің шетелге қызығатындығы да осында. Оған қоса, ниет білдірген адам тәжірибе де жинақтайды. Сол ұлттың мәдениеті, дәстүрімен танысады. Осылайша, біліммен қоса адами тұрғыда тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер туындайды. Бұл ой-өрістің өркендеуіне психологиялық тұрғыдан да оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, шетелден оқып келген азаматтар өз еліне жұмысқа орналасу барысында оларға ең үздік жұмыс орындарын таңдауға мүмкіндік бар. Бұл тұста өз елімізде жоқ, шет елдегі дүниелерді елімізде дамытып, экономикаға үлес қосады.
Алайда, өкініштісі сол, шетелге білім алуға барған жастардың басым бөлігі сол жақта қалып койып жатады. Яғни, әр адамда алуан түрлі мақсат пен арман бар. Бірінің мақсаты – жайлы өмір. Жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жатқандар қаншама?!. Енді бірінің мақсаты – дамыған елдегі жоғары оқу орындарынан сапалы білім алу, әлемдік рейтинг бойынша мыңдыққа енетін жоғарғы оқу орнының студенті атану және сол елде қалып қалмай, елге оралу. Осындай жастарымыз өзге елден алған білімдерін өзінің мемлекетінің игілігіне пайдаланып, туған жерінің өркендеуі мен әл-ауқатының дамуына ықпалын тигізіп жатса, ол қуанарлық жайт. Қазақстанда дарынды да талантты жасөспірімдер өте көп. Мысалы, ресейлік жоғарғы оқу орнының өкілдері Қазақстаннан барған мықты талапкерлерге қызығушылық танытуда. Сондықтан талантты қазақ жастарының білімін шет елдің экономикасын дамытуға емес, туып-өскен отанының дамуына жұмсауы үшін бірқатар шараларды қолға алу қажет деп білемін. Жүрегінде патриоттық сезімі бар адам шетелдегі жақсы өмірге еліктемей, отанына оралып, туған жерінде жоқ нәрсені жасап, қызмет етері сөзсіз.
Ойымды қорытындылай келе, өзге елде білім алғанымен, сол елде қазақ жастарының тұрақты қалуына түбегейлі қарсымын. Яғни, сол елден білген-түйгенін еліміздің пайдасына жаратып, өз елімізге жұмыс атқарғаны дұрыс деп санаймын. Әрбір жас ұрпақ – еліміздің болашағы, ол өз еліміздің дамуы, көркеюі, өркендеуі жолында еңбек етуі тиіс. Бұл білімді, білікті жастардың қолынан келетіні анық. Әр жас өз елінің жарқын болашағы екенін ұмытпауы тиіс.
Мөлдір Жексенбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
1-курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.