АДАЛДЫҚ
Қу тірліктің ығымен асығып жүріп, аудан орталығындағы дүкеннің бірінен сусын, тағам алып шыға беріс дүкеннің алдындағы көлігіме отырған жерде бүкіл құжаттарым салынған кітапшамды түсіріп алыппын. Банк карточкалары, төлқұжат, көлік жүргізу куәлігі, тағы басқа да құнды құжаттарымның топтамасын түсіріп алғанымды білмеген едім.
Үйде отырғанымда тосын қоңырау шалған бейтаныс жас жігіттің «сіз құжаттарыңызды жоғалтқан жоқсыз ба»? дегенінде, киімімнің қалтасына салдым деген құжат кітапшам жоқ екенін біліп, есім шықты. Хабарласқан жігіт сабырлы қалыппен өзінің қай жерде мені күтетінін айтты. Тіршілік түйткілінде байқала бермейтін, кішкене нәрседен құралып, ауқымды істерге мұрындық болатын «адалдық» деген қасиеттің қасымызда жүргенін біле бермейтініміз шындық. Міне, сол адам бойындағы асыл қасиеттің аз айтылып, қулық, алдау, өтірік айту секілді жағымсыз әдеттердің осы күні белең алғаны туралы көп айтылып жүргені рас. Оған қоса, мұндай қылықтар жас талғамайтын болды. Айтылған уәделі жерге барып, алғысымды айтып, құжаттарымды қолыма алып, жас жігіттен жөн сұрасқанымда Алға ауылының азаматы Ілияс Асхатұлы, Амангелді орта мектебінің 2013 жылғы түлегі, аудандағы сауда дүкендеріне тапсырыспен тауар жеткізетін кәсіпте екенін айтты.
Адам баласы жаман ойға жүйрік қой.
-Ілияс бауырым, банк карточкасы, оның жасырын коды, телефон нөмірі бәрі кітапшамда жазулы. Дайын құжат. Ойың бұзылып, қазіргі интернет алаяқтары секілді жат ойды іске асырып, несие рәсімдеп, пайда көру ойыңа келмеді ме?-деп сұрадым.
–Атам Мәскеубай ылғи да бала кезімнен «Балам, біреудің ала жібін аттама, біреудің дүниесіне көзіңді салма, өзіңнің адал еңбегіңді бағала» деген сөздерді құлағыма әбден сіңірген еді. Айтқан өсиеттерінің мәнін есейгенде біліп жатырмын. Кейін мектептегі білім мен тәрбие берген мұғалімдерімнің тәрбиесі шығар, жаман ойым болмады. Жадымда ылғи мектептегі ұстаздарым, сол кездегі сынып жетекшім Бану Ыдырысова, мектеп басшысы болған Клара Баубекова апайларымыздың «әрқашан адал болыңдар» деп үйреткен тәрбиесі болмаса, кім біледі,-деп әзілмен жауап берді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәлім сөздің бекер айтылмағаны осындайда ойға оралады. Соңғы кезде әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары болсын, бәрінде интернет алаяқтарынан, жасырын қоңырау шалып, банк қызметкерімін деп алдап, талайларды зар илетіп жүрген қулардан сақтандырып жатқан хабарландыруларды көп естиміз. Ал мына менің басымдағы жағдай алаяққа тап келсе, дайын күлше екені бесенеден белгілі. Айтпағым, көп жерде замандық көрініске ренжіп, жастарымызды кінәлап та жатамыз. Жоқ. Ананың сүтімен, ұстаздардың жақсы тәрбиесімен өскен жастарымыз баршылық екен. Қазақы болмысымыздың бояуы шығып тұрған осы жағдайды газет бетіне жариялап, «адалдық» деген өміршең ұғымның келешек ұрпақтың бойында бар болғандығына қуандым. Осындай жастарымыздың қатары көбейіп, адал еңбегінің рахатын көрсін демекпін.
Несіпхан Қоңырбаев.