Ақпараттық портал

Балаларға қорған болмасақ…

Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне бей-жай қарамаған. Тіпті, болашақ ұрпағының анасын текті жерден іздеп, құндылықты құрсақтағы баладан бастаған. Ежелде бір данышпанға баласын ерте келген кісі баланы қашаннан бастап тәрбиелеу керектігін сұрайды. Оған данагөй «Жігітім, бірнеше жыл және 9 ай кешігіп қалыпсың» деп жауап қатады. Мұның түпкі мәнісін оқырман қауым оңай аңғарып отыр.
Біз жыл сайын 1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеміз. Бұл мерекенің тарихына көз салсақ, 1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесін көтеруден атаулы күн бастау алады. Араға жыл салып, бұл күн алғашқы рет ұйымдастырылады. Тағы бір деректерде, 1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған делінген.

Жүрегінде мейірімі бар адам үшін бала өмірдің мәні. Ата-ана ретінде, қоғамның мүшесі ретінде оларға қорған болып, болашағына алаңдайтынымыз ақиқат. Сондықтан басылымның осы санында балаларға назар аударып отырмыз.
Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов бір сөзінде «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деп бізге оймақтай ой тастайды. Бәріміз баламыз адам болсын, оқысын, еңбек етсін деп тәрбиелейтініміз белгілі. Алайда, өзіміз қандай үлгі көрсетіп жүргенімізге мән бермейміз.
Біз ең алдымен балаларды жемқорлықтан қорғауымыз қажет. Ол үшін ұл мен қызға «біреудің ала жібін аттама» деп төну жөн емес. Жай ғана тұла бойын пенделіктен, жеңіл пайдадан, кісі ақысын жеуден тазала. Ұлға ұлағат, қызға өнеге көрсет. Оны Жүсіпбек Аймауытов «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деп бірнеше он жылдықтар бұрын айтып өткен. Болмаса, бала шелекке құйған суың. Тұнық шағында түбіне қарасаң, өзіңді көресің. Сондықтан, үкіметтен үміт күтпей, балаға адал тамақ бер. Оған біреудің көз жасы, біреудің реніші араласпасын. Біз өзіміз түзелгенде ғана қоғам түзелетінін мықтап түсінуіміз керек.
Содан кейін, балаларды дүбәрәлықтан қорғауымыз керек. Себебі, бүгінгі баланы теледидар мен телефон тәрбиелеп отыр. Бұл жайында Мағжан Жұмабаевтан асырып айтуымыз мүмкін емес. Сыршыл ақын сол кездің аналарына «Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып, өсек аңду анаға лайық іс емес, баланы таба білсең, ерінбей баға біл» деп ақыл айтады. Заманға сай біз бұл сөзді сәл өзгертіп, бала тынышталсын деп оған телефон беріп қою дұрыс емес дегіміз келеді. Қазір үйде де, далада да смартфон сипалап отырған баланы көресіз. Көпшілігі солай. Мамандар физикалық тұрғыда белсенділігі төмен, күн сәулесінен керекті қуат алмаған, қоғаммен қарым-қатынас құра алмаған балалардың болашағы қорқынышты екендігін айтып, дабылды қағудай-ақ қағып жатыр. Қала берсе, цифрлық аутизм баланы өз құрсауына оп-оңай түсіреді.
Сорақы дүниелердің тағы бірі – тик-ток. Біз бұл әлемнен балаларды алып шыға алмай жатқанда, ата-әжелердің стримнің төрінде отырғанын көріп, жағамызды ұстаймыз. Бұл бәлекеттің еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жаулап алғаны ащы болса да ақиқат. Тик-ток салтанат құрып тұрған шақта, ұрпаққа ұят, обал, сауапты ұғындыру оңайға тимейді. Ұялы телефонын тұғырға қондырып, ерсі билерді қымсынбай билейтін қыздарды қайтіп жөнге саламыз? Әрине, мұның тоқ етерін мемлекет қоя алады. Бірақ барлық шаруаны солай қарай ысыруға да болмайды. Біз де бір қам жасап көрелік.
Турасын айтқанда, біз құндылықтар көмескіленіп бара жатқан дәуірде тұрмыз. Біздің тойымыз даңғаза, жаназамыз жарыс, медицинамыз мешел, біліміміз мүгедек. Ауруды жасыра беріп, асқындырып алғандаймыз. Бұрын біз мектеп бітіруді мерекелейтінбіз. Кейін 9-сыныпты тәмәмдағанды тойлағандарды көрдік. Бақуатты тірліктің белгісі болар, қазіргілер бастауышпен, қала берді балабақшамен қоштасуды шығарып жатыр. «Байдың малын байғұс қызғанды» болмасын. Бірақ аузынан сүт кетпеген балаларды жарыстыруға бола ма? Бұл да бір белес саналғанымен, баласына көрнекі киім, сыйлық алуға шамасы жоқ отбасылардың көңілін ойлауға болмас па еді? Қу намыс деп қарызданып, одан отбасылық ұрыс шықса қайтпекпіз? Онсызда қисапсыз тойдың түрлері көбейгенде, мұнымыз жөн емес-ау. Ойланалық, ағайын!
Барлығы жеңілдеген сайын, күрделеніп кеткен дүниеге куәміз. Соның салдарынан болар бәлкім, жадырап жүрген адам некен-саяқ. Бәрі ашулы. Бәрі асығыс. Осындайда мейірімге зәру баланың халін қалайша бағамдамаймыз? Ішкі ойын ашып айтуға батпайтын қаншама жасөспірім өз-өзіне қол салып жатыр. Кейде түсінбей кететініміз. Балалар бақшасының ортақ чатындағы «біртүрлі» ата-аналар тәрбиешінің жанын алып жатады. (Балаға дөрекі қызметкерлерді де жақтамаймын). Сондағы айқайдың төркіні «менің балам неге суреттен көрінбейді, неге видеоға түспеген» дегеннен туындайды. Ондағы мақсат статус пен сториске салу. Біз айтар едік, берекелі өміріңді, балбұл жайнаған балаңды, тәтті тамағыңды, серуен мен сапарыңды әлеуметтік желіге жүктеме деп. Біріншіден бұл кембағалдардың көңіліне тиеді, екіншіден тіл-көзге жол ашады. Себебі, барлығы бірдей «Бәрекелді» деп береке тілеуді білмейді. Олай айтпаған соң, көз тиіп кетіп, түсініксіз ауруларға ұшырауы бек мүмкін. Сол үшін баланы тіл мен көзден қорғашы ата-ана! Салма демейміз. Бірақ, сиретсеңіз, қуанар едік.
Қазақта «балаңды аясаң, аяма» деген тәрбиеге толы сөз бар. Балалығын соғыс жалмаған жесір ғасырдың жетім ұрпақтарын еске алсаңыз, жеткілікті. Бір ғана Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айшасын» оқып шықсаңыз, көп дүниені ұғатыныңызға сенімдіміз. Біздің түбімізге баланы өбектеу жететінін жете түсінейік. Баланы аналық инстиктің бұғауынан шығарайық. Бізге Құдайдың өзі бүркітті мысал етіп қойғандай. Бүркіт – таудың құзар басына ұя салатын бекзат мақұлық. Аналығы жұмыртқа басарда талдың майда шыбықтарынан ұя жасап, оған өз ұлпасын төсейді екен. Кейін балапандап, ұрпағы жетіле бастаған шағында бүркіт ең алдымен әлгі мамық жүнді алып тастайды екен. Қатты шыбыққа жөнді ұйықтай алмаған балапан өмірге талпына бастайтын көрінеді. Кейін қанат қағар тұста әкелері балапандарын зәу биіктен төмен қарай лақтырады. Ұша білгендер аман қалып, әлсіздері сапарларын сол жерден тәмәмдайды.
Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» дегені даналық емей немене? Жетіге келгенше жерден таяқ жемей, топырақ пен шаңға аунамай, төбелесіп, татуласпай өскен балалықтың қай жері қызық. Сондықтан «Кәрі қыз ұл таппайды, ұл тапса жанын қоярға жер таппайдыдан» түбегейлі алшақтауымыз керек. Себебі ашығып көрмеген, еңбек етпеген, бейнетті білмеген бала болашақта жаға ұстатып жатқанын өмірдің өзі дәлелдеуде.
Мен көрген қиындықты, балам көрмесін деген әкелердің кейбірі «Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» деп Абай хакім қалай дөп айтқан деп жүргені белгілі. Әкенің тоқпағын жемеген бала түбінде өмірдің таяғын жейді. Бала әрбір тиынның қадірін біліп, өз еңбегін қорғап, өзгеге керек екенін сезгенде ғана жауапкершілікті түсінеді. Сондықтан балаларды бақытсыздықтан қорғау аса қажет.
Ерлі-зайыптылар бір-бірін таңдауы мүмкін. Бірақ, бала ата-ананы таңдамайды әрі өзі қалағандай денсаулыққа да ие болмайды. Сондықтан, қыз тудың немесе мүмкіндігі шектеулі бала тудың деп әйелді жесір қылуға болмайды. Бүгінгі таңда ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың көпшілігі толық емес. Жалғыз ана жұмыс істейін десе, баласын қарау керек. Баласының тамағы үшін жұмыс істей алмай, шыр-пыр болатын аналарға обал. Бір әкенің үлбіреген қызын жар етіп алған соң, жарты жолда қалдыру азаматтыққа сын. Ана байғұстың ішінде баланы түзеп-күзейтін қызмет жоқ. Ал құрсақ көтеріп, жеңіл киінетін, зиянды сусын ішетін, денсаулығына немқұрайды қарайтын келіншектерге қатысты әңгіме бөлек.
Аманаттап алған жарыңды жақсы көріп, Алланың берген сыйын сол қалпы қабылдау жеңіл болмағанымен, жасау парыз іс. Тірідей жетім, жесір қылып, отбасын тастап кету береке бермейді. Осы жағын ойланып, отбасын қорғауымыз қажет.
Адамшылыққа әр беретін дүниелер – мейірім мен махаббат. Керектінің бәрі табылған базарда осы қасиеттер жоқ. Оның қайнар көзі отбасы. Анасы мен әкесі. Бір-бірін аяусыз соққыға жығып, жұдырық жұмсап жатқан жастарды көргендегі ойдан туған уайым деп қабылдарсыздар. Бұл бейәдеп амал бұрымдылар арасында да бар. Бірімізді қазақ, бірімізді дос көрмей, істің бәрі бос екенін Абай атамыз баяғыда айтып кеткен еді. Қала берді, ауызымыздан жылы сөз де шықпай жүр. Бұл жүректің мұздағанының белгісі болар.
Тұманбай Молдағалиев «Адамға ең керегі бір ауыз жылы сөз ғой. «Аманбысыз, қалыңыз жақсы ма? Жақсы жүріп жатырсыз ба? Ұзақ өмір сүріңіз» деген сөзді адам аз айтқаннан кейін, өмір қысқа ма деймін» деген екен. Баланың ақсақалға амандасып, кейуаналарға көмектескені өзіне жақсы. Бата алады. Ата-аналар осыған мән берсе екен. Сол үшін қазақылықты қорғайық дер едім.
Ата-бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, қорғаған байтақ жерге қарап тұрған сұқ көздер баршылық. Біз оны қарудан бұрын біліммен қорғауымыз қажет. Ол үшін балаға көше тазалығын қамтасыз етіп жүрген жандарды қаһарман етіп көрсету керек. Ұрпақты ана тілінде сөйлетіп, обал, ұят пен сауап боладыны үйреткен абзал. Тәрбиені осалдатқан сәтте біз болашақ ұрпақтың тамырына балта шаба бастаймыз. Сондықтан тәрбиені балабақшаға, мектепке ысырып қоймай, өзіміз білек сыбана осы іске кірісуіміз ләзім.
Сөзіміздің соңын Виссарион Белинскийдің нақылымен түйіндегіміз келеді. Оның айтуынша, «Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлыс іс». «Бәрекелді» деуден басқа лажымыз жоқ. Әлемдегі әрбір бала бақытты, азат һәм айбарлы болсын! Балаға барлық жақтан қорған болайық, құрметті оқырман!
Е.Байжанов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.