Ақпараттық портал

Әсем үнімен әуелеткен «Әсем әуен»

Әнші-күйші, жыршы-термеші сынды түрлі өнерпаздар шыққан Шу өңірі өнерден құралақан емес. Арғы-бергі тарихында дүлдүлдер даласын дүбірге бөлеген өнер өлкесінің сабақтастығы күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Бүгін жазарымызға арқау “Әсем әуен” фольклорлық ансамблінің де Шу жерін әнімен әуелетіп келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Шу аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі 1993 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бастапқы кезден-ақ ансамбльдің негізгі міндеті – халық музыкасын дәріптеу болғанымен, оның мүшелері көне музыкалық аспаптардың шығу тарихымен де белсенді түрде айналысып жүр.

Ансамбльдің өзіне тән ерекшелігі – бұл әрбір музыканттың бірнеше музыкалық аспаптарда ойнауында. Ансамбль аспаптары, бұл қазақтың халық аспаптары: сыбызғы, баян, бас домбыра, қылқобыз, шертер, виолончель, сондай-ақ, ұмыт бола бастаған, бүгінгі күні қайта жаңғырып, қолданысқа енген ежелгі аспаптар: сазген, шаңқобыз және т.б.
Ұмыт қалған көне әрі дәстүрлі музыканы қайта жаңғыртып, бүгінгі буынның ұлттық мұраға деген іңкәрлік сезімін оятуды көздеген ансамбльдің мерейі үстем болмақ. Себебі, ұжымда домбыра, прима, асатаяқ, шіңкілдек, жетіген, сусылдыр, шертер, шаңқобыз, қылқобыз, сазсырнай, тоқылдақ, дауылпаз сияқты көне аспаптардың құлағында ойнаған дәулескер өнерпаздар бар.
Атап айтсақ, ансамбль жетекшісі, «Даңқ» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Ермахан Азаматов – сырнай аспабының, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрболат Іңкәрбеков – ансамбль әншісі, республикалық кеңестің «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісінің иегері Назира Омарова – шаңқобыз аспабының, Батима Дайрабаева – виолончельдің, «Алтын адам» төсбелгісінің иегері, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» Жанат Досжанова – ансамбль әншісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Аққыз Диханова – сылдырмақ аспабының, «Мәртебелі маман» төсбелгісінің иегері Асқар Жортбасов – шертердің, Жанель Есмахан – қобыздың, Қалдықыз Сабалиева, Нұрбек Амалбек, Қыдырәлі Жанболат – домбыра аспабының, Динара Бағрабай – қылқобыз аспабының орындаушысы.
«Әсем әуен» ансамблінің репертуары халық шығармаларынан, сол сияқты халықтық-кәсіпқой сазгерлер – Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгірлердің, сонымен қатар Ә.Желдібаевтың туындыларынан тұрады. Репертуар әрдайым толықтырылып, жаңартылып отырады, музыканттар қай кезде де шығармашылық ізденіс үстінде.
Ансамбль репертуарында халық әндері, қазақ сазгерлерінің әндері мен күйлері, әсіресе жергілікті ақын-сазгерлердің шығармаларына басымдық берілген. Ансамбль мүшелері мұны халыққа үздіксіз насихаттап келеді. Сахна мәдениетін игеруде, орындаушылық шеберлігін шыңдай түсуде әркез ізденіс үстінде жүреді. «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі өз тыңдармандарының құрметі мен алғысына бөленіп келеді.
Ансамбль мүшелері шет елдерге гастрольдік сапарларға шығып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ауданның абыройын асыруда. Олар халықаралық ұйымның ұйымдастыруымен, Дагестан Республикасының «Махачкала» қаласында өткен «Каспий – берега дружбы» атты ІІІ-халықаралық фестивальге қатысып, қазақ этно-фольклорлық өнерін паш етті.
Астана қаласындағы «Хан шатыры» ОСО жанындағы алаңда «ЭХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай Жамбыл облысы күндері аясында өткен іс-шараға А.Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнімен, Мэлс Өзбековтың «Толқиды Шуым» әнімен, Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым күйімен, «Дей салдым» халық әнімен, «Тойбазар» халық әнімен, Мұрат Құсайыновтың «Ұлы дала елі» әнімен атсалысты. Шу аудандық мәдениет үйінде өткен Жамбыл облысындағы Шу ауданының мәдениет және өнер күніне орай «Ел жүрегі – Астана» атты сазды бағарламасына қатысты.
Тараз қаласында өткен халықаралық сән апталығы аясында «Төрткүл» керуен сарайында «Қазақ ауылы» атты қонақтарға арналған мәдени іс-шарада «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің дәстүрлі және эстрада әншілері әндерін тарту етті.
Астана күніне орай, Тараз қаласында сазды бағдарлама ұсынды.
Орындау шеберлігі жағынан ансамбльдің жоғары дәрежелі мәдениеттілігі, кәсіпқойлығы, көркемдік талғамы, халық аспаптарында ойнаудың дәстүрлі ерекшеліктерін жетік білуі ерекшелендіреді.
Ансамбль мүшелері этнографиялық сипаттамаларға сәйкес, қазақтың ұлттық киім үлгілерімен тігілген костюмдерде өнер көрсетеді. Олар кейінгі жылдар ішінде бірнеше марапаттарға ие болды. Түркия мемлекетінде өткен «Анадолы» фестиваліне жергілікті композиторлар Ә.Желдібаев, Б.Исаеваның шығармаларынан және халық әндері, қазақ композиторлары шығармаларынан құрылған сазды бағдарламамен қатысып, ансамбль мүшелері сертификаттарға ие болды.
Бұдан бөлек, 2019 жылы «Талас толқындары – 2019» І облыстық музыкалық өнер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Ж.Жабаевтың 175 жылдығы аясында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты ІІ-республикалық конкурста өнер көрсеткені үшін фольклорлық ансамблі Алғыс хатпен, 2023 жылы «Өнер көзі – халықта» өнер фестивалінде Алғыс хатпен марапатталды.
Бүгінгі күнде «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің белді мүшелері Н.Іңкәрбеков, А.Диханова, Ж.Досжанова сынды күміс көмей әншілер көп жылғы нәтижелі еңбектің арқасында ауданның мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, біліктілігі мен кәсіби шеберлігін танытуда.
«Әсем әуен» фольклорлық ансамблі заман көшіне ілесіп, жаңарып, жаңғырып отырады. Әр дәуірдегі жаңа ұрпақтың көзқарасына, дүниетанымына, көркемдік талғамына қарай үйлесімін тауып, халықтың ықыласына бөленуде.
Маржан КӨПБОСЫНОВА,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.