Ақпараттық портал

Жемқорлықтың алдын алу тиімді

Сыбайлас жемқорлықтың зияны орасан. Кеселдің алдын алып, жемқорлыққа қарсы тегеурінді тосқауыл қойылмаса мемлекеттің алға дамуы күмәнді. Өйткені, сыбайлас жемқорлық орын алған ортада адал қоғам, таза еңбек, тең құқықтық, сенім туралы айту мүмкін емес. Сондықтан да өсетін ел сыбайлас жемқорлықпен күресті назардан тыс қалдырған емес.
Осы бір қауіпті індеттің тамырына балта шауып, сыбайлас жемқорлықсыз таза қоғам құру үшін мемлекетімізде тоқтаусыз жұмыс жүргізіліп келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек заң қабылдаумен, құзырлы органдардың міндетін бекітумен шектелмейді. Ұлттық қауіпсіздігімізді одан әрі нығайтып, күшейте түсу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүзеге асырылатын іс-қимылды мемлекеттік органдарға жүктеп қоймай, ортақ іске әр азамат өз үлесін қосуы тиіс. Оның қатарында сот құрылымы да бар. Сот – мемлекеттегі әділдіктің, тура төреліктің кепілі. Сондықтан да судьялар мен сот қызметкерлеріне де артылар жауаптылық жоғары.
Осы орайда, сот қызметіне жаңа технология жетістіктері қолданылып, оның нәтижесінде ашықтық пен адалдық принциптері қамтамасыз етіліп отыр. Электронды қызметті жолға қойғандықтан азаматтар мен сот қызметкерлері арасында тікелей қарым-қатынас жойылған. Бүгінде азаматтар арыз-шағымнан бастап, барлық қажетті құжатты «Сот кабинеті» арқылы жолдап, анықтамаларға да электрондық сервистер арқылы сұраныс бере алады. Сот процестері дыбыс-бейнежазу құрылғыларына жазылатындықтан теріс әрекет жасауға орын жоқ. Судьялар мен сот қызметкерлерінің процеске қатысушыларымен процестік емес байланыстарына жол берілмейді.
Судьялар сыбайлас жемқорлықтың залалын түсіндіріп, кеселдің алдын алу, жою мақсатында мемлекеттік қызметкерлер мен ел азаматтарына сыбайлас жемқорлық үшін әлеуметтік және қылмыстық жауапкершіліктің барын түсіндіру бойынша зор үлес қосуда.
Жемқорлықпен бүкіл халық болып бірлесе күрескенде ғана оң нәтиже болады, сондықтан ел дамуына кедерге келтіретін індетті жоюда әрбір азаматтың тарапынан белсенділік болуы қажет.
Зәуре Жарқымбаева,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.