Жан жадыратқан “Жан жылуы”
Бейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен «Жан жылуы» атты қайырымдылық концерті өтті. Аталмыш шараны тамашалауға жиналған қарасы қалың көрермен арасында аға буын өкілдері, түрлі сала қызметкерлері, жастар қауымы болды.
Қайырымдылық концертіне келген көпшілік әуелі мәдениет үйінің дәлізінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі балалардың қолымен жасалып, сатылымға қойылған қолөнер бұйымдарымен танысты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларға қолұшын созып, демеушілік жасаймын деген азаматтарға «Kaspi» қосымшасы арқылы аударым жасауға болатындығы да ескертіліп, қаражат аударылатын телефон нөмірі де сол жердегі бұйымдар қасына қойылды. Ерекше жандарға қолдау көрсетуді жөн деп тапқан азаматтар арнайы жәшікке және банк қосымшасы арқылы көрсетілген нөмірге көмек қаражаттарын аударып жатса, енді біреулері өздеріне ұнаған дүниелерді сатып алып, қайырымды іске үлес қосты. Айта кететін жайт, бұл қаражат ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ем-домына, жалғызбасты қариялардың үй шаруашылығына көмекке жұмсалмақ.
Халық көптеп жиналып, арқа-жарқа басталған сәтте сазды бағдарлама да өз шымылдығын түрді. Аталмыш шара көпшіліктің зор қошеметіне бөленген «Айжұлдыз» бишілер тобының әсем биімен басталды. Мұнан кейін, «Жан жылуы» қайырымдылық концертінің ашылу салтанатына орай, аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков сөз сөйледі.
Ол сөзінде баланың адам жүрегінен алатын орнының ерекше екендігіне тоқталып, бүгінгі шара барысында өнер көрсететін балалар мүмкіндігі шектеулі болса да, мұндай жандардың арасында шектеусіз мүмкіндікке ие жандардың барын өз өнерлерімен дәлелдеп отырғандығын тілге тиек етті.
-Бала – әрқайсымыздың болашағымыз, еліміздің болашағы. Құрметті ата-аналар! Сіздер мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып-қағып, олардың қиялына қанат бітіріп, шектеусіз мүмкіндіктің де барына көз жеткізуге себепші болып келесіздер. «Талаптыға нұр жауар» демекші, бүгінгі мәдени шара соның жарқын дәлелі. Бұл тұста сіздердің балаларыңыздың да еңбегі орасан. Осындай балаларға барынша жағдай жасауға тырысып жүрген ата-аналар қауымына алғысым зор.
Сондай-ақ, игі шара барысында демеушілік көрсетіп жатқан барша жаны жомарт жандарға да айтар алғысымыз шексіз. Сіздердің де әр бастамаларыңыз табысты аяқталып, істеріңізге береке берсін.
Жалпы, осы мәдени шараны ұйымдастырушыларға және оның лайықты өтуіне атсалысқан барша қауымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Балаларымыз ауырмасын, зор денсаулық, бақытты балалық шақ тілеймін,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Өзінің жылы лебізінен соң, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жалғызбасты қарияларға демеушілік танытып жүрген бірқатар жерлестерімізді «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Марапатқа ие болғандар арасында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің маманы, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап жүрген би жетекшілері, Іскер әйелдер қауымдастығының, «Шу қайырымды аналар» қорының өкілдері және демеушілік жасап, қажет кезде қол ұшын созып жүрген бірқатар жеке кәсіпкерлер болды.
Сазды бағдарламаның негізгі бөлімі басталмас бұрын шараның жүргізушілері сахнада өнер көрсететін әр қатысушыны жекелей таныстырып, ортаға шақырып отырды. Ал, концерттің негізгі бөлімі София есімді өнерпаздың бір топ бишілермен бірге орындаған «Маленькая страна» әнімен ашылды. Шара барысында Іңкәр Мұса, Айару Мұхамеджан, Айдана Әділбек, Арайлым Абралы, Гүлназ Ганжуева, Жанерке Бақберген, Зейнеп Боранбай, Аман Жәнібек, Сабина Орынбасар, Сырым Кәрібай есімді өнерпаздар бар өнерлерін ортаға салып, әсем ән мен әдемі билерін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, ерекше балалардың өнеріне қолдау көрсетіп, олар орындаған әр әнді келісті бимен көмкерген «Ай жұлдыз», «Сырғалым», «Көркем-ай» сынды бишілер тобының да өнерлеріне тамсанған көпшілік, қошеметтерін аямады.
Сазды бағдарлама барысында қатысушыны аудан орталығында арнайы қошеметпен күтіп алып, сахна төріне дейін шығарып салуы дайындалған бейнебаян мәдениет үйінің лэд экранынан көрсетіліп отырды. Бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, бұл да балалардың шабытын шыңдап, көрерменнің қошеметін еселей түскендей болды.
Өнер көрсеткен әр қатысушы жоғарыда айтып өткендей, өздерінің мүмкіндігінің шектеусіз екендігін көрермендерге тағы бір мәрте паш етіп, ән орындауда кәсіби әншілерден кем түспеді. Бұл тыңғылықты дайындық пен жоғары ұйымдастырушылық қабілетті аңғартып тұрғандай. Мысалы, бір топ биші қыздармен бірге «Аққу арман» әніне арбада отырып би билеген Аман Жәнібек Айдарұлының өнері көрермен қауымның зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, «Мама» әнімен көпшілікті өнеріне тәнті еткен тәтті қыз әрі айдай сұлу Мұхамеджан Айарудың, бір топ бишілермен бірге «Мекенім Қазақстан» әнін орындаған Гүлназ Ганжуева мен Жанерке Бақбергеннің әр шырқауы қалың қауымға ерекше әсер сыйлады. Ал, Кәрібай Сырым «Қимай тұрмын» әнімен тәнті етсе, Айдана Әділбек әсем биімен таңқалдырды.
Жалпы, шара барысында өзге де қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, көрерменнің көңілінен шықты. Мұны үздіксіз соғылған қошеметтен байқауға болады.
Мәдени шараның соңына қарай өнер көрсеткен балаларға демеушілер дайындаған арнайы қаржылай және заттай сыйлықтар ұсынылды.
Осы тұста қайырымдылық концертінің демеушілері атынан сөз сөйлеген Шу қайырымды аналар қорының төрайымы Шолпан Балхожаева мен «Ореке» кешенінің директоры Нұрбол Бекбасов балалар мен ата-аналарға зор денсаулық, отбастарына амандық пен жылылық тілеп, бүлдіршіндердің жүзінен әрдайым күлкі кетпей, келешектерінің жарқын болуына тілектестік білдірді.
Мерекеге қатысқан мүмкіндігі шектеулі балаларға демеушілік жасаған Азиз Исаев, Айгерім Кесикбаева, Әсет Матышев, Бибіжар Андасбаева, Нұрбол Бекбасов, Назымхан Абитаев, Шолпан Балхожаева, Аман Мадымаров, Ольга Борисовна сынды жаны жомарт жандардың және мәдениет үйінің сахнасы мен фойесін түрлі-түсті шарлармен безендірген С.Снабеков пен Т.Дудова есімді жеке кәсіпкерлердің есімдерін атап кеткенді жөн көрдік. Оларға ұйымдастырушылардың да, ата-аналардың да айтар алғысы шексіз.
«Жан жылуы» атты қайырымдылық кеші аталмыш шараның әнұранына айналған аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кеңесшілері Жазира Нұрабайқызы мен Айгерім Архабайқызы орындаған «Жан жылуы» әнімен аяқталды.
Динара Батырхаирова.