Бруцеллез туралы не білу керек?
Әдетте ауыл тұрғындары бруцеллез ауруы туралы жақсы біледі, өйткені ауру ауылшаруашылық малдарынан, оның ішінде ұсақ мүйізді, ірі қара малдан жұғады. Бруцеллез ауруын жұқтыру оңай, ал одан сауығу, әсіресе тірек–қимыл аппараты зақымданған жағдайларда қиынға соғады. Сондықтан бұл жағдайда аурудың алдын алатын профилактикалық іс–шараларды жүргізіп отырған дұрыс.
Бруцеллез – бұл Brucella туысына жататын бактериялармен шақырылатын жұқпалы ауру. Бұл жұқпамен негізінен: қой, ешкі, түйе, шошқа, бұғы, марал, ірі қара мал және иттер ауырады. Адам арасында бруцеллез жұқпасы бүкіл дүниежүзінде кездеседі.
Бруцеллез жануарлардан адамға әртүрлі жолдармен беріледі. Жиі адамдар бруцеллезді ауру малды күткенде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаса, ауру мал бөліністерімен залалданған құралдармен тікелей қатынасса, малдың жүнін қырқу, малды сою, терісін сыпыру кезінде, мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суымен қатынаста болғанда, туған қозыны ауыздандырып емізу кезінде жұқтырып алады. Сондай-ақ ауру сиыр, ешкі, қойдың қайнамаған сүтін немесе толық термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерді тағам ретінде пайдаланғанда жұғуы мүмкін.
Қоздырғыш адамға ауа-шаң, қарым-қатынас жолдарымен де берілуі мүмкін. Осылайша бруцеллез ветеринарлардың, мал сою пункттері жұмысшыларының, аңшылардың, жануарларды зерттейтін зертхана қызметкерлерінің, фермерлердің және шопандардың кәсіптік ауруы болып есептелуі мүмкін. Бруцеллездің инкубациялық кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылады. Кейбір науқастарда ауру жеңіл түрде өтсе, кейбіреулерінде ауыр дәрежеде өтіп, ауру белгілері ұзақ уақытқа дейін сақталуы мүмкін. Бруцеллез белгілері жиі тұмау және басқа да фебрильді аурулардың белгілеріне ұқсас, оның ішінде: қызба, тершеңдік, бұлшықет, буындардың ауыруы, әлсіздік, бас ауру, депрессия, қозғыштық, тәбеттің жоғалуы, салмақты жоғалту, жөтел, іштің ауруы, бауыр және (немесе) көкбауырдың үлкеюі.
Бруцеллез басқа да белгілермен өтуі мүмкін.
Жалпы бруцеллезді дер кезінде емдеп, антибиотик дәрілер дұрыс тағайындалған жағдайда науқастар үшін болжам оңтайлы, бұл аурудан өлім деңгейі 2% төмен.
Бруцеллезден сақтану үшін әртүрлі шараларды қолдануға болады. Ең маңызды қадам бруцеллездің тасымалдаушысы болатын жануарлардың денсаулық жағдайын бақылау болып табылады. Бұл үшін ең тиімді шаралар: вакцинациялау, жануарларды тексеру және өкінішке орай ауру малды жою бағдарламалары. Адамдарды бруцеллезге қарсы егу жұмыстары тиімсіз болғандықтан, мұндай профилактика әдісі жүргізілмейді.
Ауылшаруашылық жануарларын бруцеллезге тексеріп, оң нәтиже анықталған жағдайда жануарлар жойылғанымен, бруцеллездің алдын алуда қарапайым іс-шаралар жүргізілуі қажет:
1. Жануарлар күтіміне байланысты барлық жұмыстарды, әсіресе төлдеу науқанында арнайы қорғаныш киімдерін (арнайы киім, аяқ киім, қолғап) киюмен жүргізу, бруцеллез ауруының алдын алу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;
2. Тағам ретінде сапалы термиялық өңдеуден өткен ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін қолдану;
3. Ветеринарлық анықтамасыз сүт және сүт өнімдерін бейберекет сауда орындарынан ешқашан сатып алмау;
4. Малды жайлауға шығарар алдында міндетті түрде бруцеллезге тексерту.
Бруцеллез белгілері тұмау немесе қатты салқын тию белгілеріне өте ұқсас болғандықтан әдетте нақты диагноз қоюға уақыт қажет. Сондықтан дәрігерге нақты диагноз қоюға көмектесу үшін соңғы уақытта барған елді- мекеніңіз және тағамға жиі пайдаланатын азық өнімдері туралы айту керек.
Сонымен бірге келесі сұрақтарға жауап дайындаған жөн:
– Аурудың алғашқы белгілері қашан пайда болды?
– Сіз шикі сүттен дайындалған өнімдерді пайдаландыңыз ба?
– Шикі сүтті іштіңіз бе?
– Соңғы жыл ішінде бруцеллезді жұқтыру қаупі жоғары елді-мекендерде болдыңыз ба?
– Ауру жануарлар бар зертханада жұмыс істейсіз бе немесе 1 жыл ішінде жұмыс істедіңіз бе?
Осы мәліметтермен танысқан соң дәрігер сіздің буындарыңыздың қозғалысын, реф-лекстерді, бұлшықет күшін тексереді; бауыр, көкбауырдың үлкейгендігін тексеру үшін құрсақ қуысын қолмен қарауы мүмкін.
Сонымен бірге бруцеллез диагнозын қою үшін қан сараптамасы қажет. Қанды қоздырғышқа қарсы өндірілген антиденелерге тексереді, сондай-ақ қаннан қоздырғыштың өзін бөледі.
Денсаулық- зор байлық екенін есте сақтаңыздар!
М.Саулебаев,
Шу аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Қ.Ускенбаева,
Шу аудандық санитариялық -эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы.