Ту көтергендер тұлпар мінді
Бокс – аса танымалдыққа ие спорт түрі. Оның елімізде дамуына Жамбыл аймағы, оның ішінде Шу өңірі өзіндік үлес қосты. Өйткені ауданымыздан КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушы Ю. Цхай, ұлттық құраманы тізгіндеген Д. Буданбеков, мықтыларды баулыған С.Төлеубаев, Қ.Қаршығабеков сынды бокс ұсталары түлеген.
Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген даналық бар. Оның өміршеңдігін жерлесіміз, бокс бапкері Асқар Еркебаев дәлелдеп жүр. Ол 2009 жылға дейін Шу қаласындағы бокс мектебінде машықтырушы болғанын шулықтар жақсы біледі. Жуырда ғана Президент қолынан «Парасат» орденін алған белгілі жаттықтырушы Париж олимпиадасында жасындай жарқылдаған ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлардың жеке бапкері. Ал Нұрбектің олимпиаданың күміс жүлдесін иемденгені баршаға белгілі.
Былғары қолғап шебері болуды армандайтын балалар олимп жұлдыздарына қарап бой түзейтіні де анық. Осы орайда тиісті министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясының жаттықтырушысы Асқар Берікбайұлы туған жеріне төл шәкірті Нұрбек Оралбайды ерте келді. Көгілдір экраннан кескілескен айқасқа куә болған балғын боксшылар чемпионмен дидарласып, көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Құрметті қонақтарды қарсы алу шарасы «Тарлан» спорт кешенінде өтті. Атап айтқанда Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков чемпион мен оның бапкеріне жылы лебізін жеткізіп, бұл жүздесудің жас ұрпақ үшін үлкен мотивация болатынын айтты. Сонымен өңір жұртшылығы атынан қос мейманға қазақы дәстүрмен тұлпар тақымдатып, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы мен әкесі Берікбай ақсақалға шапан жапты. Бұдан кейін де бірқатар тұлғалар өз ықыластарын арнап жатты.
Өз кезегінде Асқар Берікбайұлы мен шәкірті жерлестердің құрметіне алғысын білдіріп, өңір спортының өрге басуына тілектестік білдірді.
Шара соңында халықаралық додалардың жеңімпазы, спорт шебері Нұрбек Рахатұлы жастармен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ бокстағы білген-түйгенін үйретіп, балғын жерлестеріміздің сауалдарына жауап берді.
Еске сала кетейік, Нұрбек Оралбай орта және жеңіл салмақтағы әуесқой боксшы, ұлттық құрама мүшесі, былтырғы Әлем чемпионы. 2022 жылғы Азия қоласын қанжығасына байласа, 2021 ел чемпионатының жеңімпазы атанған. Жалпы, Парижге дейінгі жолы жеңіске толы болғанын айта кеткен жөн.
Байжан Желден.