Бірдейлендіру ісі берекелі шаруаның бастауы
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы санағын өткізуге қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқанын атап өткен жөн.
Осыған орай, облыс көлемінде тиісті шаралар басталды. Маңызды істің шет жағасынан шулық шаруалар да табылды. Олай дейтініміз, өткен аптада Шу ауданына облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Б.Бетбаев келіп, жерлестеріміздің өтініштері бойынша Дулат ауылдық округінде чиптеу жұмыстарын ұйымдастырды.
Жергілікті шаруалардың сұрауларымен жеке қосалқы шаруашылықтарда 150-ге жуық бас жылқы чиптелген. Басқарма басшысының айтуынша, сиыр, ешкі, қой, түйе малдары мемлекет есебінен тегін бірдейлендіруде. Ал, жылқыларды чиптеу мал иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұрын бұл қызметтің құны 1200 теңгені құраған. Қазіргі таңдағы белгіленген баға 350 теңгеге дейін төмендеді.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шаруалар таңбалаудың электрондық әдісін қызу қолдап отырған көрінеді.
-Чиптеу жүйесі елдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Ол мал басының есебін және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл процедура малда болуы мүмкін ауруларды мүмкіндігінше ерте анықтауға, жоғары сапалы өнім алуға ықпал етеді. Сондай-ақ әр жануарды бақылауға, ветеринариялық көмекті дер кезінде көрсетуге, мал ауруларының алдын алуға, диагностикалау бойынша іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге мал өлген жағдайда, заң аясында ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өтемақы ала алады,-деді Бақыт Бетбаев.
Ата кәсіппен нәпәқа айырып отырған ағайынға Шу аудандық фермерлер одағының төрағасы Айтмұхамбет Айтжанов та үн қосып, мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды. Жылқыларды чиптеу жүргізілетін Дулат ауылдық округі республикалық тас жолдың бойында орналасқан.
-Ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу – жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмектеседі және мал ұрлығының алдын алудың тиімді шарасы. Чиптің құны өте арзан, сондықтан баршаңызды осы жұмысты белсенді жүргізуге шақырамын,-деді ол.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жалғасын табады.
Байжан Емберді.