Шу қаласы – белсенді жастар мекені
Жастар – жаңашылдықтың жаршысы, қоғамның қозғаушы күші. Олардың бойындағы жалынды рух пен жаңашыл ойларды қолдау, идеяларын іске асыруға мүмкіндік беру – болашаққа жасалған ең маңызды қадам. Осы орайда, Шу қалалық жастар ресурстық орталығы жас буынның мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашып келеді. Орталықтың игі бастамалары елеусіз қалмай, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы «Үздік орталық» атанып, бас жүлдені иеленді. Бұл – жастар ұжымының тынымсыз еңбегі мен ортақ мақсатқа деген адалдығының айқын көрінісі.
Жастарды қолдау – болашаққа жасалған инвестиция. Шу қалалық жастар ресурстық орталығының директоры, Шу аудандық мәслихатының депутаты Шәймерден Мақсат Болатқұлұлы бастаған жастар ұжымы қаламыздағы білім мекемелерін аралап, оқушылармен ашық форматта кездесу ұйымдастырып келеді. Әрбір кездесуде жастарға арнап маңызды бағыттар түсіндірілуде, атап айтқанда:
1. «Ұйымдастыру және бақылау» бөлімі – жастар бастамаларының үйлестірушісі;
2. «Жұмыссыз жастармен және жас отбасылармен жұмыс» бөлімі – әлеуметтік қолдаудың басты бағыты;
3. Психолог пен заңгер – жас буынның құқықтық сауаттылығы мен психологиялық тұрақтылығын арттыруға көмек береді. Бұл кездесулердің басты мақсаты – жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру, оларды өз идеяларын жүзеге асыруға ынталандыру.
Кездесу барысында оқушылар тек тыңдаушы ғана емес, өздерін түрлі зияткерлік ойындарда сынап көруге мүмкіндік алды. «IQ-SHU» интеллектуалды-зияткерлік ойынының іріктеу кезеңі ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жарыс жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін шыңдап, олардың өзара бәсекелестік арқылы өсуіне жағдай жасайды. Әр мектептен үздік шыққан топ сәуір айында өтетін финалдық кезеңде бақ сынайды.
Жастар ресурстық орталығының жүйелі жұмысы нәтиже беріп, бүгінде облыс деңгейінде ең үздік орталық деп танылды. Бұл – әрбір жастың орталыққа деген сенімінің, ұжым еңбегінің және қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жүргізудің жемісі.
Шу қаласының жастары бүгінде әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, түрлі қоғамдық іс-шараларға атсалысып жүр. Олар тек тұтынушы емес, өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынын дәлелдеуде. Жастар – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да келбеті. Олардың шығармашылық қабілетін, білімге құштарлығын дамыту – елдің ертеңіне салынған көпір. Шу қалалық жастар ресурстық орталығы осы мақсат жолында талмай еңбек етіп келеді. Бұл белсенділік – үлкен жетістіктердің бастауы ғана деп білеміз.
Байжан Емберді.