«Сәтті мансапқа жол» жобасы жастарды жұмыспен қамтудың бірегей жолы
Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіровтың төрағалығымен аудандағы жұмыссыз жастарды кәсіптік техникалық мамандықтар бойынша жұмыспен қамту мәселелері қаралған мәжіліс өтті.
Облыс прокуроры, Жамбыл облысының әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов, аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш, жергілікті ірі кәсіпорындардың қаржылық басшылары, орта білім беру ұйымдарының директорлары, қызметкерлері мен студенттері қатысқан жиын барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясы және облысымыздағы «Сәтті мансапқа жол» жобасы аясында еңбек қатынастарының жағдайлары туралы мәселелер талқыланды.
Жиынды ашқан Н.Әбдіров кездесудің мақсатын түсіндіріп, бірлескен жұмысқа сәттілік тіледі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай, мемлекет тарапынан еңбекті қорғау және қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар бастау алып, қомақты қаражат жұмсалуда. Олар жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
-Еңбек құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Өткен жылы орын алған жалпы саны 270 қылмыстың 142-сі немесе 52,5 пайызы жұмыссыздармен жасалған. Олардың 17-сі колледж түлектері. Бұл қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын терең орнықтыру, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту қажеттілігін көрсетеді. Өйткені, жұмыс болмаса, тәртіп те қалыптаспайды.
Облыс аумағындағы колледждерде 28 мың студент оқитынын ескерсек, бұл мәселе біз үшін өзекті болып отыр. Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі. Ол үшін біздің бастамамызбен «Сәтті мансапқа жол» жобасы басталды. Оның негізгі мақсаты – кәсіптік орта оқу орындарына қолдау көрсетуге өңіріміздегі кәсіпорындарды тарту. Осы жобаны кеңінен қолдаудың бір көрінісі бүгінгі басқосу. Мұны қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмысымызға сәттілік тілеймін,-деді Нұрғалым Мәжитұлы.
Мұнан кейін облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Есіркепұлы «Сәтті мансапқа жол» жобасы бойынша өз пікірін білдірсе, 2012 жылы аудан аумағында іске қосылып, бүгінде бірнеше жоба аясында жұмыс жасап жатқан «Jibek joly» АЭА-ның басқарма төрағасы Қайрат Кенжебекұлы өндіріс орнында алдағы уақытта ашылатын жұмыс орындарына қажетті мамандар, №10 Шу колледжінің директоры Тоғжан Мұсаева колледжді аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Жамбыл бөлімшесі мемлекеттік кәсіпорны филиалының персоналды басқару бөлімінің бастығы Меруерт Бейсенбекқызы тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының темір жол бекеті осы саладағы маңызды нысандардың бірі болғандықтан, аталған салаға мамандардың қажеттілігі, Шу темір жол колледжінің директоры Н. Тойлыбаев аталмыш оқу орнын тәмамдаған түлектердің жұмысқа орналасуы жайлы мәселелер төңірегінде жан-жақты баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, жиын барысында қажетті мамандарды даярлау үшін жергілікті колледжбен байланыс орнатып, оларға демеушілік көрсетіп, тәжірибе алмасу үшін аудан студенттерінің Түркия елінен білім алуына атсалысып жүрген, аграрлық кәсіпті жүргізетін «Қызылша Жер» ЖШС басшысы Нұрболат Жалғасқалиұлы осы бағытта жүзеге асырылған жұмыстарды баяндады.
Ресми деректерге сүйенсек, Шу ауданында тұратын 105520 адамның 46073 жұмысқа жарамды. Алайда, бүгінгі күнге 9860 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыспен қамту мәселесімен шұғылданатын мекеме өткен жылы 6578 адамға тұрақты жұмысқа жолдама берсе, 1173 адам қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген. Соған қарамастан шаралар толық нәтиже бермей, жұмыссыздар саны азаймай келеді. Мамандық бойынша тұрақты жүмыс орындарына жолдама алу деңгейінің төмендігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып қала беруде. Бұл өз кезегінде жалпы мемлекеттік органдар тарапынан еңбек құқығын қорғау бағытындағы жауапкершіліктің төмендігін аңғартады. Жоғарыда атап өткендей, орын алған қылмыстардың басым бөлігінің жұмыссыз азаматтармен жасалуы да жұмысқа орналасу мәселесінің оң шешімін таппауынан туындап, күрделеніп бара жатқан болса керек. Ауданымызда мамандық бойынша жұмысқа қабылданбау проблемасының бар екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Оны жасыра да алмаймыз. Еңбек нарығындағы жұмыс берушінің сұрауы бойынша жұмыс орындарына жіберіліп жатқан адамдар нақты мамандық бойынша жолдама алмауда. Осындай жағдайларға байланысты аудан ахуалы, жұмыс орындары және жұмысшы мамандықтар жайлы аудан әкімінің орынбасары Серікхан Қуатұлы және жұмысқа жолдама беру бағыттары бойынша жергілікті «Мансап» орталығы директорының орынбасары Ақжол Құрманғазыұлы баяндама жасады.
Жалпы, жиын барысында барлық баяндамашылар сандық көрсеткіштер тізбектелген жаттанды баяндамаларды зырылдатып оқып бергенімен, «Сәтті мансапқа жол» жобасы аясында қолға алынып, жарқ еткен жұмысты аңғара алмадық. Басқосудың атауының өзі «Сәтті мансапқа жол» деп аталғанымен, жергілікті жерде жұмысқа орналасуда сәтсіздіктердің аяқтан шалып тұрғандығы басым көрініс беруде. Оны күнделікті өмірде жиі аңғарамыз.
Тағы бір айта кететін жайт, кейбір баяндамашылар тақырыптан ауытқып, нақты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты негізгі істерді атап өтудің орнына әр мекемеде атқарылған жалпы жылдық жұмыс туралы есептерін оқып беріп жатты. Осы тұста жиынға қатысушылардың «құлағына алтын сырға». Алдағы уақытта да осындай басқосуларда жауаптылар өз баяндамаларын тек көтеріліп жатқан мәселе бойынша дайындап келсе, құба-құп болар еді. Өйткені, бізде қандай да бір жиынға шақырылса, тиісті мекеме басшылары оның тақырыбына мән бермей, көпшіліктің уақытын алып, жалпы жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндайтын ұзын-сонар есепті оқып беруді әдетке айналдырған. Бір айта кетерлігі, оған дұрыс жөн сілтеп жатқан жан да жоқ. Келешекте бұл мәселе оң арнаға өзгереді деген сенімдеміз.
Жиынды қорытындылаған Н.Әбдіров кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастықты күшейтуді, жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтарды енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, кәсіпорындардың басшылары бос жұмыс орындары туралы білім беру ұйымдарына ұсыныстар беру арқылы жұмыссыз студенттерді жүмыспен қамту мәселесін колға алу керектігін назарға салды. Бұл тұста кәсіпорындар мен Мансаптық орталық филиалы арасындағы жұмыс барынша күшейтілу қажеттігі айтылды.
Жиын соңында кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықтың жарқын дәлелі ретінде «Қызылша Жер» ЖШС өкілі мен колледж басшысы ортаға шақырылып, демеушілік меморандумына өзара қол қою рәсімін өткізді.
Динара Батырхаирова.