«Сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуі маңызды»
Қазақстандағы сайлау жүйесін трансформациялаудың барысы, жалпыға бірдей сайлау құқығы тақырыбында және жалпы өңірімізде сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында заманауи тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар мен сайлауға байланысты басқа да мәселелер жайында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловпен әңгімелескен едік.
– Серғали Өмірзақұлы, жалпы дүниежүзілік сайлау жүйесінің негізгі қағидаты нені көздейді?
– Ол азаматтардың демократиялық жолмен дауыс беру арқылы билікке қол жетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан дүниежүзіндегі сайлау жүйесі осы бағытта қалыптасқан. Соңғы жылдары Қазақстандағы сайлау жүйесін трансформациялау барысында елімізде жоғарыда айтылған дүниежүзілік сайлау жүйесінің қағидаты негізінде мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелері енгізілді. Нәтижесінде, Парламент Мәжілісінің 30 пайызын, облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызын партиялық тізімдер бойынша, ал республика Президентін, қала, аудандық мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда толық мажоритарлық, яғни бір мандаттық сайлау жүйесі қолданылып, жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тікелей халық сайлайтын болды. Бұл жерде бір ескере кететін жағдай, мажоритарлық сайлау жүйесінің ерекшелігі, сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс берген кандидат сайланған болып саналады.
– Осы жерде еліміздегі заң шығарушы органдардың депутаттарын сайлау мәселесіне тоқтала кетсеңіз.
– Еліміздегі заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы орган – Парламент екі палатадан, яғни Сенаттан және Мәжілістен тұратындығы белгілі. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беруге қатысқан таңдаушылар дауысының 50 пайызынан астам дауысын жинаған жағдайда 6 жылға сайланады. Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылар – мәслихаттардың депутаттары болып табылатын республика азаматтары қатысады. Ал, Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттары, жоғарыда айтып өткенімдей, аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілеттік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ, бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жасырын дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі басқа кандидаттарға қарағанда оның кандидатурасын жақтап дауыс берген жағдайда, 5 жыл мерзімге сайланады. Мұндағы өзгеріс, сайлау барысында саяси партиялар арасында мандат бөлу рәсімі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетіліп, көпшілік саяси партиялардың депутаттық мандатты бөлісу процесіне қатысуларына жеңілдік жасалды. Бес пайыздық кедергіні еңсерген әрбір саяси партиялардың тізімі үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы, бөлінетін депутаттық мандаттар санына бөлініп, квота белгіленеді. Осы белгіленген квотаға сәйкес, саяси партиялар депутаттық мандатқа ие бола алады. Нәтижесінде, 2023 жылдың наурыз айында өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында бұрынғы жылдары өткен сайлауларға қарағанда, алты партияның өкілдері депутаттық мандатқа ие болды.
Осы жерде тағы бір ескеретін жағдай, аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Онда әйелдер мен жастардың саны жиынтығында оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауы тиіс. Ал, облыс орталығындағы қала, аудандық мәслихат депутаттары жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде мажоритарлық жүйемен жасырын дауыс беру арқылы, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі басқа кандидаттарға қарағанда оның кандидатурасын жақтап дауыс берген жағдайда, 5 жыл мерзімге халық сайлайды.
Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін бұрын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, және ауылдық округ әкімін ауданның мәслихаты аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілген, 25 жасқа толған кандидаттар арасынан баламалы негізде төрт жыл мерзімге қызметке сайлайтын және бұл сайлау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіліп келді. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2021 жылдың шілде айынан бастап, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, және ауылдық округ әкімдерін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мажоритарлық жүйеге көшіріліп, сайлау құқығы тікелей халыққа берілді. Сол сияқты, әкім болуға кандидаттарды ұсыну саяси партияларға өз мүшелерінің арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен және кандидаттыққа ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылған жағдайда, жоғарғы тұрған әкімге кандидат ұсыну құзыреті берілді. Мұнда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың басқа кандидаттармен салыстырғанда ең көп дауыс санын жинағаны 4 жыл мерзімге әкім болып сайланды деп есептеледі.
Жалпы, 2021 жылдан бастап облыс көлемінде 156 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округтерде жалпы саны 171 әкімдердің тікелей сайлауы өтті. Оның ішінде 25 округте екі рет, ал 2 округте үш рет сайлау өткізілді. Кандидаттарды ұсыну барысында саяси партиялармен бірге жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі едәуір жоғары болды. Бұның айғағы, жоғарыдағы ауыл әкімдерінің сайлауын даярлау барысында жалпы кандидаттыққа ұсынылған 645 үміткердің ішінде өзін-өзі ұсынған азаматтар саны 470 болды немесе 72,8 пайызды құрады. Ал, сайланған әкімдердің 22,8 пайызын өзін-өзі ұсынған азаматтар құрады. Бұл үрдіс, азаматтарымыздың қоғамды демократияландыру процесіне бейжай қарамай, оған атсалыса отырып, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және оларға сайлануға, сайлаушылардың жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруға және сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуіне ықпал етуде.
Республика бойынша 2023 жылы пилоттық режимде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы тікелей сайлаушылардың қатысуымен өтті. Біздің облысымызда Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің сайлауы пилоттық режимде өтті. Биылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы осы жүйе бойынша тұрақты түрде өтетін болады.
– Серғали Өмірзақұлы, сайлау процесін ұйымдастырушы тараптар туралы айтып берсеңіз.
– Сайлау процесін ұйымдастырып өткізуге шартты түрде үш тарап қатысады. Олар: сайлау комиссиялары, сайлаушылар және байқаушылар мен БАҚ өкілдері. Елімізде сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыратын мемлекеттік органдар сайлау комиссиялары болып табылады. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін орталық, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары құрайды. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде, тиісті мәслихаттар сайлайды. Олардың өкілеттік мерзімдері 5 жылды құрайды.
Сайлау комиссияларының мүшелері мемлекеттік органдардың өкілдері болып табылады және олар мемлекеттің қорғауында болады. Бүгінгі күні облыстағы 714 сайлау комиссиясының құрамында 4586 мүше бар. Олардың 23,2 пайызы жастар.
Барлық сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, ашықтық және жариялылық негізінде жүзеге асырылады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін кәсіби тұрақты негізге көшіру туралы өзгеріс енгізіліп, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық аумақтық сайлау комиссиясының барлық 7 мүшесі, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 3 мүшесі, яғни төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс атқаруда.
Аймақтағы аумақтық сайлау комиссияларының атқаратын қызметіне тоқталатын болсақ, аумақтық сайлау комиссиялары Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, әкімдер және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді. Ал, округтік сайлау комиссиялары бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады. Учаскелік сайлау комиссиялары Президент, Парламент және мәслихаттар депутаттарын, әкімдерді сайлау жөніндегі ұйымдастыру шараларын жүргізеді.
Жоғарыда айтылған екінші тарапқа тоқталсақ немесе сайлау туралы заңмен айқындалған жалпыға бірдей сайлау құқығына ие сайлаушылар туралы айтар болсақ, сайлауға сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімімен бас бостандығынан айыру органдарында отырған азаматтардан басқа, республиканың 18 жасқа толған азаматтарының тегіне, нәсіліне, жынысына және басқа да белгіленген жағдаяттарына қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы берілген.
Биылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша, облыста 729 мыңнан астам сайлаушы «Сайлаушылар тізіміне» енгізілген, олардың 233 мыңын немесе 32 пайызын жастар құрайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығы айқындалған. Яғни, республикадағы сайлау, республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделген.
Сол сияқты, елімізде азаматтардың сайлауға қатысуы ерікті болып табылады және оларды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркін білдіруді шектеуге ешкімнің де құқығы жоқ деп көрсетілген. Осы орайда әлем елдеріндегі сайлаушылардың құқығына тоқталатын болсақ, мысалы Перуде заң бойынша ел азаматтары сайлауға міндетті түрде қатысуы тиіс. Дауыс бермегендер мемлекеттік қызметтерден қағылады. Ал, жастар өзінің алғашқы төлқұжатын бірінші сайлауға қатысқаннан кейін ғана ала алады. Дамыған, демократиялық Швейцарияда әйелдер сайлауда дауыс беру құқығына тек 1971 жылы ғана ие болған. Дауыс беруге ең көп қатысатын халық Бельгияда. Мұнда себепсіз сайлауға қатыспағандар бірінші жолы 50 еуро, екінші рет қайталаса, 125 еуро айыппұл төлейді. Дауыс беруге төрт рет қатарынан бармаған адам 10 жыл сайлау құқығынан айырылады және мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, әлемдегі жоғарыда аталған және аталмаған көптеген мемлекеттермен салыстырғанда, біздің елімізде қабылданған сайлау туралы заң адам құқығын қорғау негізінде қабылданған деп толық айтуға болады.
– Енді өзіңіз атап өткендей, үшінші тарап – байқаушылар туралы не айтасыз?
– Елімізде сайлау саласын трансформациялау барысында байқаушылар институты қалыптасып келеді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, саяси партиялардан және жарғысында сайлауды байқау жөніндегі функциясы айқындалған республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттелген жағдайда, олардың байқаушылары сайлауға қатысуға құқылы. Сайлау туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты, жарғылық қызметінде сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын өңірлік қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу функциясы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құзырына берілді. Бүгінгі күнге облыста нақты аккредитация алып, тіркелген 4 қоғамдық ұйым өз құзыреті шеңберінде сайлау процесіне қатысуда. Олар: «Жастар-зерттеу» жастар, «Жамбыл облысы жастар мәслихаты» жастар, «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі және «Энигма-Тараз» қоғамдық бірлестіктері.
Сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуде жоғарыда айтылған әртүрлі тараптардан қатысатын байқаушылардың рөлі үлкен. Мысалы, өткен жылы Референдумда 1809 саяси партиялардың, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары мен БАҚ өкілдері қатысып, заң талаптарының орындалуына өз үлестерін қосты. Бұл жауапты саяси науқанға байқаушы ретінде қатысуға қызығушылық танытып отырғандардың 60 пайызы – жастар. Ал, халықаралық және шетелдік байқаушыларды мемлекетімізге шақыру Сыртқы істер министрлігінің құзырында болса, оларды тіркеу немесе аккредитациялау Орталық сайлау комиссиясының құзырында.
Мұнда да айта кететін жағдай, байқаушылар, сенімді өкілдер мен БАҚ өкілдерінің сайлауға қатысу барысындағы мәдениеті мен кәсіби деңгейін көтеру бойынша алдымызда бірқатар жұмыстарды атқару міндеті тұр. Себебі, біздің кейбір байқаушылар сайлау барысында эмоцияға беріліп, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау күнгі кәсіби жұмыстарына араласып, кедергі келтіруге дейін баратыны жасырын емес. Ал, заңда сайлау комиссиялары өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға жол берілмейтіндігі айқындалған.
Сайлау процесі кезінде бұндай көріністердің орын алуы, олардың кәсіби деңгейінің және мәдениетінің төмендігі мен іскерлік тәжірибесінің аздығынан болып отыр. Осыған орай, өткен жылы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, осы бағытта қолданыстағы заңнаманы түсіндіру мақсатында семинар-кеңес өткіздік. Ал, шетелдік байқаушылар жұмысында мұндай әрекеттер мүлдем жоқ. Олар сайлау комиссиясы тарапынан қандай да бір заң бұзушылық немесе процедуралық қателік байқаса, өздерінің ұсынымдары мен талаптарын жазбаша түрде тиісті комиссия төрағасына ұсынады. Осылайша өздерінің құқықтарын ресми рәсімдейді. Жалпы, байқаушылар мен сайлау процесін ұйымдастырып өткізушілердің мақсаты бір, ол – сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуін қамтамасыз ету.
– Ал, өңірімізде сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында заманауи тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыру үшін сайлауалды жұмыстарда сайлаушыларды сайлау туралы тиісті ақпараттармен қамтамасыз ету және үгіт-насихат жұмыстарының пәрменді түрде жүргізілуі маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы наурыз айындағы Жолдауында қарқынды дамып келе жатқан байланыс технологияларының әлеуетін сайлау саласында ақпараттандыру және үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруда тиімді пайдалануды және байқаушылардың жұмысын заңмен реттеуді ұсынды. Осыған орай, бұрынғы кезде сайлаушыларды сайлау туралы ақпараттандыру немесе дауыс беруге шақыру жұмыстары БАҚ арқылы жүргізілген болса, соңғы жылдары осы саланы трансформациялау барысында әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалана отырып, сайлау алдындағы үгіт онлайн-платформалар арқылы да жүзеге асырылатын болды.
Ақпараттандыру саласына бірқатар жаңа форматтар енгізілді. Ол, мобильді байланыс операторларымен таратылған СМС-хабарламалар және әрбір сайлаушыға жеке-жеке шақыру қағаздарын тарату арқылы сайлаушыға сайлау туралы ақпараттар берілуде. Мұндағы бір ерекшелік, сайлаушыға берілетін шақыру қағазында тек сайлаудың өтетін күні мен мекенжайы ғана емес, сайлауға түсетін кандидаттар туралы ақпарат QR-код арқылы енгізілді. Шақыру қағазын алған сайлаушы осы кодты сканерлеу арқылы сайлауға тіркелген кандидаттар туралы тиісті ақпараттарды алып, өзінің таңдауын алдын ала жасауына толық мүмкіндік алуда. Ал, әкімдіктерде құрылған Call-орталықтар мен сайлау учаскелеріндегі сайлау күнгі Egov порталындағы онлайн-сервистер қызметі сайлаушылардың дауыс беруіне оңтайлы жағдайлар жасауда. Сол сияқты сайлау комиссиялары сайлау процесін даярлау барысындағы жұмыстарын әлеуметтік желілерге жариялау арқылы желіні қолданушыларға сайлау туралы ақпараттар беруде.
Дегенмен біз сайлау процесі кезінде әлеуметтік желілерді пайдалануда сайлаушыларды ақпараттандыру, желіге арналған қысқа да түсінікті ақпаратты даярлауда сайлау комиссиялары мүшелерінің және сайлау процесін даярлауға қатысушы тараптардың медиа саласындағы кәсіби деңгейінің жетімсіздігін мойындауымыз керек. Сондықтан қарқынды дамып келе жатқан байланыс технологияларының әлеуетін сайлау саласында пайдалану үшін, біз олардың сандық технологияларды меңгеруге бағытталған білімдерін көтеру мақсатында нақты жұмыстар атқаруымыз керек.
Жалпы, республикалық деңгейде өтетін сайлауларда сайлаушылар белсенділігі жоғары. Себебі, орталықтағы сайлау саласындағы жұмыстарды ұйымдастырушы уәкілетті органдардың бірлескен жұмыс алгоритмі даярланып, оны орындауда республикадағы барлық саяси күштер бірігіп жұмыс жүргізеді. Ал, жергілікті жерде өткізілетін сайлауларда сайлаушылардың белсенділігінің төмендігінің бірден-бір себебі, кандидатты ұсынған саяси партиялардың, кандидаттардың өздерінің және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен үгіт-насихат жұмыстарының бәсең жүргізгендігінен және де сайлаушылармен жұмыс барысында медиакоммуникациялық алаңның жаңа форматтарын тиімді пайдалана алмауында болып отыр. Сол сияқты саяси партиялардың заңмен айқындалған өкілеттіктерін пайдалануда тәжірибелерінің жетіспеушілігі байқалады. Ал, «Масс-медиа туралы» заңда жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі, еліміздегі қай сала болмасын жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіру үшін тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болғанымен, ашығын айтсақ, сайлауға даярлық барысында бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың пәрменділігі төмен.
Сондықтан бұл жұмысты ұйымдастырып өткізуде үйлестіруші орган жергілікті атқарушы орган болуы керек. Өйткені, Конституцияның 85-бабында аумақтағы істің жай-күйіне қатысты жауапкершілік жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелген. Ал, Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес, сайлау комиссиялары сайлауалды жұмыстарда үгіт-насихат жұмысымен емес, сайлаушыларды сайлау туралы ақпараттандыру жұмысымен айналысады. Осыған орай, өткен жылдың 23 мамырында облыстық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат саласын басқаратын аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына, облыстағы барлық саяси партиялар филиалдарының басшыларына және аудандардағы өкілдеріне арналған семинар-кеңес ұйымдастырды. Кеңес барысында сайлау процесін даярлау мен өткізу кезіндегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының нәтижелілігі қаралды.
Сайлау процесі кезінде жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі – тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, бәсекелестік призмасы арқылы сайлаудың қоғамдағы саяси орны мен заңдылығын көрсету мәселесі талқыланды. Еліміздегі саяси партиялар өздері туралы заңға сәйкес, өздеріне берілген өкілеттікті сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында қаншалықты тиімді атқарып отырғандығы сарапталды. Сол сияқты барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының сайлау процесіне қатысушы уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстары сараланды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кездесуде мемлекеттік органдармен қоғам арасында сапалы диалог орнату мәселелері қаралып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесінде сайлау жүйесіне енгізілген жаңалықтар туралы халыққа жылдам, бейтарап және толық ақпаратты жеткізе отырып, өңірімізде сайлау туралы оң пікір қалыптастырып, сайлаушылардың белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Ең басты мәселе, сайлаушылардың сайлауға қатысуы олардың азаматтық борышы екендігін түсіндіру. Ал, сайлаушылардың дауыс беру күнгі белсенділіктері олардың демократиялық таңдау жасаудағы алғашқы қадамдары және әрбір сайлауда сайлаушының конституциялық құқығы рәсімделеді, дауысы есептеледі. Өйткені сайлау – билікті құру мен қайта құрудың тарихи шартты тәсілі. Олай болса, сіздер мен біздер билікті таңдау құқығын іске асырушы механизмнің ажырамас бөлігі екенімізді ұмытпауымыз керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
«Aq jol» газеті.