Өнермен өрілген он жыл
Ел болашағы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына тікелей байланысты. Осы мақсатта жүзеге асырылып келе жатқан «Damu bala» бағдарламасы – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін шыңдап, өнер мен мәдениетке баулуға бағытталған маңызды бастама. Бағдарлама аясында өскелең ұрпаққа қосымша білім беру, олардың талантын ашу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен заманауи өнерге бейімдеу жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба жас дарындарға үлкен сахнаға жол ашып, олардың өз қабілеттерін көрсетуіне кең мүмкіндік беруде.
Осындай игі бастаманың нақты жемісі ретінде Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығы «Damu bala» бағдарламасы аясында хореограф Айгүл Хасенқызының “Айжұлдыз” би студиясы аудандық мәдениет үйінде өткен «Өнермен өрілген 10 жыл» атты шығармашылық есеп беру кешін ерекше атап өтуге болады.
Айгүл Хасенқызының жасөспірімдерді биге тәрбиелеу орталығы ұйымдастырған бұл кеш өнерсүйер қауымның жүрегіне жылу сыйлап, жас дарындардың би әлеміндегі ізденісі мен жетістігін айшықтап берді. Он жыл ішінде толайым табысқа жеткен «Айжұлдыз» би студиясының шығармашылық белесі сахна төрінде салтанатпен қорытындыланды. Кеш шымылдығы ашылған сәттен-ақ сахна сәні мен көркем безендірілуі, әсем әуен мен жарасымды қимыл көрерменді ерекше әсерге бөледі. Түрлі жас ерекшелігіндегі өнерпаздардың орындауында ұсынылған 30-ға жуық би нөмірі ұлттық нақыш пен заманауи бағытта шебер үйлестірілді. Әрбір қойылым ізденістің, табандылықтың, ұстаз бен шәкірт еңбегінің жемісі екені анық сезілді.
Бүгінде орталықта 48-ге жуық бала тәрбиеленіп келеді. Би арқылы бала бойына тәртіп, талғам, жауапкершілік, сахна мәдениеті сынды қасиеттер қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, «Damu bala» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі айқын.
«Айжұлдыз» би студиясының шәкірттері тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, республикалық және халықаралық байқауларда да топ жарып жүр. Олар еліміздің түрлі қалаларында өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болып, Стамбул, Қытай, Анталия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жолдама жеңіп алған. Сонымен қатар халықаралық байқаулардың бас жүлдесін иеленген өнерпаздар Бурабай төрінде демалып, шабыттарын шыңдап қайтты. Бұл қажырлы еңбектің жемісі, ұстаз еңбегінің жеңісі.
Шығармашылық кешке арнайы қатысқан Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жазықбаев Жайдар Саттарқұлұлы өз құттықтау сөзінде жас өнерпаздардың табандылығына жоғары баға беріп, Шу ауданы әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, арнайы сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ ауданның білім мен мәдениет саласының өзге де басшылары ізгі тілектерін арнап, Алғыс хаттар мен сый-құрметтерін көрсетті. «Өнермен өрілген 10 жыл» кеші жай ғана есеп беру емес, он жылдық маңдай тер мен шығармашылық ізденістің, сенім мен серпіннің мерекесі болды. Себебі сахна төрінде билеген әр бала – туған елінің мәдени келешегіне қосылған жарқын сәуле екенін сездік.
“Өнер бар жерде – өрлеу бар” демекші, Шу төрінде жанған бұл шам әлі талай биік белестерді бағындырып, талай дарынның қанатын қатайтары сөзсіз.
Балнұр Жексенбекқызы.