Ұлысты ұйыстырған ұлы Наурыз!
Наурыз мейрамы – бағзы заманнан бастау алған Орта Азиядағы біршама халықтың мерекесі. Оны халқымыз Ұлыстың ұлы күні, жылдың басы, жуанның жіңішкеретін сәті деп санайды. Күн мен түннің теңесер уақыты парсы тілінде жаңа күн мағынасын беретіні бұқараға бұрыннан мәлім.
Тағы бір айта кетерлік жайт, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – “Халықаралық Наурыз күні” болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің ұсынған анықтамасында “Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын” мәлімдеді.
Қазіргі таңда елімізде кеңінен тойланып жатқан бұл мереке мемлекеттік деңгейде қолға алынғаны қазақстандықтарды қуантады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысы барысында ел тағдырына қатысты бірқатар мәселелерді қозғай келе, самарқанның көк тасы еритін күнге де тоқталып өткен болатын.
Бурабайдағы басқосуда Президент «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады» деген-ді.
Қазақ хандығының қазығы қағылған Шу бойындағы жұртшылық үшін биылғы Наурыз ерекше болғаны рас. Ел аузында «Наурыз төбе» деп аталатын атшабарда 12 ақшаңқан киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды. Сәнделген сахна алдында шатыр құрылып, көрермендер көлеңке астында өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қалмай жиналған думанды дүбірде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Наурыз – көктемнің жылы лебін, жаңа үміттер мен жарқын бастамаларды алып келетін мезгіл. Бұл күні адамдар ренішін ұмытып, бір-біріне кешіріммен қарап, кең дастархан жайып, ақсақалдар ақ батасын береді. Дәл осы сәтте халық болып, ынтымағымызды арттырып, ауызбіршілігімізді нығайту – басты міндетіміз. Өйткені бірлігі бекем ел ғана өркендеп, кемелдене түседі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз мейрамы жаңа сипатқа ие болып, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қайта жаңғыртуға, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге мол мүмкіндік туғызды. Бұл – Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігін нығайтатын, қайырымдылық пен мейірімділікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты дәріптейтін маңызды мейрам,-деген аудан басшысы құттықтауын ізгі тілекпен түйіндеді.
Алыс-жақыннан келген ағайын Шу ауданындағы мекемелер көтерген ақ боз үйлерге бас сұғып, Наурыз көже мен ыстық палау ұсынылған дастарханнан дәм татып жатты. Сондай-ақ заманы бір адамдар құшақтасып-қауқылдасып бірін-бірі мерекемен құттықтасқаны жүректерді жылыта түскенін жасыруға болмайды.
Қуанса, бала қуансын дегендейін бұл күні балғын жерлестеріміз үшін ойын алаңдары орнатылып, тәттілер мен сусындар саудасы ұйымдастырылды. Шара қонақтары назарына қолөнер бұйымдары мен этномәдени орталықтардың көрмелері ұсынылды.
Ұлттық мұраны ұлықтаған мереке күні ұлттық спорт ұмыт қалған жоқ. Кеңес одағының батыры Саттар Естемесов атындағы атшабар алаңда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды қан қыздыратын ойындар өтіп жатты. Одан бөлек, білекті балуандар бәсекесін тамашалаған қауымның қарасы қалың болды. Қазақша күрес дегенде ішкен асын жерге қоятын ағайын қиқулап дем беріп жатқанын көрдік. Қол күрес сыны, тоғызқұмалақ пен қой көтеру, асық ату, шахмат т.с.с. бәсекелер думанның шырайын келтірді. Жеңімпаздар үйіне жүлдемен оралды.
Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей тыңғылықты дайындықпен ұсынылған сазды бағдарлама өнегелі тұсымен өрнек салды. Мерекенің түпкі тарихы, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін дәріптеп, жас ұрпаққа ұлағат етуде ұтымды қадамдар жасалды. Оған сахна төрінде қойылған көріністер, дәстүрлі әндер мен мың бұралған балауса бишілердің өнерлері дәлел болмақ. Сондай-ақ Шу аспанын әнге бөлеген «Азия» тобы қонақкәдеге келгенде аянып қалмады. Жергілікті өнерпаздар да жерлестері алдында жұлдыздай жарқырап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ақ кимешек киген әнші әжелер де замандастарының қошеметіне бөленді.
Мерекелік шара соңы бәйгімен түйінделіп, аламанның алдынан келген шабандоздарға құрмет көрсетілді. Бұл күні атсүйер қауым жүзден жүйрік шыққандарға куә болып, қайбір азамат пен қазанаттың бабы жоғары екенін білді.
Еске сала кетейік, большевиктер 1926 жылы «діни мереке» деп тиым салған наурыз 1988 жылдың көктемінде қазақпен қайта қауышқан. Бұл жолда Өзбекәлі Жәнібековтың қара нардай қайрат танытқанын айта кеткен абзал.
Байжан Емберді.