«Менің туым менің мақтанышым»
Күні кеше ғана аудандық мәдениет үйінде жастар мен жасөспірімдер арасында «Менің туым – менің мақтанышым» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін оятуға, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыруға бағытталған байқауға 8-16 жас аралығында 33 оқушы қатысып, қазақ ақын-жазушыларының патриоттық, тәлім-тәрбиелік және лирикалық шығармаларын және өз туындыларын жатқа, мәнерлеп орындады. Мәнерлеп оқу байқауына қатысушылардың дені Ж.Молдағалиев, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Қадыр Мырза Әлі, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова және басқа да ақындардың шығармаларын әсерлі орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мәнері, сахна мәдениеті, мәтінді жатқа білуі, көркемдік деңгейі және образды жеткізу шеберлігі бойынша бағалады. Байқау барысында әр қатысушы өзіндік дайындық деңгейін көрсетіп, шығарманың мазмұнын терең түсінгені байқалды.
Байқау қорытындысы жас ерекшеліктеріне қарай бағаланып, нәтижесінде І орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің оқушысы Орынбасар Сұлтан Шоқанұлы (Белбасар ауылы) және Домалақ ене атындағы орта мектебінің оқушысы Бахдаулет Сезім Еркебуланқызы (Бірлікүстем ауылы), ІІ орынды Абай атындағы орта мектебінің оқушысы Жайсанбай Шахназар Шоқайханұлы (Абай ауылы) және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің оқушысы Несіпжан Іңкәр Нұрболатқызы (Белбасар ауылы), ал, ІІІ орынды Жібек жолы мектеп-лицейінің оқушысы Нұрсұлтан Ерханұлы (Шу) және Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының оқушысы Сартбай Әдемі (Төле би) иеленсе, 4 қатысушы қосымша номинациялармен марапатталды, атап айтсақ, «Ең әсерлі орындау» номинациясын Алға орта мектебінен Әбихан Еркенұр (Сауытбек ауылы), «Үздік сахналық мәдениет» номинациясын Мойынқұм орта мектебінің оқушысы Сауранбай Дана (Мойынқұм ауылы), «Үздік патриоттық рух» номинациясын С.Сейфуллин атындағы орта мектеп оқушысы Ахан Даулетханұлы (Шу) және «Көрермен көзайымы» номинациясын С.Естемесов атындағы орта мектеп оқушысы Әбдуәли Құралай Бақытжанқызы иеленді.
Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, қалған қатысушылар мадақтама грамоталарымен марапатталды. Іс-шара жас буынның әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор ықпал етті. Ұйымдастырушылар да өз кезегінде мұндай байқаулардың жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге және мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеудегі маңызы зор екенін атап өтті.
Маржан Копбосынова,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.