Ақпараттық портал

Қауіпсіздік мәселесі – басты назарда

Қай кезде де адам құқығы үлкен маңызға ие екені белгілі. Демократиялық ел болудың алғышарты да, негізгі тірегі де – осы. Сондықтан еліміз адам құқығының аяқасты қалмауын үнемі алдыңғы орынға қояды. Бұл ретте, ең алдымен заңның үстемдігі және құқықтық тәртіптің жоғары деңгейде болуы аса маңызды. Бұл бағытта ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Оның қатарында «Шу – қауіпсіз аудан» атты профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын атап өтуге болады. Аудан прокуратурасы, полиция бөлімі мен аудан әкімдігі және өзге де мүдделі мекемелердің бірігуімен жүзеге асырылып жатқан жобаның жемісті болары сөзсіз. Себебі, ұзақ уақыттан бері шешімін таппаған мәселелер ретімен шешіліп, сең қозғалғандай болды. Оны жуырда өткен бірлескен ведомствоаралық кеңестің күн тәртібінде қаралған мәселелерге қарап аңғаруға болады.
«Шу – қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын іске асыру және өзекті мәселелер бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі» атты кеңеске аудан әкімі Б.Жәнібеков пен аудан прокуроры Қ.Қуатбеков төрағалық етіп, оған құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік кірістер басқармасы мен әкімдікке қарасты бөлім басшылары, сондай-ақ Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Шу ауданы прокурорының орынбасары А.Мейірхан баяндама жасаса, аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев пен полиция бөлімі бастығының орынбасары атқарылған жұмыстар бойынша есептерін баяндады. Ең алдымен аудан прокурорының орынбасары өңірімізде құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарда кемшіліктердің жиі орын алып отырғанын айтып, 4 айда жалпы қылмыс 9,3 пайызға артқанын жеткізді. Оның басым бөлігі тұрмыстағы жанжалдан туындаса, одан бөлек пәтер ұрлығы мен масаң күйдегі қылмыстар да алдыңғы қатарда тұр. Сонымен бірге, жергілікті әкімдік пен полиция бөлімі бірқатар елді мекендердегі учаскелік полиция пункттерін ұйымдастыру және қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесін толық шешпегенін де атап өтті. Бұл жағдай халық тығыз шоғырланған елді мекендерде қылмыстың өсуіне сеп болып отырған көрінеді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларды да атап өтті.
– Өткен жылы учаскелік полиция инспекторларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 12 миллион теңгеге Тасөткел және Ақтөбе ауылдық округтерінен қызметтік үй алынған. Ал, ағымдағы жылы бұл мақсатта 21 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Одан бөлек, былтырғы жылдың соңында «Ел болам десең, тойыңды түзе» атты форум өткізіп, онда аудан кәсіпкерлерімен меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда той жиындардың басым бөлігінде талапқа сай сағат 23.00-ге дейін аяқтау дағдысы қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады, – деді Н.Кенжеханұлы.
Ауқымды мақсаттарды көздеген аталмыш бағдарламаның жай-жапсары талқыланған басқосуды аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы мен аудан прокуроры Қайыржан Еркінбекұлы қорытындылады. Басшылар жұмыстың қарқынын үдетіп, қылмыстың жолын кесетін барлық шараларды тиянақты орындауды тапсырды. Сондай-ақ, нәтижелі жұмысқа қол жеткізуде аянбай тер төгу керектігін жеткізді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.