Тау тұлғалы азаматтар еңбек еткен орта
Шу өңірі сырт көзге еңбексүйгіш, жұртына жанашыр, қонақжай, мейірімді адамдарымен танылған мекен. Шу жерінің талай тарланбоз өнер адамдары, тарихымызға белгілі баһадүрлері де жетерлік. Баспасөз беттерінде жарияланған қайталанбас тұлғалары туралы тарихи деректерді қалың оқырман жақсы біледі деп ойлаймын. Тасқа басылған тарихы бар «Шу өңірі» газетінің 90 жасқа толған мерейлі белесі қарсаңында редакция ұжымымен етене араласып, өзім байқаған азаматтардың азаматтық бедерлі істері еске түсіп отыр.
«Журналист халықтың ішінде жүріп, биліктің көзіне түсе бермейтін жайттарды таразыға салып, ел игілігіне жеткізуші алтын көпір»-деп айтылғанымен, қаншама жанкештілік еңбектің журналистер қауымына артылып жүргенінен бейхабар сырт адамдар арасында БАҚ журналистері қыдырып жүріп табыс табады деп ойлайтындардың да бары жасырын емес. Байыппен байқасаңыз, қоғамдағы титтей жақсылыққа жаны жадырайтын, болмашы жаманшылықты байқаса жүрегіне алып, күйзелетін ең бірінші журналистер қауымы десем, қателеспеймін. Жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу өңірі халқының көз қуанышы болып жүрген «Шу өңірі» газетінің өткені тағлымды тарих, болашағы бекем болып жарыққа шыға беруіне тілектеспін.
Ең алғаш 9-сыныпта оқып жүргенімде 1973 жылы «Шу өңірі» газетінде «Жол азабы» атты шағын мақалам жарық көрді. Мақалада сөз болған жағдай тексеріліп, аудандық жолаушылар тасымалдайтын мекеменің басшысы қатаң сынға алынып, мақалада аталған елді мекенге көлікті бұрғызып, нәтижесін көргенде газет беделінің зор екенін алғаш рет сезіндім. Оның үстіне сол кезде ең алғаш қаламақыға бір сом елу тиын алып, өзімді керемет жазушылар қатарына қосылғандай сезінгенім әлі күнге жадымда. Төле би ауылының (бұрынғы Новотройцкое) 1 май көшесінде орналасқан аудандық «Шу өңірі» газетінің редакциясына алғаш барғанымда жылы қабылдаған Умэлс Шоқалақов пен Қанарбек Кезембаев ағалар:
-Біз сенің жазғаныңа қарап, үлкен кісі шығар деп ойласақ, әлі оқушы екенсің ғой. Талабыңа нұр жаусын, жаза бер! – деп ризашылықтарын білдіріп, қолдау көрсетіп, біраз ақыл-кеңестерін айтып, шығарып салды. Ағайлардың бөлмесінен қанат байлап, аспанға ұшатындай әсермен шыққаным да әлі есімде. Сол ағалардың алдына келгендерді үлкен-кіші демей, тең кісідей қабылдап, ақыл-кеңестерін айтатын кісілік келбеттері көпке үлгі боларлық қасиет екенін бағамдап, бойымызға жұқтыруға талпындық. Газеттің кез келген нөмірінде ақ-қара түспен басылып шығатын суреттер арқылы сырттай таныс, әжептәуір салмағы бар «Зоркий» фотоаппаратын асынған редакцияның фото тілшісі Петр Норкинмен танысып, суретке түсіру өнерін алғаш сол кісіден үйренген едім. Өте елгезек, қимыл-қозғалысы ширақ Петя ағаймен түрлі шығармашылық бағыттарда кездесіп жүрдік.
Бірде Шу қалалық теміржол полициясының орынбасары болып қызмет еткен сыныптасым Зияддин Бижікеевтен сұхбат алып, суретін түсіріп келуге шықтық. Шу қалалық полициясы мекемесінің ауласына кіргенде фотоаппарат асынған П.Норкинді көрген ішкі істер органы қызметкерлерінің Петя ағайға деген қарым-қатынасы мен сәлем түзулігі мені қатты таңқалдырды. Газет беделінің әрқашан биікте болуы жолындағы кез келген ортада ерекше қарапайым мәдениетті қарым-қатынас жасауы Петя ағаның кез келген кісіде бола бермейтін бір қыры еді. Ол кезде қазіргідей шектеусіз түсіре беретін фотоаппарат жоқ. Әрбір кадры есептеулі. Пленкадағы үш кадрға барлық сапарымызды сыйғызып жасаған шеберлігіне таңқалып, мәнісін сұрағанымда, сол тұстарда өткен Октябрь революциясы мерекесінде яғни, 7 қараша күнгі салтанатты жиында қалалық, аудандық ішкі істер органдары қызметкерлерінің барлық суретін түсіргенім есіме түсті. Петя ағам болса «Әрқашан запаспен жүру керек»- деп күліп, риясыз ақкөңілділігін білдіріп еді. Еңбекқорлығында шек жоқ, уақытпен санаспай жұмыс жасағанына талай басшы болған редакторлардан алғыстан басқа сөз естіген емес еді. Күні кешеге дейін тарихи деректерге толы құнды құжаттар қалдырған ауданымыздың бірінші фото тілшісі П.Норкин ағамыздың бейнесі көпшілік қауымның жадында мәңгі сақталатыны анық
Білім саласында басшылықта жүргенімде түрлі жиындар мен кездесулерге аудан орталығына жиі келетінбіз. Сәл қолым босаса редакциядағы ағайларға сәлем беріп шығуға кіретінмін. Жүріс-тұрысы мен сыпайы сөйлесуі, отырған жерінің тазалығы мен киім талғамы әдемі жарасып тұратын Жақан Қожағұлов ағаның кез келген тақырыпты тарихи дәлелдермен нақтылап сөйлейтін әдетінен көп жандар бұл кісінің маңайынан ығып жүретін. Әзілдеп сөйлегенді ұнататын.
Бірде асығыс шаруа болып қырынған кезімде өткір зат иегімнің астын қанатып жіберді. Қолда бар спирт, әтірді мақтаға малып, қанды тоқтату әрекетін жасаймын деп үстімнің бәріне әтір жұқтырдым.Орталықтағы жұмыстарым біткен соң, редакцияға соғатын әдетіммен кірсем, кезекшілікте Жақан аға отыр екен. Сәлем беріп, қал-жағдай сұрасқаннан соң Жақан аға:
-Туһ, інім әтір ішетін болғансың ба, сыртыңа шығып кетіпті ғой?-деді. Мен болған жайды айтып ақталмақ едім, қолын көтеріп, «тоқта» деген белгі көрсетіп:
-Менікі әзіл ғой інім. Негізі әтірдің бір ғана түрін жаға бермей, иіссудың әртүрлісін сеуіп жүргенің дұрыс және мұны әдетке айналдырып, үзбей қолданып жүр. Себебін түсіндірейін. Өзің қыз-қырқыны көп мектепте жұмыс істейді екенсің. Кейде қыз-келіншектер көп қатысқан жиындарда қатар отырып қалған келіншектің иіссуы киіміңе сіңіп қалады. Ол өзіңе білінбейді. Үйге кешігіп келгенде келіннен таяқ жеп қаласың. Сондықтан әртүрлі иіссу жағуды әдетке айландырсаң, үйде отырған келін сенің иісіңді ажырата алмай қалады. Пайдасы – құда да, құдағи да тыныш. Әлі жассың ғой. Негізі айтқанымның дұрыстығына өмір ағымында көз жеткізіп, рахмет айтасың,-деп әзілдей отырып, өмір түйткілінің бірталай байқалмайтын тұстарын түсіндірген еді. Өмірден көргені мен түйгені мол ағаның жанында көбірек отырғанды қалаушы едім.
Киім киісі мен маңғаз жүрісі талайлардың мысын басып тұратын Нұрғалиев Тұрсынбай ағаның «Барып келейік» дейтін қолқасымен талай-талай күрмеуі қиын жайттардың куәсі болдым. Өте өткір, заң тармақтары мен баптарын жатқа айтатын. Жұмыс бабымен қай мекемеге барса да «Редакциядан Нұрғалиев» дегенді естіген мекеме қызметкерлері қолды-аяққа тұрмай, зыр жүгіретін. Қай кезде болмасын түрлі жағдайлармен келген азаматтардан кабинетінің алды босамайтын. Сот орындаушысы қызметінде біраз жыл қызмет етіп ысылған Тұрсынбай аға «Шу өңірі» газетінің айбалталы айбыны болатын. Ағаның жанында жүріп, көпшіліктің көзіне түсудің өзі үлкен мәртебе. Себебі қу тірлікте кездесетін түрлі жағдаяттың шешімін тауып, көңіліңді жайландыратын. Сол жылдарда редактор болған Рахметілда Құдабаев ағай «Күрмеуі қиын, даулы, шиеленіскен мәселелерге Нұрғалиевті жіберу керек»- деп Тұрсынбай ағаны жұмсайтын кездеріне куә болғаным да жасырын емес. Оның үстіне көпшілік біле бермейтін заң баптарының жықпыл тұстарын дөп басып, өмірдегі түйткілмен жымдастырып, қолмен қойғандай қылып айтқанда кез келген жүйке шыдас бермей, тез берілетін. Талай жандардың алғысын алған азамат ағаның жақсылық қайырымының дәмін татқан кісілер кездескен жерде сәлем беріп, құрақ ұшатын. Философиялық тұжырыммен шығыс даналығының негізін қалаған Әл-Фарабидың «Дүниеде барлық адамзаттың мейлі кәпір, мейлі мұсылман болсын бір ғана құдайы бар. Ол – шындық. Бірақ – шындық кешігіп жүреді» деген әпсанасын жиі айтып отыратын сәті де әлі санамда жаңғырып тұрады. Сол жолда аянбай еңбек етіп, журналист мәртебесіне дақ түсірмеді.
Мінезі жібектей, сызылып тұратын, ешқашан сөзіңді бөлмей, тыңдап болған соң өзіңнен сұрақ қоюға рұқсат сұрайтын әдеп-мінезі тілдескен жанды тез баурап алатын, орта бойлы, талдырмаш денелі кескін-келбетінен қазақылықтың ұяң мінезі есіп тұратын Қарсыбек Көпжасаровтың кез келген мақаласының шарықтау шегінде көңіл-күйге байланысты әдемі штрихтар өріліп тұратын. Бірде Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» кітабын парақтап отырған кезіне тап болдым. Жәй ғана салмақты дауыспен Мұхаңның өлеңдерін оқи бастады:
Бәрібір бізді ішкіш деп жүр ғой,
Аяулым, ішіп қайталық,
Басына барып Һаямның…
Қыза–қыза мен де бала кезімізден жаттап өскен Омар Һаямның рубайларын айтып, Мұхаңның өлеңдеріне қосылдым. Қазір ойлап отырсам, жібек мінезді, ұяң азаматтың ішкі жан дүниесі қарама-қайшылықта екен. Аласапыран күй кешіп жүргенін сыртқа білдірмей, біртоға қалыпта жүретіні таңқалдырады. Редакциямен тығыз байланыста болып, жиі араласып, әңгімелесіп қалған кездері ой тереңінде тұншығып жатқан сезімнің қылдай нәзік пернелерін дөп басып айтқанда сөз құдіретінің кереметтілігіне тәнті ететін.
Қазір ортамызда жоқ, жоғарыда сөз болған азаматтардың қоғам дамуына, газет беделіне өз үлестерін қосқан еңбектерінің тамшыдай ғана естеліктерін сөз еттік. Айта берсең, талай қайталанбас сәттердің тізбектеліп келетіні рас (имандары саламат болсын).
Әр кезеңнің соқтықпалы-соқпақты жолынан, қоғамдық өмірдің түрлі бұрандасынан өткен, майталман қаламгер, ардагер журналист, редактор Ахметжан Қосақов ағаның тәрбиесін көрген қазіргі соңғы буын журналистердің творчестволық шығармашылығының бойында «Қосақов феномені» бар десем, жаңылыспаймын.
Бірде «Ауғанбай ағаның әңгімелері» атты шағын топтама әңгімелерімді газетке әкелдім. Ахметжан аға:
-Бір-екі күннен кейін кел, мен оқып, өз пікірімді айтайын,-деді.
Уәделі күні келгенімде менің әңгімелерімді оқып жатқан үстінен түстім. Қағаздан басын көтерген аға миығынан күліп:
-Інім, сен әйелдердің бәрін алаяқ, коммерсант қылып жіберіпсің, жағымды образда көрсетуші едің. Не болды, сені әйелдер ренжітіп қойды ма? «Коммерсант келіншек», «Алаяқ», «Сайқал» әңгімелерің тартымды, жақсы жазылған. Бірақ, оқырмандардың бәрі еркектер емес қой. Жарайды… Ешнәрсесін өзгертпей жіберейік. Дегенмен, творчествоның жөні бөлек қой,-деп біраз ақыл–кеңесін айтты.
Ағаның осы кеңесінен кейін әйелдер тақырыбының жағымды жағын бірінші жоспарға қоятын болдым. Ахметжан ағаның шығармашылық адамдарына ерекше көзқараспен қарап, аялай сөйлеп, сабырмен түсіндіретін әдеті адами қасиетінің үлкен қыры деуге болады.
«Стақан дейтін шыны ыдыс бар. Онымен арақ ішіледі, су ішіледі, қызметі – зор. Бірақ байқамай түсіріп алсаң, шарт сынады. Журналистер сондай халық» дейтін ой ұстанымы дәл жүрекке жеткізіп айтылған «әпсанаға» айналар тәлімді сөз деп білуге болады.
Жақсылықтың жаршысы, қоғам дамуының қоңырауы болған төл газетіміз – «Шу өңірі» өз оқырмандарын қуантып, әлі де талай биік белестерден өтеді деп сенеміз.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.