Ақпараттық портал

Ауданның ақпарат айдыны 90 жаста

Аудан айнасына айналған «Шу өңірі» газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына биыл 90 жыл толып отыр. Бақсаңыз, тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам ғұмыры үшін аз уақыт емес. Ғасырға жуық ғұмыры бар дәл осы басылым уақыт ағымына қарай әлденеше рет түрленді десек те, ол өзінің негізгі мақсатынан бір сәтке де ауытқыған емес. Соғыс жылдарында басына түскен таудай тауқымет те бұл басылымның меселін қайырып, қажырын мұқата алмаған. Керісінше, қаншама адамның ой-санасын байытып, қаншама жанның рухани өрісін кеңейтуге қызмет етті.

Бүгінде жүз мыңнан аса тұрғыны бар әлеуетті ауданның тыныс-тіршілігінен тынымсыз хабар таратып жүрген басылымда қаншама жас маман еңбек етіп, ысылып шықты. Өйткені қасиетті қара шаңырақта бір өзі бір мектепке татитын қалам ұстаған қаншама аға буынның ізі жатыр. Олардың іздері өткеннің еншісінде қалғанымен, өнегесі әлі де жаңғырып тұр. Сол өнегені ой түкпірінде сақтап, алдыңғы буын қаламгерлердің жүрген жолын бүгінгі буын да отшырақ етіп ұстап келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, газеттің алғашқы атауы «Социалды еңбек» деп аталған. Мемлекетті де, қоғамды да көркейтетін әрі көріктендіретін адам еңбегі болғандықтан, осылай аталса керек. «Социалды еңбек» газетінің бірінші саны 1935 жылғы 16 маусымда жарық көрді. Оның алғашқы редакторы Қартайған Молдағұлов болған. Айтулы азамат сол кездегі полиграфиялық құрал-жабдықтардың тапшылығына қарамастан, жоқтан бар жасап, газет шығару жолында түрлі ауыртпалықтарды бастан өткергені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, алғашқы тілшілердің қатарынан Сағынбек Несіпбаевты да атап өткен жөн. Дәл сол жылдың соңына таман мемлекет және партия қайраткері Сергей Киров өмірден озып, тарихи тұлғаның есімін есте қалдыру мақсатында «Социалды еңбек» газетінің атауы «Кировшы» болып өзгертіледі. Басылымның аты өзгергенімен, мазмұны мен мағынасы сақталып қалады. Бұл кезде Шу ауданы Алматы облысының құрамында болғанын айта кету керек.
Ал, 1954 жылдан бастап «Кировшы» газетінің аударма газеті ретінде «Кировец» газеті орыс тілінде жарыққа шыға бастады. Мұны газет басшылығының аудандағы түрлі этнос өкілдерінің пікірін ескеріп, басылымның тынысын кеңейту жолында жасаған еселі еңбегі деп топшылауға болады. Араға уақыт салып, дәлірек айтқанда 1962 жылы аудандық «Кировшы»-«Кировец» газеттерінің атауы «Шу өңірі»-«Шуская долина» болып атала бастады. Содан бері қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып жүрген аудандық басылымда бірнеше буын алмасып, олардың бірқатары облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етуде. Тағы бір айта кетерлігі, тағлымы мен тәрбиесі мол газеттің алғашқы редакторы Қартайған Молдағұловты есте сақтау мақсатында аудан орталығы Төле би ауылының бір көшесі сол кісінің есімімен аталады. Мұны жергілікті жұрттың қаламы қарымды баспасөз ардагеріне деген құрметі деп бағалаймыз. Сонымен қатар, әр жылдары аудандық газетке Әлмаханбет Досымбеков, Әбдіғұл Әбдіраманов, Омар Исабеков, Жұмабай Райымқұлов, Беген Байсақалов, Нұрмаханбет Ордабаев, Оспанбек Хатиев, Ахмет Қазыбаев, Беген Байсақалов, Әбдіғұл Ибрагимов, Қадірхан Баққараев, Рахметілдә Құдабаев, Ахметжан Қосақов, Қуантай Байжолов, Дихан Әбдиев басшылық жасағанын да қалың оқырман біле жүрсе дейміз. Аталған азаматтардың қай-қайсысы болса да кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, газеттің беделін көтеруге, абыройын асыруға аянбай тер төккені ақиқат.
Біз әрдайым аға буынның ақылын азық етіп, өнегесін жадымызға қазық ету керектігін естен шығармауға тырысамыз. Қазіргі кезде тіршілігін тілшілікке байлаған редакциядағы журналистердің еңбек жолы өмірдің ағысымен ақырын ғана өтіп жатыр. Бір қарағанда, басылым кейбіреулер үшін бұйығы жатқандай көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Қара шаңырақтағы қарбалас жұмыс пен қым-қуыт тірлік тек қана осындағы тілшілерге ғана аян. Аптасына екі мәрте шығып, оқырман қолына уақтылы тиіп жатқан газеттің артында қаншама адамның еңбегі, қаншама адамның қолтаңбасы жатқанын біреуі білсе, біреу білмес. Мақалаға арқау болатын мәлімет іздеу, дәлел-дәйекті жинастыру, оның анық-қанығына көз жеткізу, көптеген жиындарға барып, түсінгеніңнен ой түю, толассыз келіп жатқан оқырман хаттарын қорыту, содан кейін ғана барып жазу үстеліне отыру бір бөлек те, осының барлығын оқырманға түсінікті тілде жеткізе білу бір басқа. Міне, бұл – редакция қазанында қайнап жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Тілшінің төңірегіндегі осындай еңбектің дүбірін қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп бір ғана сөзбен сипаттаған.
Иә, аудандық газеттің қазанында әлі қанша жыл қайнайтынымызды кесіп айту қиын. Әлі әзірге оқырманның көңілінен шығуға тырысып, тұщымды ойымызбен, қажетті ақпаратпен бөлісіп, түрлі тақырыптағы мақалаларды жазуды жалғастыра беретін боламыз. «Шу өңірі»–«Шуская долина» газеттері өткен жылдың басынан бастап заман ағымына сай түрленіп, заманауи D2 форматына көшті. Газетті түрлендіру мен оны уақыт бедеріне қарай мазмұнды ете түсу жолындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек. Қалам басын қысқартпас бұрын ауданымыздың бас басылымында еңбек етіп жүрген әріптестерімізді, ғұмырын осы салаға арнаған ардагерлерімізді тоқсан жылдық мерейлі белеспен шын жүректен құттықтаймыз!
Оқырманның сенімінен шығып жүрген газеттің серпін танытар сәті әлі де алда деп ойлаймыз әрі ақпарат айдынындағы қадамы айшықты боларына сеніміміз мол. Тоқсан жылдық торқалы той құтты да берекелі болсын!

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
бас редактор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.